Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:32, 03 Мамыр 2023

«Аманаттық» Башинскаяның ресейшіл көзқарасы

None
None

Өткен аптада Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Аманаттың» өкілі Анна Башинская Украина президентінің мәлімдемесіне пікір білдіремін деп қоғамның наразылығын тудырып алды.

Ол Зеленскийдің «Қырымды қайтарып алу» туралы мәлімдемесіне «Зеленский мырза, одан да Түркияға шабуыл жасаңыз. Ол жақта жыл бойы ауа райы жылы болады» деп, Deutsche Welle басылымының Facebook-парақшасындағы посттың астына мысқылмен «ақыл» айтыпты. Пікірін ешкім оқымайды, жауапсыз қалады деп ойласа керек. Бірақ азаматтық ұстанымынан гөрі, ресейшіл көзқарасын анық аңғартқан әйелдің жазбасы әлеуметтік желіде кәдімгідей дүмпу тудырды. Олай болатын да жөні бар. Өйткені, Башинская көшедегі көк езу көптің бірі емес, ол «Аманат» атынан сайланған Алматы қалалық мәслихаттың депутаты. Осындай лауазымын ескерсек, оның сөзінің салмағы мен жауапгершілігі ауыр екені анық.

Аңғармай сөйледім деп артынан кешірім сұрап, ақталғандай болыпты. Онысынан не қайыр? Ең бастысы, ойы мен ниетін аңғартты ғой. Ал «Аманаттың» Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров «Башинскаяның пікірі партияның көзқарасын білдірмейді» деп, алдымен партияны ақтап, содан кейін депутаттың шаруасын жылы жабуға тырысқандай көрінді. Мейлі, қалай ақтаса да, партия құрамында немесе қалалық мәслихатта жүрегі Ресей деп соғатын азаматтардың барынан қазақ қоғамы хабардар болды ғой.

Әлеуметтік желіде атышулы депутаттың артынан әртүрлі әңгіме тарап жатыр қазір. Мәселен, Анна Башинскаяның компаниялары биыл мемлекеттен 6 миллиард 400 миллион теңге тендер алғаны туралы жазылуда. Мемлекеттен миллиардтаған тендер алу екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа екенін ескерсек, билікте Башинскаяның тамырлары, яғни үлкен лоббилар тұруы бек мүмкін. Бұл да ойланатын, анықталатын әңгіме. Депутаттың пікірі көп пікірдің бірі емес дегенді айттық қой. Оның үстіне, Түркия туралы тұрпайы жазба жариялау түбі бір туысқан халықтардың ортасына сына қағу. Депутаттың пікірі – рухани және мәдени, экономикалық ортақ мүдделері бар Қазақстан мен Түркия үшін саяси қателік.  

Әңгіме депутаттың сөзінде де емес, «Аманаттың» құрамында көршінің мүддесін күйттейтін, отаны басқа болса да, өзегі жатқа бұрылған жатбауырлардың жүргенінде болып тұр. Сонда Башинская «Аманатты» қорған көре ме, әлде Ресейге арқа сүйей ме? 

Бет қатталып жатқанда

Анна Башинская өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында қателігін мойындайтынын айтып, кешірім сұрай отырып, депутаттық мандатынан бас тартып, қызметінен кеткенін жариялапты.

Тегтер: