Аманкелді мен Әліби – мәңгі батыр, мәңгі рух

«Дат» газетінің №35 санында (22 қазан 2020 жыл) жарық көрген «Жангелдинді Байтұрсыновқа ауыстырайық» деген 292 адам қол қойған ашық хатқа орай
Бұдан жиырма жыл бұрын бір топ азамат Жангелдин ауданын ақ патшадан «Тарлан» атағын алған Шақшақ Жәнібек есімі немесе «Торғай» атауымен ауыстыру төңірегінде елді біраз шулатқан болатын. Өңірдегі қалың қыпшақ Әлібидің рухын аяқасты етуге жол бермейтінін қадап тұрып ескертті. Алматыдағы белгілі қоғам қайраткері, жазушы Сапабек Әсіпов жерлестерін сабырға шақырып, дәйекті пікірлермен Әлібидің өз ұлты үшін атқарған істеріне талдау жасады. Содан кейін бұл әңгіме саябырсып ұмытылған болатын. Енді, міне, кейбіреулер сол әңгімені тағы да қопсытып, алда келе жатқан Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойын желеу етіп, халықтың берекесін алуға білек сыбанып кірісе бастағандай. Бұған дем берушілердің Қостанай мен Астанада, тіпті Алматыда отырғаны белгілі. Олардың алыстағы тұрмыс-тіршілігімен басы қатып жүрген Ақкөл ауылы азаматтарына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазуына дем беруінің мақсаты, көздегені не? Негізінен, мұндай ұсыныс аудандық мәслихаттан немесе облыстық биліктен, әйтпесе аудан тұрғындарының жалпы жиналысынан, еңбек ұжымдарынан түсіп, жергілікті биліктің нақты келісімімен жоғары билікке жолдануы тиіс. Демек, бұл мәселе жергілікті биліктің күн тәртібінде тұрған жоқ сияқты. Ел президентіне ұсынылған ашық хатқа 292 адам қол қойған. Ал елді мекенде бар болғаны 650-ге жетер-жетпес тұрғын бар. Ашық хат жолдаушылар аудан атын Байтұрсынов деп өзгерту және Ақаңның туған жері Сарытүбек қонысына «Ахмет Байтұрсынов және Алаш партиясы мемориалдық комплексін» және Торғай – Ақкөл – Сарытүбек бағытына қарай 105 шақырымдық тас жол салу қажеттігін және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ескерткіш тұрғызу мәселесін шешу керегін сұрайды.
Сонау құс қанаты талып жететін, қалың құмның арасында жатқан ауыл адамдарының билік құзырындағы мәселелерге бой ұруы таңғалдырады. Меніңше, оларды ең алдымен өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары ойландыруы керек еді. Саясаттан гөрі күнделікті тіршілік маңызды емес пе? Алайда олар осы істерімен қазақтың ардақты екі адамының аруағына қиянат жасап отырғанын сезе ме екен? Жалпы, аудан атын өзгерту дегеніміз қазақтың ұлы тұлғалары Әліби мен Ахметтің рухын аяққа басу, азаттық, бостандық, теңдік идеяларына қастандық жасау, қазақ халқының үстем тапқа, отарлаушылыққа қарсы күресін жас ұрпақ санасынан өшіру, рушылдық пен жершілдіктің ұрығын өткен тарихтан хабары жоқ жастардың бойына себу болып табылады. Әліби де Ахмет сияқты осы өңірдің тумасы, Торғай өзенінің бойындағы Терісбұтақ ауылында дүниеге келген. Оның саналы өмірінің тарихи кезеңдері осы Торғай қаласында өтті. Сонда біреуінің есімін өзгертіп, екіншісінің есімін ұлықтағаннан не пайда, не ұтамыз? Ол үшін ел білетіндей, халық қолдайтындай дәйекті себептер керек. Ол бар ма, әлде жоқ па? Сонда ғана ұсыныс байыпты болмақ.
