«Аманат» «Аманаттың» көзін шұқымайды

Мәжілістің VIII шақырылымы өткен айдың соңғы күні үшінші сессиясын аяқтағаннан кейін депутаттар жан-жаққа, ауыл-ауылға тарап кеткен.
Жазғы каникулға бармас бұрын қалыптасқан әдет бойынша он шақты күн өздері сайланған өңірлерге барып, жағдайымен танысып қайтатыны бар. Ауыл-аймақты аралап, белсенділігін байқатып қалуға тырысқан кейіппен әлеуметтік желіге топырлатып фото-видео салып жатқаны. Сол жоралғымен депутат Нартай Аралбайұлы Батыс Қазақстан облысындағы сапарын желіге жүктеумен болды. Әсіресе облыстық маңызы бар Чапаев – Жаңақала – Сайқын жолының бітпей жатқанына әбден налыған екен. Тек, мәселені көтерген соң бүгіп қалмай, түгел айтуы керек еді...
Нартай мердігерді неге айтпайды?
Депутаттың сөзіне салсақ, жолдың ақшасын алған мердігер жолды жолортада тастап кеткен. Жолдың жыры жұртты әбден жабықтырған. Ақжайық пен Жаңақаланың арасындағы тасжол шұрық-тесік. Кей тұстарда тасжолды тастап, жиекпен жүруге тура келеді.
Ақша бөлінбеді емес, бөлінген. Бірақ Ақжайық пен Жаңақаланың арасындағы жолдың ең нашар 40 шақырымын жөндеуге шамамен 2,9 млрд теңге қарастырылған. 2024 жылы аталған қаражаттың 478 млн теңгесі сол жұмыс тапсырылған мердігер компанияның қолына ұстатылған. Биыл тағы 500 млн теңгесін және аударған.
«Бірақ төселген трасса жоқ. Жұрт та, аудан басшылығы да сан соғып отыр. Тапсырыс беруші БҚО Жол құрылысы басқармасы. Мәселені дереу шешпесе ағайынның ашуы кемеріне келіп тұр. Бюджеттің ақшасы біреудің бұйымы емес, халықтың қазынасы», – дейді мәжіліс депутаты.
Бірақ жергілікті белсенді, БҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжан Нартай Аралбайұлының өз жазбасына қоспай кеткен мына деректерге назар аудартады. Мәселен, мердігердің «Ануш Құрылыс» ЖШС екенін жазбаған. Ал ол фирманың басшысы – БҚО мәслихатының депутаты Оганнес Минасян. Ол жағын шынымен білмеді ме, әлде қасында жүрген аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев айтпады ма, әйтеуір бас жаққа барыспапты. Бірақ қанша теңге бөлінгенін тиынына дейін тәптіштеп тұрып жазып жатқанда бас мердігердің кім екенін білмей қалуы ақылға сыймайды.
Есесіне, мәжіліс депутатының тілі жетпегенді Жаңақала аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Руслан Оразалиев нақтылап берді. Қоғам белсендісінің сөзінше, жолдың салынбау себебі – техника жоқ. Ал Оганнес Минасян депутат болып та, мердігер кейпінде де Жаңақалаға бір бас сұқпаған. Басқарма арқылы шақыртса да келмейтінін айтқан.
Мемлекеттік тендерге кенедей жабысқан кәсіпкер
Осыған байланысты Бауыржан Ахметжан goszakup.gov.kz порталындағы мына мәліметтерді тізіп берді. Былтыр 4 наурызда БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Ануш Құрылыс» ЖШС арасында №37-шарт жасалған. Сол шарт бойынша «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» аралығындағы 0–104 шақырым (таңдалмалы 40 шақырым) облыстық жолды орташа жөндеу керек болады. Жоба құны 2,9 млрд теңге. Келісімшарт бойынша жолды 9 ай ішінде жөндеп біту керек болады. Сонысы үшін былтыр 19 наурызда алдын ала 478 млн теңгесі төленеді. Алайда сол қаражатқа былтыр небәрі 2 шақырым ғана асфальт төселген.
Осыдан соң биыл 20 қаңтарда басқарма басшысы Марат Қуанышәлиев мердігер Оганнес Минасянмен қосымша шарт жасасады. Жаңа шарт бойынша алдыңғы келісімнің мәні де, құны да сол қалпынша қалып, тек мерзімі 2026 жылдың соңына дейін өзгереді. Қоғам белсенділерінің айтуынша, содан бері тым-тырыс, мердігер өз міндетін орындамай жатыр. Осыған байланысты аудан жұртының сәлемін жеткізген Руслан Оразалиевке Марат Қуанышәлиев «Ануш Құрылыс» жұмысты 26 маусымда бастайтынын айтып, уәде береді. Алайда «Жас Алаш» өңірдегі тағы бір белсенді Бауыржан Зәкиге арнайы хабарласып, нақтылады – дәл қазір ол жолда техника да, жұмысшы да жоқ.
Осы құрылысты қадағалаушы болып бекітілген «ҚостанайСпецСтрой» ЖШС атқаратын қызметі үшін 66,3 млн теңге келісімшартқа отырып, бүгінде соның 10,5 миллионын қалтасына басса да құрылыс басында бұлар да төбе көрсетпей қойған.
Сөйтсе, жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда арыда екен. «Ануш Құрылыс» компаниясы биылдың өзінде мемлекеттік сатып алу порталындағы мәлімет бойынша жалпы құны шамамен 8,3 млрд болатын 11 шартқа отырған. Оның ішінде бір ғана Орал қаласының өзінен алған мемлекеттік тапсырыстары 4,2 млрд теңгеден асып түседі. Сол шарттар бойынша бес жерде орналасқан 20-дан астам жол бөліктеріне үлгеріп жұмыс істеуі керек. Жаңақаладағы жағдайына қарап отырып, Оганнес Минасянның әлі талай былығы ашылатын сияқты. Тіпті ашылып бастаған да. Депутат-кәсіпкердің компаниясы жаңбырлы күні асфальт төсеп жатқанын көрген Орал тұрғындары көріп қалып, онысын жергілікті «Уральская Неделя» басылымына айтып берген. Артынан қала әкімдігі ақталған болып, оның шын мәнінде төселмей, керісінше, жерге төгіп, қайтадан тиеп алып, сыртқа әкеткенін мәлімдепті.
Бір басына мемлекеттің осынша қаражатын үйіп-төгіп алып, жұмысын орындай алмай отырған компания басшысын мәжіліс депутатының неге ұмыта қалатынына тағы бір себеп, депутаттық мандаттарына келіп тірелетін сияқты. Оганнес Минасян 2023 жылы Amanat-тың партиялық тізімі бойынша БҚО мәслихаты депутаты атанған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Президент саясатын қолдау орталығы» РҚБ сайтында Оганнес мырза өзі туралы «2018 жылдан бері Amanat партиясының мүшесімін. 2023 жылғы 30 наурызда билік құрылымдарында халықтың мүддесін білдіру, Конституция мен заңдарда бекітілген құқықтарды қорғау мақсатында мемлекеттік билік органына депутат болып сайландым» деп жазады.
Ел алдындағы міндетін орындай алмай жатып, Amanat-қа адалдығын мәлімдеген кәсіпкерге осылай ешкімнің сөзі өтпей тұр. Астанадан арнайылап келген мәжіліс депуататы да айтар жерінде былығы көп кәсіпкердің аты-жөнін жасыра қалған. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген осы болса керек.
Бекбол Амангелді