Амантай Қажыға қатысты сот үкімі шықты

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында белсенді, Қазақстан президенттігіне бұрын өзін бірнеше рет ұсынған Амантай Асылбек (көпшілікке Амантай Қажы ретінде танымал) қатысты іс қаралды.
83 жастағы Амантай Қажыға 76 жастағы әйелге орташа деңгейдегі дене жарақатын келтірді деген айып тағылған еді. Шілде айында ол «Динамо» спорт кешенінде зейнет жасындағы медбикені баспалдақтан итеріп жіберген. Салдарынан әйел құлап, жамбас сүйегін сындырып алған.
Қолданыстағы заң бойынша белсендіге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болатын. Алайда сот ісі тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.
«Іс тараптардың бітімге келуіне байланысты тоқтатылды», – деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.
Алайда белсенді бес күн бұрын вандализм әрекеті үшін жазаланған еді. Әлеуметтік желілерде жаңадан жөнделген көпірдің бетіне өзінің әйгілі сөзі – «Аттан» деп жазып жатқан суреттері жарияланды.
Бұл фактіге қатысты Алматы полициясы:
«Алмалы аудандық полиция басқармасы қызметкерлері заң аясында шара қолданды. Қала абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді», – деп мәлімдеді.
Бұған қоса, Амантай-Қажының тағы бір әрекеті көпшіліктің сынына ұшырады. Бірнеше апта бұрын алматылық қоғам белсендісі әлеуметтік желіде таулардағы тастар мен ағаштарға «Аттан» деп жазып кеткен суреттерді жариялаған.