Сонау өркениеттен тым алыс, тұрғындары аз елді мекенге үлкен мемориалдық кешенді мұражай салудың өзі қаржы және саяси жағынан тиімсіз. Ал Торғай мен Ақкөл–Сарытүбек бағытында тас жол салынса, одан қандай қайтарым болады? Жол үнемі пайдалануда бола ма? Қысы сегіз айға созылатын елді мекенде жол қатынасы қалай болмақ? Этнографиялық туризм тұрақты түрде алыстағы ауылда қалай ұйымдастырылмақ? Сол жердегі тұрғындардың басқа жаққа қоныс аударып кетпесіне кім кепілдік бермек? Қазіргі таңда Жангелдин ауданында 12 251 адам тұрады. Осының өзі көп нәрсені аңғартпай ма? Ашығын айту керек, жалпы, осы өңірдің болашағы бар ма, жоқ па? Кеңестік кездегідей Торғайға аса көңіл аударыла бермейді. Бүгінгі таңда мемлекет экономикалық қайтарымды басты назарда ұстайды. Керісінше, солтүстік аймақтарға қоныстану шаралары басым бағытқа ие болуда. Осы сұрақтар ойландыруы керек еді.
Меніңше, жапандағы жалғыз үйдің кебін кейіп отырған Сарытүбек қонысында үлкен кешенді мұражай салынған жағдайда ұтарынан ұтылар жағы басым болмақ. Ол жерге сәулет өнерінің соңғы үлгісімен Ақанға ескерткіш орнатылса да жарап жатыр. Торғайдың өз басында Ақаң мен Жақаңның әдеби мұражайы бар. Сол жердегі бес мұражайды біріктіріп, жаңадан «Азат елдің тұлғалары» атты үлкен кешенді мемориалдық мұражай салынса, Ақан да, Жақан да, Әліби де, Аманкелді де және басқа да тұлғалардың мерейі үстем болып, ұрпақтарына дән риза болар еді. Мүмкін, бұл кешен облыс орталығы Қостанайдың өзінде тұрғызылғаны дұрыс болар. Өйткені заман қалай болады? Торғай өңірінің халқы азайып, экономикалық жағдайы төмендей берсе, ауданның жабылып қалуы әбден ықтимал. Осы жағын да ойлану керек сияқты. Жалпы, мұражай тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекендерде орын тебеді. Оны үзіліссіз көретін, тамашалайтын тұрғындар болуы шарт. Бүгінгі нарық жағдайы соны талап етеді.
Кезінде Жангелдин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Жақан Қосабаев Торғай қаласында бес мұражай ашты және оны тұрақты түрде қаржымен қамтамасыз ету үшін облыстық бағынысқа қаратты. Қазір сол мұражайлар жұмыс істеп тұр.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мемлекеті Алаш партиясына қатысты жұмсақ саяси көзқарас ұстанды. Соның нәтижесінде Алашорда көсемдерінің есімдері халыққа таныла бастады. Алашордашылар идеясын насихаттаушылар қатары да көбейді. Олар Алашорда қозғалысының таптық мәніне терең үңілмей, біржақты мақтауға бел шеше кірісті. Бір сәтте қазақтың ұлт-азаттық болмыс-бітімі тек алашордашылардың идеясымен өрнектеліп шыға келді. Жоғары оқу орындарында оқыған жастар қазақ қоғамында Алашордадан өзге, бірнеше патриоттық қозғалыстардың болғанын, олардың да ел тағдыры үшін талай қыруар істер атқарғанынан хабарсыз болып шыға келді. Егер өткен тарих кезеңдерін сараласақ, Алашорда қозғалысы қазақтың жалпы ортақ ұлттық қолдауына ие бола алмады. Өйткені қазақтың әр аймағында ұлттық мүддені көздеген, тәуелсіздікті аңсаған, отаршылдықтан босанып, өз алдына елдік мақсат тұтқан әртүрлі саяси топтар да жеткілікті болды. Олардың саяси бағыт-бағдарлары бір-біріне қайшылық туғызды және әлемде, Ресейде болып жатқан толқулар халықтың санасын оятты. Революциялық толқуға дейін қазақ халқы отаршылдыққа қарсы 1916 жылы жаппай ұлт-азаттық көтеріліске шықты. Бұл ең алдымен Жетісу, Түркістан аймақтарында басталды, содан соң басқа жерлерде жалғасты. Қазақ даласы жаппай майдан алаңына айналды. Халық өздері топтасып, өздері білек сыбанып кірісті. Аманкелді Иманов пен Әліби Жангелдин бастаған Торғай қазақтарының көтерілісі ұзақ және зор саяси мәнге ие болды. Кенесарының батырлық рухын бойына сіңірген Аманкелді бостандықтың туын аспандата отырып жауына арыстандай атылды. Оның бір ғана мақсаты халықты қанаушы топтардан, ақ патшадан азат етіп, тәуелсіз ел болу еді. Сол жолда ол жанын да, өмірін де беруге әзір тұрды. Осы халық назарынан қорыққан Қазақ (Алаш) либералды-демократиялық зиялы қауым өкілдері А. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және М. Дулатовтар 1916 жылғы көтеріліске байланысты үндеу тастады. Үндеуде қазақ халқы Ресейдің құзырындағы ел екенін, патшаның кез келген әмірін орындау міндет екенін ұмытпау керектігін және майданда қара жұмысқа бару әрбір қазақ баласының парызы болатынын атап көрсете отырып, ұлт-азаттық қозғалыстың кеңінен етек алуы түбі елімізге ауыр қасірет әкелетіні еске салынды. Ал Ахмет Байтұрсынов: «Казахи должны быть на фронте, наравне с другими нациями, с оружием в руках защищать страну, а привлечение к «черной» работе считаем унизительным», – деп жазды. Бұл үндеу бұқара халықтан тиісті қолдау таппады. Алашорда қайраткерлері Қазақ елінің болашағын біртұтас бөлінбес Ресей құрамында көргісі келді және тәуелсіздікке осы жол арқылы жетуді мақсат етті. Мұның тарихи жағдаяттармен байланысты болғанын көреміз. Оның басты себебін, біріншіден, бұқара халықты өзіне қарсы қою, орыс билігіне бойсұну, буржуазиялық билеу элементтерін ұстануы; екіншіден, саяси көзқарастары бөлек топтарды жазалау; үшіншіден, милиция отрядтарын жасақтап, ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарға қарсы репрессия жүргізу; төртіншіден, атаман А.Дутов және Б.Анненков басқарған казактардың офицерлік корпусымен, эсерлер және меньшевиктермен одақтаса отырып Кеңес өкіметін қолдаған бұқараға қарсы бірігуінен іздеген жөн сияқты.
Мысалы, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов 1918 жылы 30 маусымда жолдаған телеграммадан үзінді:
Алашорда үкіметінің іске кіріскені туралы телеграмма:
Заречная Слободкадан Орынборда Қадырбаевқа, №89. Алынды 17.07.1918.
Орынбор атты казак атаманы Дутов пен қорғаушылар үшін қару-жарақ, ат-тұрман алу, оларды үйрететін инструкторлар табу жайын кеңес. Істің барысын әлсін-әлсін бізге білдіріп тұр.
Бұл туралы Дутовқа телеграмма берілген. А.Байтұрсынов 29 июньде Қостанайға кетті. М.Дутов екі жұма шамасында мұнан шығар. Қазақтан шыққан большевиктерге ешбір рақым қылмаңыз.
Алашорда председателі Ә.Бөкейхан
(«Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы», 4-том, 313-бет)
Аманкелді Иманов пен Әліби Жангелдин екеуі жастайынан бірге өсіп ержетті. Әліби он бір жасында керуеншілерге еріп, Ресейге кетті. Бірнеше жылдан кейін дүниежүзін аралап, елге оралды. Түркияда «Жас түркілер» қоғамына кіріп, пантүркішіл идеяларын таратуға белсене қатысты. Екеуі қатысқан ұлт-азаттық көтеріліс 1917 жылғы Қазан төңкерісіне ұласып, еңбекші бұқараның мүддесін қорғау жолындағы күреске айналды.
1920 жылдардың басында Лениннің тікелей араласуымен Қазақстанда отарсыздандыру, тартып алынған жерлерді қайтару, ұлт өкілдерін басшы қызметтерге тарту, оқуға жеңілдікпен қабылдау, ұлттық жұмысшы табын қалыптастыру, шовинистік іс-әрекеттерді ауыздықтау бағытында тұрақты түрде іс-шаралар жүргізілді. Лениннің шын мәнінде әділетсіздікті түбірінен жоюға, отарланған халықтардың жағдайын жақсартуға тырысқан нақты іс-әрекеттерін ешкім жоққа шығара алмайды. Ленин дүние салған соң, кеңестік билік сталиндік «модельге» ауысып, азат ұлт ретінде дамуға бөгет жасалды. Оның әсіресе қазақ халқы үшін ауыр тигені белгілі.
