Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:37, 03 Наурыз 2022

«Аманатқа» қиянат жасамайық!

None
None

«Сасқан үйрек артпен жүзеді», деуші еді. Халықтың сеніменен шыққан,  үмітін ақтамаған, қадірі әбден кеткен билік партиясы «Нұр Отан» бір күнде  атын өзгертіп тынды.

«Нұр» деген тәп-тәуір жылы сөздің сиқын қашырып,  еді енді, «Аманат» деген киелі сөздің қадірін кетірмесе игі. Аманат, бұл не  қылған аманат? Кімнің аманаты? Әлде ескі жүйенің «бізді әрі жалғастыр,  сабақтастыр», деген аманаты ма? Түсініксіз. Партия кезектен тыс съезінде 7  бағытты алдына мақсат етіп қойыпты. Өкініштісі, мұндай бағыттар «Нұр  Отанда»-да кө-ө-өп болған. Қайсысы орындалды? Қанша жыл «Айдағаны бес  ешкі, ысқырығы жер жарадыны» қылды. «Жазған құлда шаршау жоқ»  дегендей, халық отыз жыл бойы жылт еткен жаңалықты, үлкен бір  өзгерістерді, тұрмыстың түзелгенін күтті? Бірақ үміт ақталмады. Билік  партиясы мемлекетті, елді дамытудың тетігі болуы тиіс еді. Бола алмады.  Демек, қазір де үлкен өзгерістер, жаңа леп әкеледі деу қиындау. «Баяғы жартас – сол жартас», болып қала береді деген күдік басым.

«Жаңа Қазақстан» боламыз дейміз. Не өзгерттік? Кешегі қаңтар дүрбелеңі  тұсында Үкімет ауысты. Бірақ министрлердің барлығы дерлік орындарын сақтап қалды. Бірен-сараны ғана жылы орнын босатты, алайда жылы-жұмсағы мол басқа бір жерге барып қонжиды. «Нұр Отанның» аты өзгерді, заты қалды. Тіпті, «Қазақстан халқына» деген қорға бай-бағландар көшеде алақан жайып жүрген сығанға садақа бергендей, азын-аулақ тиын-тебен тастады. Бар жоғы 100 миллиард теңгенің үстінде. Көп қаржы емес. Көлге тамған тамшыдай ғана дүние. Доллардың шарықтап кеткені – бағамы мынау. Қысқасы, өзгерген, жаңарған ештеңе жоқ. Сол ескі жүйе, сол баяғы ұрандар. Айтпақшы, қайсы бір жылдары «Барыс боламыз» деп жанталастық, ондай тектілікке жете алмадық. Арман болып қалды. Қазір Барыстың бер жағындағы мияубаймыз, мияулап әлі жүрміз… «Жаңа Қазақстан» деп ұрандап қоямыз...

Тегтер: