Аманатқа адал министр

немесе Беркімбаеваға бас иіңдер, ұстаздар!...
Оңтүстік астананың халқы қазақтың біртуар қызы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы білім және ғылым министрі Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаеваны соңғы сапарға шығарып салды.
Ғалымдар үйіндегі азаматтық аза тұту рәсімінде президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, парламент спикерлері мен үкімет басшысының, т.б. зиялы қауым өкілдерінің көңіл айтқан жеделхаттары оқылды. Сонымен қатар, марқұмды жақсы білетін және қызметтес болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері жүрекжарды сөздерін айтты. Осы орайда, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Шәмшә Көпбайқызының көпшілік біле бермейтін тағы бір қайраткерлік қыры туралы айтқан сөзін қаралы рәсімге жиналған қауым өте ризашылықпен қабылдады. Енді нақтылы оқиғаға тоқталайық.
Бірде Алматыға іссапармен келген Асхат Аймағамбетов Шәмшә Көпбайқызымен қоғамдық жиналыста кездесіп қалады. Жиналыс біткен кезде Шәмшә Көпбайқызы Асхат Аймағамбетовтың қолынан ұстап:
– Асықпасаң, саған айтар бір аманатым бар еді, – депті. Содан екеуі оңаша отырып сөйлеседі. Сол кезде:
— Мен министр қызметінде жүрген кезде аяқтай алмай кеткен бір жұмысым бар еді. Соны саған аманаттайын деп отырмын. Шамаң келсе, осы істі аяғына дейін жеткізші, – деп, қолындағы папкасының ішінен «Педагог мәртебесі туралы» заңның жобасын қолына ұстатыпты. Аталмыш заңның жобасын аманаттап алған Асхат Аймағамбетов оны дереу министрліктің атынан үкіметке ұсынады. Содан кейін ол заң ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен парламенттің тарапынан да үлкен қолдау табады.
Міне, осы уақытқа дейін көпшілік «Педагог мәртебесі туралы» заңның шығу тарихын бұрынғы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен қазіргі министр Асхат Аймағамбетовтың атымен байланыстырып жүрген болатын. Сөйтсек, ақиқаты мүлде олай емес екен. Осы орайда, Асхат Аймағамбетов мырза аманатқа қиянат жасамай, өзінің ұлтжандылығын және ар алдындағы азаматтық бейнесінің биік екенін тағы бір рет дәлелдеді. Басқалар сияқты біреудің еңбегін өзінің беделіне пайдаланатындай, пендешілікке барған жоқ. Аманат жүгін адал арқалап, аяғына дейін жеткізу – Асхат Аймағамбетов сияқты азаматтарға ғана тән қасиет болса керек.
Иә, осы оқиға арқылы Шәмшә Көпбайқызы өзінің нағыз қайраткер және ұлтжанды тұлға екенін тағы бір байқатып отыр. Себебі ол білім және ғылым министрі қызметінен 2003 жылдың күзінде кеткен болатын. Содан кейін билік басында жүрмесе де, болашақ ұрпақтың қамын ойлап, қарекет етуден бір сәт дамыл таппағанын байқаймыз. Міне, ұлттық рух пен ұлтжандылықтың нағыз феномені осындай болса керек. Осы орайда, «Педагог мәртебесі туралы» заң педагогика саласында жасалған үлкен бетбұрыстың және жасампаз реформаның бастауы болғаны шындық. Себебі бұл заң біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейтті және өзіне тән емес жұмыстан босатты, жүктемесін азайтты. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейтті. Үшіншіден, материалды емес стимул тетіктерін көбейтті. Төртіншіден, материалдық ынталандыру шараларын жақсартты. Сонымен қатар, мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы (сыйақысы 1 мың АЕК) дүниеге келді. Бұған қоса, осы заң аясында білім мен ғылым саласындағы көзделген жұмыстарды белгіленген дәрежеде атқару үшін 2024 жылға дейін бюджеттен 5 триллион 3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Міне, бұл дегенің еліміздің білім мен ғылым саласында бұрын болып көрмеген тарихи жетістік.
Бұл, әрине, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшылығының қолдауы мен министр Асхат Аймағамбетовтың білім және ғылым саласына деген жанашырлығының нәтижесі екені сөзсіз. Алайда, заңның бірінші болып негізін салған Шәмшә Көпбайқызының еңбегі ерен. Өйткені бұл заңның жобасы дайын болмаса, дүниеге келуі де екіталай екені ақиқат. Осы еңбегі арқылы ол қазақтың білімі мен ғылымының тарихында тұғыры биік тұлға болып қалатыны еш дау тудырмас. Және де болашақта Шәмшә Көпбайқызының есімін мәңгілікке қалдыру үшін еліміздің талай елді мекендері мен оқу орындарының аты берілетініне еш күмән келтірмеймін. Сондықтан да Шәмшә Көпбайқызының аруағына бас иіп, құрметтеңіздер, қадірменді ұстаздар!