Алашорда негізгі бағытынан ауытқып, тікелей репрессиялық жолға түскен кезде оның қатарынан «Айқап» журналының бас редакторы Мұхамеджан Сералин шығып, ұлт-азаттыққа жетудің большевиктік бағытын таңдады. Ал Шәкерім Құдайбердіұлы болса былай деп өкініш білдірген екен: «Мен босқа әуре болып жүр екем. Басшылардың елді ел қылатын түрі жоқ. Баяғы күндестік. Баяғы мансапқұмарлық. Өзімшілдік. Баяғы рушылдық, партиядан арылар түрі жоқ. Елді қорғау, адалды жақтау жоқ. Сорлы елге сорлы жауыны сорғалағаннан басқа түк жоқ. Бұлардан үміт, қайыр жоқтығына көзім жетті. Ел оқығандары ғой, елді адал жолға бастайды бұлар деп сеніппін. Қаталасыппын. Партия қуған өңкей қырт. Тыныштық жоқ, тыным жоқ». Ұлы ойшыл Шәкерім Құдайбердіұлы Жаңасемейдегі Абдрахман байдың үйіндегі Алаштың кеңсесіне соңғы рет кіріп, Қарауылға оралып, Шақпақ жотасында салынған қорасында ешкіммен қатыспай, жапан далада соңғы демі біткенше жалғыз өзі өмір сүрді. Тағдыр тәлкегіне сүрінді. Ақырында оның кедей-кепшікті, жесір мен жетімді қорғап, Алашорда билігінің жолын кескен, партиядан қол үзген іс-әрекеттерін есіне сақтаған алашордашылар кеңес билігі ішіндегі өздерінің жансыздары арқылы оны атып, денесін құдыққа тастатқызды.
Халықтың бостандығы, елінің бақыты үшін күрескен Әліби Тоғжанұлы Жангелдин қай қазақты атып, елін әбігерге салды? Оның жағымсыз істерін баян ететін бірде-бір мұрағатты табу қиын. Үзеңгілес серіктесі Кейкі батырдың, Әбдіғапар әмірдің өлімін Әлібиге жамау – аққа күйе жағумен бірдей. Оның басты кінәсі ұлт-азаттық көтерілісті басқарып, адамзаттың теңдігі үшін күреске бет бұрған бұқараның қатарына енуі еді. Ол кезде тәуелсіздік таңы тек азаттықты армандаған қалың бұқараның қолында болатын. Ақ патшаның мүддесін қорғап, кейін еліміз теңдік алады деген бағыттағы алашордашылардың іс-қимылдары бұқара қазақтың, ұлтшыл қазақтардың қарсылығын тудырды. Бір сөзбен айтқанда, халық арасында қолдау таппады. Бұл шындық.
Бүгінгі таңда Ахмет Байтұрсынов қазақ зиялыларының биік тұлғасы ретінде жоғары бағасын алды. Кең-байтақ қазақ жерінде Ахаңның есімі, оған көрсетілген құрмет орасан. Тек Торғай емес, елдің батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік аймақтарында Ахаң атындағы оқу орындары, көшелер мен елді мекендер жеткілікті.
Әр тұлғаның тарихта алатын өз орны бар. Оны уақыт саралайды және баға береді. Дегенмен біздің халыққа Алашорда қайраткерлерінің адасқан жолдары емес, рухани жағынан ерекшеленіп тұратын асыл қазыналары керек. Сол жағынан олардың тарихтағы орны биіктей бермек. Ал бір қазақтың халық болашағы үшін күрескен өзге ұлы тұлғаларын, атап айтқанда Т.Рысқұлов, Т.Бокин, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, А.Иманов, Б.Қаратаев, С.Аспандияров, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Ә.Майкөтов, тағы басқаларды халық санасынан ысырып тастауға ұмтылу, ұлттың бақытын, оның болашағын тек алашордашылар ғана ойлады, солар ғана бүгінгі тәуелсіз елдің идеясына негіз болды деген қысқа, қазақ қоғамына жат көзқарас қалыптастыру ұлттың тұтастығына кері әсерін тигізеді. Кеңес кезінде ұлт үшін қолынан келгенше еңбек сіңірген Ж.Тәшенов, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаевтарды қайда жібермекпіз? Алаш – қазақ деген сөз. Сондықтан бір ұлтты алаш және қазақ деп екіге бөлу, жас ұрпақтың санасына өзге ұғымдарды тықпалау ұлттың тұтастығына зиян тигізбек. Демек, бүгінгі билік ұлттық тарихтың тұжырымдамасын нақтылап, елдің біртұтастығына жауап беретін идеологияны қалыптастыруы қажет.
Бізде әр тайпаның, әр рудың қолдан жасаған жасанды көсемдері мен батырларын және аты елді мекендерге, көшелер мен даңғылдарға, мектептер мен оқу орындарына, басқа да мәдени және әлеуметтік нысандарға берілген жеке тұлғаларды қайтадан халық талқысына салып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты талқылау керек. Жалпы, жеке тұлғалардың атына тек ерекше жағдайда ғана болмаса, көшелер мен әлеуметтік нысандарды беруді тоқтатқан жөн. Сонымен қатар мемлекеттік наградаларды төрт жылда бір рет берсе, оның беделі өсіп, салмағы да артар еді. Билік басындағы кейбір шенеуніктер мен депутаттардың, бұрынғы атқа мінгендердің кеуделерін сөлкебайға толтыра бергеннен қоғамға, халыққа не пайда?!
Қазіргі таңда біз толқында тұрмыз. Басымыздан әртүрлі жағдайларды кешудеміз. Ұлт болып қалыптасуда үлкен кедергілерге жолығудамыз. Бұл уақытша нәрсе. Ең қажетті іс – осы толқыннан өту. Содан бұзылмай, бұрылмай, адалдық қалыпта өту. Соның бірі өткен тарихтың іздерінен жеке бастың емес, халықты топтастыратын, жас ұрпақты алға үміттендіретін алғышарттарды нысана етіп алып, соған бой түзеу керек сияқты. Мысалы, торғайлық ағайындардың «Ә.Жангелдин ауданының атауын Ахмет Байтұрсынұлы есімімен ауыстыру бүгінгі рухани жаңғыру аясында тарихи әділ шешім болар еді. Қазақстанда Ә.Жангелдин атындағы көшелер мен мектептер жеткілікті» деген ұсынысы көпшіліктің жүрегін сыздатып, ашу шақыратын негізсіз қиянатшылдықты білдіріп тұр. Қандай тарихи әділ шешімді меңзеп тұрсыздар? Тарихи шешімді қазақ халқы баяғыда шығарған. Әділдікті орнатып, әділетсіздікке қарсы шығып, ұлт-азаттық туын көтерген Әліби Жангелдин мен Аманкелді Имановтың есімдері және рухы мәңгілік болып ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Бұл – тарих таңдауы.
Кеңестік 74 жылда қазақ халқы ауыр кезеңдерді бастан өткізсе де, бақытты өмір сүрді деуге болады. Әрине, ол заманның артықшылықтары мен кемшіліктері болды. Ең маңыздысы – қазақ толыққанды ұлт болып қалыптасты, іргесі сөгілмеді. Қоғам бай мен кедейге бөлінбеді, тегін білім, тегін медицина, тегін үй, тегін жұмыспен қамтамасыз ету және азаматтық құқықтарды сақтау социалистік қоғамның басты нысанасы еді. Бір сөзбен айтсақ, ұлт үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болды. Мұны сол кеңестік қоғамда туып, тәрбие алған, үлкен жетістіктерге ие болған азаматтар жоққа шығара алмас.
Қазіргі толқын, егер олар әділдік пен әділетсіздікті ажырата отырып езуші және езілуші таптың, капиталистік және социалистік жүйенің аражігін бағдарлай білсе, Әліби мен Аманкелді, Тоқаш пен Тұрар сияқты тұлғалардың биіктігін байқап, кеудесіне мақтаныш сезімдері ұялар еді. Ұлы ойшыл Шәкерім Құдайбердіұлы былай деген екен: «Өмір – дәуір, әмен өсуде, жетілуде болады. Қоғам да солай. Басқа түсіп тұрған ауыртпашылықты көтермей, қайғыру, қажу адамды шатастырады. Соған шатасса, адам алдағы күтіп тұрған атар таңынан, алар үлес-бақытынан құр қалады. Адам тәжірибені өткен дәуірінен алады. Сол дәуірге көз жіберіп тексерсе, салыстырса алдағы өмірінің сәулесін айқын сезеді». Бізге осы ұстаным қажет сияқты. Бізге, қазақтарға, қазіргі жағдайда ауызбірлік, топтасу, саяси ойындардың халық мүддесіне тигізетін кері тұстарын ажырата білу, қоғамды демократиялық құндылықтарға бағыттау, азаматтық қоғам орнатуға жұмылу, ұлттық құндылықтарды сақтау, өткен тарихқа байсалды, адал пайымдар жасау, әділетсіздік пен жемқорлыққа төзбеу және ұлттық сыйластық сияқты мәселелерді басты нысанаға бағдарлай білсек, көп нәрсе ұтамыз демекпін