«Аманат» қатты қауіптенбейді, «Ақ жол» аздап алаңдайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 18-19 мамыр күндері Қытайға іс-сапармен барады. Осы сапарда екі елдің басшылары Қазақстан мен Қытай азаматтарына 30 күнге дейін виза беру туралы келісімге қол қоюы мүмкін.
Ал еліміздің азаматтары Қытаймен араға визасыз режим енгізуге алаңдап, өз наразылықтарын білдіріп жатыр. Жұртты әрі-сәрі күйге түсірген мәселеге байланысты мәжіліс депутаттары не дейді?
AMANAT партиясының атынан мәжіліс депутаты болған Тілектес Адамбеков өзі 8 жыл Қытайда білім алғанын айтады. Сондықтан ол көрші елден күдіктене бермей, жақын экономикалық байланыс орнатқан маңызды деп санайды.
«Біріншіден, виза 30 күнге беріліп, одан кейін ол азаматтар міндетті түрде елден шығарылады немесе еңбек визасын алу керек. Бірақ жұмыс визасын алу қиын болады. Заңды бұзатын болса, ол міндетті түрде елден шығарылуы керек. Екіншіден, қытайға виза беру экономикамызға септігін тигізеді. Мен өзім 8 жыл Қытай халық республикасында оқып, сонда өмір сүрдім. Өкінішке қарай, коронавирустан кейін шекараларымыз жабылды. Қазір біздің ең жақын Ресей мен Қытай секілді көршіміз бар. Қытай бізбен тығыз байланыста болғаннан кейін сауда-саттық бойынша жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан қытайдың келіп-кетуі біздің экономикамыздың дамуына үлкен әсерін тигізеді.
Ал енді Қытайдың экспансиялық саясатына келетін болсақ, қазақта «Көршіні құдай береді» деген сөз бар. Жақын көршімізбен шекараны жауып тастасуға да болмайды. Бұл тіпті мүмкін де емес. Сондай-ақ есігімізді айқара ашып тастауға тағы болмайды. Ашығын айтсам, 30 күндік виза беру туризм мен экономикалық байланысты одан сайын дамыта түседі.
Ал енді қауіпсіздік жағына келетін болсақ, күрделі ештеңе көріп тұрған жоқпын. 8 жыл Қытайда оқығаннан кейін аталған халықтың тілі мен мәдениетін жақсы білемін. Мысалы, біз олардан кредит алатын болсақ, қауіпсіздік саламызда үлкен сұрақтар болуы мүмкін. Әйтсе де, қытайлар келіп, бізбен сауда жүргізетін болса, онда тұрған ешқандай қауіп жоқ», – дейді ол.
«Барлық жерден қауіп күтуге болады»
Әріптесінің пікірін мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Алматы қаласынан сайланған Бақытжан Базарбек те қолдайды. Алайда ол құжатты көрмей, нақты пікір білдірмейтінін бірнеше рет ескертті. Біздің «Қытайға виза беру дұрыс па» деген сауалымыздан кейін өз пікірін ортаға салды.
«Түсінесіз бе, бұл менің мәселем емес қой. Мен жер саласы бойынша заңгермін. Осы уақытқа дейін қытай мәселесін ерекше көтерген азаматпын. Жер кодексінің 24-бабының 3-тармағына «Шетелдіктерге, шетелдік азаматтарға және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығындағы жер жекеменшікке берілмейді» деп шегелеп жазып қойдық. Ал енді қытай азаматтарына виза беруге арналған құжат қолымызға келіп түскен жоқ. Мен заңгер болған соң құжат қолыма түспей ештеңе айта алмаймын.
Әрине, әр нәрсенің өз қаупі бар. Ресей, Иран немесе Еуропаның азаматтары берілген визасыз режимнен де қауіп-қатер күтуге болады. Қытай азаматтарынан ғана емес, барлық жерден қауіп күтуге болады. Мәселе қандай шарттармен виза беріп отыр дегенге келіп тірелсе керек. Сол шарттарды зерттеу керек», – деді депутат.
Бақытжан Базарбектің сырғытпа жауабынан кейін депутатқа «Иран мен Ресейдің халқы 100 миллионның ар жақ, бер жағында. Ал қоғамда «Миллиардтан астам қытайдың 1-2 немесе 5 пайызы келсе, бізді басып алады» деген қоғамда алаңдаушылық бар. Халықтың алаңдауы негізді ме, негізсіз бе» деген сұрақ қойдық.
«Халықтың алаңдауы негізді. Себебі біз қоғамда не болып жатқанын жақсы білеміз. Мысалы, шет елдің азаматы келеді де біздің азаматпен некеге тұрмай-ақ, тек азаматтық некеге тұрады. Ол «Біз екеуміз азаматтық некеде тұрамыз. Барлық жағдайыңды жасап беремін. Үй мен көлігіңді алып беремін» дейді. Кеше ғана бақырда отырған қыз-келіншектер әп-сәтте байып шығады. Мұның өтемі ретінде шет елдік азамат әйелдің атына жер рәсімдеуі мүмкін. Яғни заңның нормаларын айналып өтетіндер шығады. Міне, қауіп-қатер сол жақтан шығуы мүмкін.
Сондай-ақ біз «Елге деген сүйіспеншілік әр адамның жүрегінде болуы керек» деп айтамыз. Ал әр адамның жүрегінде елге деген сүйіспеншілік бар ма? Қоғамда кейбір азаматтарымыз өздерінің атынан бөтен біреудің жерлерін рәсімдейді», – деп жауап берді.
«Визалық режимді қолдайсыз ба, жоқ па?» деген нақтылау сұраққа депутат тағы да «Құжатты көрмей, ештеңе айта алмаймын» деп жауап берді.
«Қытайға сенімсіздікпен қараймыз»
AMANAT партиясының депутаттары үкіметтің шешіміне қарсы шыға алмай отырған соң өздерін оппозициялық партия санайтын «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің пікірін білуге тырыстық. Мәжіліс депутаты да билік партиясының өкілі секілді, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға тырысты.
– Қытай азаматтарына 30 күн виза беру қауіпті емес пе? Бұған байланысты сіз қандай пікірдесіз?
– Құқықтық тұрғыдан алғанда бір мемлекетке рұқсат берген дүниені екінші бір мемлекетке тыйым сала алмаймыз. Мысалы, біз заң қабылдағанда «Бұл заң мына компанияға немесе мемлекетке байланысты» деп жазбаймыз, бұл дұрыс емес. Ол дискриминация болады. Сондықтан заңдар тең болу керек. Виза бойынша Қазақстан бірнеше мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста болған және экономикалық байланысы бар мемлекеттермен визасыз режим енгізсе, әсіресе ол бизнеске байланысты бола тұра өзге мемлекетпен виза енгізбесек болмайды. Ал Қытай туралы айтатын болсақ, ол жақтан келетін адамдарға кішкене сенімсіздікпен қараймыз.
Біріншіден, олардың елге келіп кеткені дұрыс па және олар біздің заңымыз талаптарын орындай ма деген сұрақ бар. Сондай-ақ олар Қазақстанда қалғысы келе ме, жоқ па және жерімізді тартып алғысы келе ме, жоқ па деген алаңдаушылық бар. Біз әрине өзіміздің пікірімізді ресми түрде ашық білдіріп отырмыз. Сыртқы істер министрлігінің жауабы бойынша бұл шара туризм және бизнеске байланысты екенін біліп отырмыз. Көрейік. Қазіргі кезде Сыртқы істер министрлігі осындай шешім қабылдағаннан кейін оның арты не болатынын байқап көрейік. Аталған министрлік «Біздің жерімізге ешқандай қауіп болмайды» деп отыр. Іс жүзінде қалай болатынын көрейік.
– «Ақ жол» партиясы – «Алаштың ізбасары» деп жарияладыңыздар ғой. Жүсіпбек Аймауытұлы «Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек» деген екен. Алаш арысының бұл сөзі қисынды ма?
– Біз Қытай болсын, Ресей немесе ислам мемлекеттері болсын кез келген көршімен сауда-экономикалық саясатта өзіміздің ұлттық мүддемізді ұстауымыз керек.
– Әділ сайлау болып, халық президент пен парламентті өзі сайлап алатын болса, билік лигитимді болады, яғни биліктің сөзіне халық сенеді. Ал қазір бұл шарт тиімді болған күннің өзінде виза мәселесіне халық сенбей отыр. Халықтың биліктің шешіміне сенбей отырғанына қарап, билік легитимді емес пе деген күмән туады. Мұны қалай түсінуге болады? Халық неге сенбейді сіздерге?
– Сіз бұл мәселені басқаша бұрмалап отырсыз ғой. Халық атынан парламент пен президент сөйлейді. Сіз халық емессіз және жеке адам халық атынан сөйлей алмайды. Мен де қазір сізбенен өз атымнан сөйлесіп отырмын.
– Мен сізге халықтың сұрағын жеткізіп отырмын...
– Тағы айтамын, халық атынан парламент немесе президент сөйлейді. Конституциямызды жақсылап оқу керек. Егер біз құқықтық мемлекет құрамыз десек...
– Мен сізге әлеуметтік желідегі халықтың сұрағын жеткізіп отырмын…
– Менің бұл мәселеге келгенде алаңдаушылығым бар. Бізде бұл мәселеге күмәнімізді жасырмай жүрміз.
– Ашық қарсы шығуға не кедергі?
– (Еріксіз күліп жіберді – С.Ж.) Мәселе ашық қарсы шыққанда емес. Бұл мәселе жөнінде жауапты мемлекеттік органдар бар. Ол Сыртқы істер министрлігі. Олардың өз аргументтері бар. Біз бұл министрлікке сенім білдіргеннен кейін бұл министрлердің құқықтарына кедергі келтірмеуіміз керек. Бірақ сонда да болса практикалық тұрғыда қадағалауымыз керек.
– Күрделі мәселе болған кезде депутаттар халықтың сөзін емес, биліктің сөзін сөйлейді. Сіздер халық қарсы болған дүниеге үндемей, үкіметтің сөзін неге сөйлеп шығасыздар?
– Халық атынан мен сөйлеймін, сіз емес.
– Қазір сөйлемесеңіз қай кезде сөйлейсіз?
– ...
P.S. Ұзын сөздің қысқасы, депутаттар үкімет ұсынған визасыз режимге қарсы пікір білдіре алмай отыр. Ал халық қытайға виза беруге қарсы екенін аңғартып, өз наразылығын білдіруде. Біздің депутаттар үкіметтің емес, қараша халықтың сөзін қашан сөйлейді екен деп ойлап, парламент ғимаратынан шығып бара жаттық...