Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:13, 09 Наурыз 2023

АМАНАТҚА аманат

None
None

«Аманат» партиясының республикалық үгіт-насихат кезеңіндегі сайлауалды штабының партия төрағасы Е.

Ж.Қошанов мырза мен «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы

Елнұр Бейсембаев мырзаларға!

Ашық хат

Құрметті Ерлан Жақанұлы мен Елнұр Бейсембаев!

Еліміздің жаңа саяси бетбұрыс алдындағы 19 наурызда кезектен тыс өтетін парламент мәжілісі сайлауына енді партиялық тізімге қоса мажоритарлық жүйемен парламент мәжілісіне бөлінген 98-орын мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына бәсеке мен талас қызу болатындығы өздеріңізге жақсы мәлім.

Олай деуіме өткен жолы «Қазақстан» телеарнасында 1 наурыз күні тікелей эфирде «Ашық алаңдағы» жеті партия арасындағы сайлауалды пікір сайысын мұқият қарап, тыңдап отырдым.

Мұндайда қадірлі Қадір Мырза-Әлі айтқандай: «Сөз – жүйесін тапса, иесін де табады» демекші, диванда жатып алып, пендешілікпен бұл саяси додаға «Қойшы көп болса, қой арам өледі!» деп қарамай, мұнда бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, тіршілігіміздің басты тірегі әділетті Қазақстан құруымыз бен халықтың қамы емес пе?!

Бұл саяси додадағы маған ұнағаны – ашық пікірлері мен шындықты еш бұрмалаусыз, спикерлер бір-біріне сұрақ-жауап арқылы ойларын ашық жеткізулері. Мұндағы ерекше атап өтерлігі кешегі «қаралы қаңтардан» кейін түбегейлі аты да, заты да өзгеріп отырған билік партиясы «Аманат» атынан жаңа адамдардың келуімен бүгіндергі «Аманат» партия атқарушы хатшысы Елнұр Бейсембаев мырза болды. Ол партияның сайлауалды бағдарламасын таныстыра батыл қорғай отырып, онда отыз жыл бойы қалыптасқан ескі жүйенің жойылғанын айтты. Президенттің бастама тапсырмасымен енді еліміздегі ескірген білім шаңырақтары жаңартылып, үкімет қабылдап отырған «жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша ауыл қала мектептеріне біріңғай форматта мектептер салынуымен қатар мектеп спортинфрақұрылымдарының заман талаптарына сай жаңғыртулары басталып та кеткенін айтты.

Сонымен қатар қазіргі партияның қолға алып атқарып отырған ауқымды істерінің бірі – Қазақстанның бар байлығын қолына ұстап отырған 162 олигархтың анықталып, олардың қолына шоғырланған есепсіз байлығы мен шексіз биліктеріне тосқауыл қойылып, олардың сыбайлас жемқорлықпен басып отырған қаржылары әшекерленіп, кері қайтарылған қаржылардың негізі мектептер салынуына жұмсалатынын атап өтті.

Десе де ендігі жерде еліміздегі орын алып отырған саяси реформалар жүзеге асып, Конституциямыз бойынша азаматтардың жоғарғы құқықтары қорғалып, адамгершілік әділеттілік қағидасымен өмір сүруіне кепілдік берер енді президенттен де жоғары тұрар Конституциялық сот өз жұмысын бастады.

Сондай-ақ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқандай: енді бұдан былай жаңа Қазақстан Президенті сайлауына бір реттік бір мерзімге ғана түсе алатынын белгілеп берді. Сонымен қатар Конституцияға заңмен бекіткен өзекті мәселенің бірі – «Жер мен оның қойнауы ұлттың байлығы. Жерді жеке мақсатына пайдалану мен таратуды ешкім оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешуге жол берілмейтіні туралы пәрменді заң өз күшіне енді.

Дегенмен қазақта «Жыланды жеті рет кессең де кесірткідей күші бар» демекші, жоғарғы мемлекет басында отырғандар тәбеттерін тартқандарымен, төменгі жергілікті шенеуніктер әлі де сол жоғарғы жаққа өтірік есеп берулерін қоймай, алдарына кірсең сыдыртпа жауап беріп, «мақұл, қарастырып жатырмыз» деумен есігінен шығарып салады.

