Амангелді Жікенов - Қазақ өнерінің қайраткері

«Ел іші- өнер кеніші» дегендей, есіміне кәрі-жастың түгелі қанық дәстүрлі әнші -Амангелді Жікеновті білмейтіндер кемде-кем.
Күні кешегі Семей төрінде ғана емес, қазақ сахнасында жарқыраған Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов сынды әншілермен қатар көрініп, қазақ домбырасының құдыретін ұқтырған Жікеновтің Жүсіпбек Елебековтен тәлім алғанының өзі – бір дәурен.
Ал, жақында Абай елінiң құрметті азаматы, ән өнерінің жүйрігі Амангелді Жікенов республикалық дейгейдегі «Қазақ өнерінің қайраткері» қоғамдық марапатына ие болды. Бұл марапат шын мәнінде еңбегі ел назарында жүрсе де елеусіз, тасада қалған таланттарға беріледі. Бұл лайықты марапаттың берілуіне әншінің өнердегі ғана емес, өмірдегі сырлас дос-бауыры Кентау Назарбек ұсыныс жасап, себепкер болғандығын атап өткен жөн.
Амангелді Жікенов – ақын, философ, композитор Шәкерім Құдайбердіұлы, ақын, композитор Шәкір Әбенов әндерiнiң шынайы насихатшысы. Шыңғыстау тудырған кесек талант, әнші һәм жазушы Жәнiбек Кәрменовтiң «Жігіттерге өсиет» атты атақты термесінің тұңғыш орындаушысы. Жәнібек Кәрменовпен бірге есейіп, өнер саханасында қатар жүргенінің өзі аңызға бергісіз ақиқат.
Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылында тұрса да дарынымен ерте дараланған әншінің лайықты марапатына өнердегі әріптестері де қуана қол соққанын әлеуметтік желіден аңғаруға болады. Дегенмен, өнердегі кейінгі буында көрініп, өзіндік ерекшелігімен көрінген жерлесіміз, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның да пікірін білгенді жөн көрдік.
— Біз ағамыздың дауысын бала кезден тыңдап өстік. Ел ішінде жүріп қалғандығы болмаса, негізі кесек талант екені рас. Табиғатынан әнге деген адалдығы көрініп тұрады. Арқадағы ән өнері мектебін танытқан Жүсіпбек Елебековтен тәлім алғаны да оның бекер еместігін көрсетіп тұр. Әкем Айымғазының інісі, өзіміз «Кіші әкем» атап кеткен Қадылғазы ағамыздан да Амангелді ағаның әншілік ерекшелігін көп еститінмін. Сөйтіп жүріп ағаның әндерін іздеп жүріп тыңдайтын болдым. Бір сөзбен айтқанда, Амангелді Жікенов – сахна төріне жол бастаушы аға, үлгі тұтатын ұстазым іспетті. Оның әншілік өнерін қашан да болса дәріптеп отыру керек. Соның бір дәлелі әрі лайықтысы осы алған марапаты деп ойлаймын. Ауылда жүрсе де қазағына аты жайылып, туған жері мақтан тұтса соған лайық болғаны деп білемін. Өткен жылға Әміре Қашаубайұлының тойында кездесудің сәті түскенде ағалық ілтипатына бөленіп, бір ауыз бағасына разы болдым. Өз басым Амангелді ағаның «Қазақ өнерінің қайраткері» атанғанына қуаныштымын,-деп ағынан жарылды дәстүрлі ән өнерінің жұлдызы Гүлмира Сарина.