Осылай деуіме менің жайлы мектеп салу жайында қоғам белсендісі әрі ардагер еңбек мүгедегі-спортшы ұстаз ретінде өзім ұзақ жылдар еңбек етіп отырған Жетісу облысы Жаркент қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектеп сонау Кеңес кезінде 1972 жылы 600 оқушыға арнап салынған болатын. Бүгінгі таңда бұл ескі типтегі мектепте аудан бойынша бірден-бір оқушы саны ең көп, оның үстіне үш (қазақ, орыс, ұйғыр) тілінде араласып оқитын оқушы балалар саны күннен күнге артып, 2000-ға жуықтаған оқушылар мектептің тарлығынан қысылып-қымтырылып екі ауысымнан асып, үш ауысыммен оқуда. Қаланың осы оңтүстік батыс бөлігінен басқа жаңа мектеп саларлық мүлдем бос жатқан жер жоқ!

Осы жайды болашақта ескере отырып, мектеп түбінен 2009 жылы сол кездегі аудан әкімі Ермек Келемсейт мырзаның шешімімен қоршаған ортаға зиянды қалдықтарын бөлінуіне байланысты Жаркент крахмал-сірне зауыты басқа жаққа көшірілген болатын. Содан бері мектеп түбіндегі 2,4 га кәсіпорын орны бос жатыр. Ал мектеп жанынан көшкен кәсіпорын бекер емес, бұрынғы банкротқа ұшырған дайын тұрған жүгері зауытының 70 га аумақ жеріне көшіп барып, кәсібін әрі қарай жалғастырып отыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам: «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш қалам деп ойламайды» дегендей осы мектеп түбінен көшіп кетіп, босаған кәсіпорын орынға бар талапқа сай келетін мектеп стадионы мен жапсарлай жаңа мектеп салынса деген сұрауыма одан бері ауыса беретін аудан әкімдері мен тіпті облыс әкімдері де немқұрайдылықпен қарап, бір-біріне сілтеп, одан қалды жер бөліміне сілтеп, ал жер қатынасы бөлімінде отырған шенеунік қызметкерлер «мектеп жанынан көшіп кеткен кәсіпорынның заңды жекеменшік иесі бар» деумен мемлекеттік актілерін көрсетумен әлек.

Шынтуайтына келгенде бұл жердегі бар гәп: «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарсам» деп жүрген мектеп түбінен көшіп кеткен кәсіпорынның иесі Закиржан Кузиев мырзада болып отыр.

Тағы да сол жазар қаламының құдіретті күші бар Қадір Мырза-Әлі айтқан бір сөзіне сүйенсек: «Өзге тілде сөйлеген қауіпті емес, өзге тілде ойлайтындар қауіпті!» дегендей сөз қылып отырған З.Кузиев мырза болса бүгіндері мансабы жоғарылап, Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы арқылы былтыр жазда парламент мәжілісі депутаты атанып еді. Енді, міне, мәжіліс таратылып, КХА квотасы сенатқа өткен соң еш саспастан, ол биылғы қаңтар айында бес жылдық мерзімге оп-оңай сенатор болып тағайындалып отыр. Бұл жерде сенатор З.Кузиевпен мен бақталаса алатын ақшам да жоқ. Бірақ кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ақшалы кәсіпкер бүгіншіл, ал менікі ұлт санасын оятар ертең үшін» дегендей, бүгіндері З.Кузиев өзі ірі кәсіпкер, меценат жеке иелігінде дәлелденіп отырған 500 га жері бар З.Кузиевтей сенаторға менің қояр сауалым басқа да емес, ұрпақ үшін мектеп түбіндегі 2,4 га жерін мектеп салуға қия алар ма? Тіпті бұл сауалды биылғы 25 қаңтарда ҚР Парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаевқа электронды ашық хат түрінде жолдағам: бірақ жеке және заңды тұлғалар өтінішін қарау мерзімі өтіп барады, әлі жауап жоқ? Әлі де жауап қатар деген сенім үміт бар...

Ал енді осы ашық хат басына оралып, алдағы Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауалды бағдарламаларын ұсынып отырған:

Қадірменді Ерлан Жақанұлы мен Елнұр Бейсембаев мырзалар!

Алдағы парламент мәжілісі сайлауында «Аманат» партиясының басымдылығымен өтетіндігіне сенімдімін. Осы жаңадан сайланған депутаттарымыз парламент және құрамы жаңарған еститін үкімет пен әділетті жаңа Қазақстан құруымыздағы осы менің жанайқай өтінішім менің жеке басымның шаруа мәселесі емес, келешек өскелең жас ұрпақ қамы үшін жүрген өтінішіме өз уақытымен жауап берулеріңізді өтіне сұраймын!

Осы ашық хатыма жоғарыда сөз қылған Жамбыл атындағы орта мектебі мен жанынан көшіп кеткен кәсіпорынның жалпы орналасу архитектуралық сызба жобасын тіркей отырып, ащы шындықты еш бұрмалаусыз оқырманына жеткізер «Жас Алаш» газетіме жолдап отырмын.

1

Тегтер: