Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 08 Маусым 2024

Аманжан Еңсебайұлы, диктор: Қазір бәрі асығыс. Біреу қуып келе жатқандай қашып келеміз

Аманжан Еңсебайұлы
Фото: ашық дереккөз

Ертеректе қазақтың әр үйінде радио болатын-ды. Барлық жаңалықты жұрт содан біліп, құлағдар болып отыратын. Әнге де көңілін сусындатып, күйге де құлақ құрышын қандыратын.

Әсіресе Ә.Байжанбаевтың «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» дейтін күмбірлі, қоңыр үні жүрекке соншалық жылы тиетін. Бүгінде қазақы қоңыр үнді дикторлардың бірі – Аманжан Еңсебайұлы. Біз белгілі диктормен сұхбаттасып, оның өмірі, шығармашылық жолы, қазіргі радионың жай-күйі, дикторлық өнер туралы сұрап білдік. 

– Аманжан аға, ең алдымен әңгімеміздің басын сіздің осы салаға қалай келгеніңіз туралы сөзден бастайық. Білуімше, шойын құю цехында қарапайым жұмысшы болып жүрген шағыңызда радиоға жұмысқа қабылданыпсыз. Сіздің өміріңізді мүлде басқа арнаға бұрған осы кезең туралы естелігіңізбен бөліссеңіз. Радиоға алғаш қадам басқан күні кешкен сезімдеріңіз есіңізде ме?

Әкем марқұм Еңсебай ту ұстап, тұлпар мінбесе де, Кеңес-Герман соғысынан соң, аядай ғана ауылда талай жыл ауыр азап көрген ағайын-туыс, ауылдастарына жанашыр болған жан еді. Бірінші топтағы соғыс мүгедегі болатын. Тауға қарап тәрбие алған өр мінезді, сол дәуірдегі бүкіл ел-жұрты «Еңсеге» деп сыйлап өткен, кісілігі де, кішілігі де бөлек, сыйлы кісі болды. Жаһанбай деген егізі екеуі әкесіз, анасының құшағында өсіпті. Әкемнің егізі қырық бесінші жылы, сәуір айында әскерге алынған екен. Арғы жағында екі айдан кейін соғыс та аяқталса керек. Бірақ ол кісіден хабар жоқ, өлі не тірі екені де белгісіз, қара қағаз да келмеді. Әкем оңашада сол інісін сағына ма екен, әйтеуір, әндетіп отырушы еді. Әкемнің дауысы, әсіресе Құран оқығандағы, батырлар жыры мен қисса-дастандар, ғашықтық жырларды оқығандағы үні сондай әсерлі еді. Жаз айында бізді өзімен бірге шөп шабуға алып баратын. Сонда арбаның алдыңғы жағында делбені қағып қойып, ән салып отырушы еді. Бала кезімде естіген сол әннің бір шумағы есімде қалып қойыпты.

«Сұм заманның зіл батпан ауырын-ай,

Зарлаймын оңашада жабығып-ай.

Қай жыра, қай қияда қалды екенсің,

Отан үшін жоқ болған бауырым-ай...».

Міне, осы бір ауыз шумақта әкемнің бауырына деген таусылмас сағынышы, ел басына түскен ауыр күндер салмағы, адамның жан дүниесін тербеген әсем әуен, сол уақыттағы ауыл халқының көңіл күйі мен мінезі, өмірі көрініп тұратын. Мен үнсіз ғана шабындық басына жеткенше тыңдап отыратынмын. Әннің жалғасы есімде жоқ, соған әлі күнге дейін өкінемін. Ал анам Күлғасыл Қартамысқызы – сол заманның зарын да, мұңын да елмен бірге арқалап, жоғын бірге жоқтаған қарапайым ғана қазақтың бір қызы еді. Алдымда үлкен ағам, екі әпкем, артымда қарындасым мен қазіргі қара шаңырақтың иесі інім Бауыржан не ішіп, не киеміз дегені жоқ, уайымсыз өстік. Шамалары жеткенше бәрімізге орта, жоғары білім әперді, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Құдай берген қуанышы мен қызығы – Әйгерім, Айғаным есімді екі немересін әлдилеп, солардың былдырлаған тіліне мәз болып шапқылап жүретін. Келінім Фариданы ерекше жақсы көретін, кенжесі болған соң ба екен, әйтеуір, бізден гөрі соларды аузынан тастамаушы еді. Мына дүниенің тұтқасы – ана, мерейі – бала ғой, ел бесігі мен тал бесігінің арасын өзінің әлдиімен жалғаған әкеме де, анама да айтар алғысым шексіз. Бізді ғана емес, біздің ұл-қыздарымызды, яғни немере-шөберелерінің бойына әдептілік пен ізгіліктің, игіліктің, ұлттық тәлім-тәрбиенің уызын беріп өтті. Жатқан жерлері, топырақтары торқа болсын дегім келеді.

Оның бәрін айта берсем, әңгіме тақырыбы тым ұзаққа созылып кетер. Сондықтан балғын-балауса күндеріме бас иіп, бозбала шақтарыма ілтипат білдіре отырып, әскери борышымды екі жыл шетелде, Германияда өтеп келгеннен кейін Алматы ауыр машина жасау зауытында еңбек еткен жылдарымнан бастағым келеді. Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезі ғой, дәлірек айтсам, жетпіс екінші жылы, қараша айының соңы болатын. Құдай қосқан қосағым Айтжамал ательеде тігінші, бір жағынан қазіргі Тұрғыт Озал-Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан тұрмыс қажеттіліктерін өтеу қызметкерлерін дайындайтын техникумда кешкі оқуда оқитын. Өзім Алматы ауыр машина жасау зауытының нөмірі он екінші шойын құю цехында қалыптаушы жұмысында едім. Отбасын құрғанымызға алты айдай уақыт болған уақыт. Бір орыстың жалдамалы үйінде тұрамыз. Ауылдың исі өн бойымыздан бұрқырап тұрған кезіміз ғой, кішкентай ғана екі бөлмеде теледидар да жоқ еді. Оның орнында он екі сағат бойы ән мен күй төгіліп тұратын кішкентай ғана радиом бар-тын. Өнер әлеміне, қазақ руханиятының ортасына келуіме сеп болған, соған бағыт-бағдар сілтеген әулием алдымен Алла Тағала болса, содан кейінгі жол нұсқаушым – осы радио. Сондықтан мен осы құтты, қасиетті шаңырағыма өмір бойы қарыздармын. Жұмыста жүргенімде сол қолымның үш саусағын сындырып алған уақытша еңбекке жарамсыз күндерімнің бірінде «Қазақ радиосына қазақ тілін жетік білетін, орта білімді ер азаматтарға байқау жарияланып жатыр» деген хабарды естідім. Сол байқауға қатысқан он сегіз талапкердің ішінен Әуезов атындағы театрдың актерлерді дайындайтын екі жылдық курсында оқитын Бақытжан Атагелдиев деген жігіт екеуміз өтіп, 1973 желтоқсан айының соңы, шамамен жаңа жыл қарсаңында дикторлар бөлмесінің алдында қобалжып тұрғаным әлі күнге дейін есімде. Байқауға қатысушылардың жүріс-тұрысынан бастап, сөз сөйлеу мәнері, қолындағы мәтінді қалай оқығаны, дауысы және тағы басқа дикторлық өнердің талабына сай келетін, нақышына, мәнеріне келтіріп оқи алатын жандарды іріктеу, бағалау, әділдік айтып сұрыптау жағына орыс-қазақ дикторларының көркемдік жетекшісі Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Әбдірахман Әсімжанов жауапты екен. Күнара келіп жүргенде көзтаныс болып қалғанбыз, ол кісі өзі де ұзақ жылдар бойы жастар театры мен Әуезов атындағы театрда актер болған, өнер десе жанын беретін, әсіресе көркемсөз, қара сөз, әдеби-музыкалық хабарлар, поэзия оқуда тәжірибесі мол, өзіндік ойы, көзқарасы бар, радио жұмысына жанашыр жан екен.

– Байқасам, әр сұхбатыңыз бен сөзіңізде «Қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев туралы атап өтіп, естеліктермен бөлісесіз. Қазақ радиосы мен теледидардан берілген республиканың тыныс-тіршілігі жайлы жаңалықтар, түрлі хабарлар тыңдарман қауымға, көрерменге Әнуарбек Байжанбаевтың ашық та әуезді үнімен жеткеніне тарих куә. Жұртшылықты ерекше даусымен баурап алған ағаңыз, әріптесіңіз туралы айтып берсеңіз?

Сол ақсақал Бақытжан екеумізді желтоқсан айының аяғында Әнуар ағаларыңның ақ батасын аласыңдар деп ертіп әкелді. Ауылда жүргенде атын естігенім ғана болмаса, дидарын көрмеген дауылпаз дауыс иесінің алдына келіп, батасын аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Қалай қобалжымайсың, жұдырықтай жүрегім алып-ұшып барады. Көзімнің астымен Бақытжанға қарап қоямын. Ол батырымның ойында түк жоқ, былқ етер емес. Қазір ойлап қарасам, театрдың екі жылдық дайындық курсында оқып жүргенде ол бүкіл қазақ баласына аттары аңыз болып тараған сахна шеберлері – Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Фарида Шарипова, Зәмзәгүл Шәріпова, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Камал Қармысов сынды дарабоздарды күнде көріп, өнерлерін тамашалап, амандасып та жүреді екен ғой. Оның үстіне, атақты ақын, сол заманда елдің бәрін аузына қарата бастаған Мұқағалидың інісі болса. Бақытжанды осы байқауға үкілеп, ағалық ақылын айтып жіберіп отырған Мұқағали ағамыздың өзі екен. «Сонау елуінші жылдардың соңында Көк базарда ұн сатып жүргенінде менің дауысымды ұнатып, радиоға әкелген Әнуарбек Байжанбаев еді. Сенің де дауысың жақсы, сол кісінің шәкірті бола алсаң, бұл Алланың саған берген ең ерекше сыйы деп біл. Жолың болсын» деп үкілеген. Інісінің бойында бірдеңе барын сезгені ғой. Бақытжан да сол сенімді ақтады. Солай екеуміз Қазақ КСР-нің халық әртісі, көркемсөз, музыкалық хабарлар оқу мәдениетінің негізін қалаушы, «қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаевтың батасын алған едік. Ай маңдайлы, жүзінен тек жылылық төгіліп тұратын, кең тынысты, дауысымен байтақ даланы той-думанға, ән мен жырға бөлеген, қайран менің ұстазым, әкемдей болған Ән ағам-ай десеңші...

Ол кісінің жүріп өткен өмір жолы бүкіл Алаш баласына үлгі-өнеге болғандай еді. 2023 жылы туғанына бір ғасыр толып, ағамен дәмдес, сыйлас, сырлас болған белгілі жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек ері Ілия Жақанов ағамыз бастаған елімізге танымал көптеген жазушы-журналистер естелік жазып, кітап шығаруға мәдениет және ақпарат министрлігіне өтініш жолдаған едік. Өкінішке қарай, ол жақтағы шенді-шекпенділер ел мәдениеті мен өнері, жалпы қазақ руханияты саласына көркемсөз, мәнерлеп оқуда қайталанбас үнімен өшпес із қалдырған адамның ішкі толғаныс-тебіренісін, мінез-құлқы мен ішкі иірімдерін, саналуан сезім құбылыстарын дауысымен өрнектеп, қимыл-қозғалыстарына дейін микрофон алдында дәл тауып бейнелей білген асыл дарабоз тұлғаны әлі күнге дейін білмей жүргендері жанымызға батады. Әнуар аға жай ғана диктор емес, ұлт мақтанышына айналған ірі тұлға еді. Он екі жасында Мырқымбайды оқып, Бейімбет ағаның көзіне жас алғызған, Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін оқығанда риза болған Алаш ардақтысы басынан сипап, батасын берген. Совет-Герман соғысының сонау отты жылдарының өзінде, бір мың тоғыз жүз қырық үшінші жылы атақты Шәкен Айманов жиырма жастағы жаралы жауынгер Әнуардың алдындағы ағалық адал көңілмен «Информбюро хабарларын бұдан былай мен оқымай-ақ қояйын, сен оқышы» деуі нені білдіреді? Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі телефон шалып, Сәбит аға Мұқанов екеуі оны мақтан көретінін айтқаны туралы білмейді-ау шамасы. Атақты батыр Бауыржан атамыз: «Әнекең әуе толқынында хабар оқығанда онымен тілдесіп отырғандай әсер аласың» дегені бар. Рейхстагқа ту тіккен батыр Рахымжан Қошқарбаевпен де Ән ағамыздың өзара сыйлас, құрмет тұтқан дос болғанынан да хабар жоқ болғаны-ау. Ал Қазақстанды ширек ғасырдан астам басқарып, халқымыздың абыз ақсақалына айналған Димаш аға Қонаев сыртынан сүйсініп отырады екен. Осыдан артық қандай құрмет болсын!? Бірақ Ән ағам осының бәрін де көтеріп, өмірінде қарапайым қалпынан таңған емес. Ал бүгінде ғасырдан астам тарихы бар қазақ радиосының негізін қалаушылардың бірі Әнуарбек Байжанбаевтың есімі тасада қалып, қол-аяғы жеңілдеу, жылпыңдардың алға шығып кеткені өте өкінішті. Біздің ішкі жан дүниемізде осындай бір реніш бар. Соңында бір іздеушің, жоқтаушың, жанашырың болу керек екен. Кейінгі ұрпақ осыны біле жүрсе екен деген ниетте «Жас Алаш» арқылы айтып отырғаным ғой. Ол кісілердің көзін көрген, тәрбиесін алған шәкірті ретінде біз айтпасақ, кім болғанымыз? Оны айып етпеңіздер.

«Серке Қожамқұлов, Қаныбек Байсейітов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Бикен Римова, Елубай Өмірзақов, Сейфолла Телғараевтай өнер сахнасының алыптарынан көп нәрсені үйрендім. Олар таусылмас нәр алған менің рухани ұстаздарым ғой» деуші еді жарықтық. Ол кісілердің радиоға келіп хабар оқығанын естіп, өздерін көргенімізге біз де қатты қызығушы едік. Ешқандай кәсіби арнайы мектепте оқымай-ақ, өздерінің табиғи талантымен бүкіл елге танылған осындай біртуар саңлақтардың өнеріне тамсанатынбыз. Олар тақыр жерден театр ұйымдастырған алғашқы өнер қарлығаштары ғой. Сол тұңғыш театр құрылған соң бес жыл өткенде, 1931 жылы ұлт көсемі Ахмет Лениннің қабылдауында болып, қазақ даласында радио хабарларын ұйымдастырып, тарату аса маңызды шаруа екенін айтып, большевиктердің көзін жеткізеді. 1934 жылы микрофон деген қасиетті аспапты көріп, алғаш рет қолына ұстаған қаршадай ғана қара қыз – 15 жасар қазақ радиосының төлбасы, дикторы Мина Сеитова болатын. Ол кісі жоғарыда аталған театр әртістерінің бәрін де кезек-кезек радиоға шақырып, ән айтқызып, әртүрлі хабарлар бергізеді екен. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанинмен тікелей әуе толқынында сұхбат жүргізген. Олар біздің бай рухани мұрамызды, мәдениетіміз бен өнерімізді дәріптеушілер болып табылады. «Кеңес өкіметі солардың бәрін 1937-38 жылдары «Халық жауы» деп қаралап, шетінен сотсыз, тергеусіз атып, асып жатқанда, амал жоқ хабарлап, үйге келгенде ботадай боздаушы едім. Сонда енем, Ахмет Байтұрсынүлының әпкесі мені бауырына басып, «Шыда, шыда, қызым, қайын ағаң да жазықсыз қамауда отыр ғой. Жауларыңа сыр берме. Қосақ арасында қоса кетесің» деп жұбатушы еді» деп, көпке дейін үндемей, көзі жасаурап, отырып қалатын. Мина апамның сол бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Әнуар аға ақтық демі таусылғанша ол кісіні ұстазым деп кішірейіп өтті.

– Сіз және сіздің замандас әріптестеріңіз Әнуарбек Байжанбаев, Мәмбет Сержанов сынды аңыз адамдардың дикторлық мектебінен өткені анық. Ал бүгінгі журналистикада осы дәстүр, дикторлық мектеп жалғасын тауып жатыр ма? Қазір радио тізгінінде отырған дикторларға көңіліңіз тола ма?

– Бұдан бөлек, «Абай жолы» эпопеясындағы Әзімбайдың немересі Хатира Әзімбаева да ұзақ жылдар осында диктор болды. Қолынан талай дәм татып, үйінде де болдым. Отағасы – Қазақ КСР-нің Халық әртісі Ерғали Әбжанов деген дәстүрлі әнші еді. Шетелдерге хабар тарату бас редакциясында он алты, он жеті жылдай Шәрипа Бейсекеева, Жаңыл Біржанова апаларыммен бірге жүріп, Қазақ КСР Халық әртісі Зәмзәгүл Шәріповмен, радионың ардагер дикторлары Жәнел Асқарова, Зияда Бекетовалармен талай әдемі музыкалық хабарлар оқығаным үшін тағдырыма ризамын. Мәмбет Сержанов, Омархан Қалмырзаев, Мырзабек Қуатбеков ағаларым қандай еді, шіркін! Солардың көзін көріп, соңынан ерген інісіндей біраз жыл бірге жүргендіктен, бір-екі ауыз сөзбен ғана сырғақтап өте шығуға, салқын мінез танытуға ар-ожданым жіберетін емес. Олар біздің алтын қорымызда өзіндік ой-мәнерімен айқын қолтаңбасын, тыңдаушының көңілінде қайталанбас үн-ырғағымен, рухани із-өрнегін қалдырған шалқар шабыт иелері. Дикторлық өнердің мектебін қалыптастырған ұлағатты ұстаз ретінде ұмытылмас із қалдырды. Олар дикторлық өнерге бар ғұмырын арнап, соған өлердей ғашық болған, пайым-парасаты бөлек, талғам-таразысы да биік дарын иелері еді. Біз солардың байсалды үнімен одан әрі көркейіп, рухани жағынан байып, әдеби-мәдени мұраларымызды одан әрі толықтыра түстік. Олар даланың қоңыр үнімен қазақтың жыр-қиссаларын, дастандарын, ән-күйі мен ақын-жыршыларымыздың өлең-толғауларын бұзбай, нақышына келтіріп, өрнектей білді. Бәлкім, ұрпақ жалғастығы деген осы болар.

Өзім әлі күнге дейін еңбек етіп жүрген «Шалқар» радиосындағы менің әріптес ұл-қыздарым бұл бағытта талай дүние атқарып отыр. Олардың арасында аз күн болса да кейбір аға буынның лебізін тыңдап, ақ дастарқан басында әзіл-қалжың айтып шүйіркелесіп, бірге шай ішкендері де бар. Міне, ұрпақ жалғастығы деген ұлы қасиет осы болса керек. Олар соның өзінен қанаттанып, өзара сыйласып, бауырмалдықтың бағасы өте биік екенін айтқызбай-ақ білгендей. Бүгінде, Құдайға шүкір, тату-тәтті ұйым болып ұйымдаса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етуде. «Шалқар» радиосы орналасқан қазіргі ғимарат мыңдаған қазақ зиялыларының өнер, әдебиет саласында еңбек еткен ұлылардың табанының ізі қалған, үні мен сөзі қалған қасиетті өнер ордасы ғой.

– Бір сұхбатыңызда: «Радионың іші қайнап жатушы еді. Бір радионың өзінде ғана 550-570-тей адам жұмыс істейтін. Кеңес дәуірінде радио мен телеарнаның беделі үлкен, мәртебесі биік болды» деп едіңіз. Тіпті радио құрамында эстрадалық оркестр де болған екен. Ал бүгінгі радио өнерінің дамуы бұрынғыға қарағанда кешеуілдеп жатқан сияқты. Қазiргi қазақ радиосының беталысы, бағыт-бағдары қалай?

– Қазақ радиосы – үлкен өмір мектебі болды. Себебі радионың ол уақыттағы Жазушылар одағымен, Журналистер одағымен, газеттермен, журналдармен, балалар шығармашылығы орталықтарымен байланыстары өте тығыз, ынтымақтаса жұмыс істейтін. Радионың іші қайнап жатушы еді. Бір радионың өзінде ғана 550-570-тей адам жұмыс істейтін. 4 қабат ғимаратта 570 адамды есептеп көріңіз. Телеарнаны қоспағанда. Сапырылысып жатады. Әр редакцияда орыс, қазақ бөлімдері бар. «Балалар» редакциясы – орысша-қазақша; «Насихат» бөлімі – орысша-қазақша; соңғы хабар – орысша-қазақша; Музыка редакциясы – орысша-қазақша. Бөліп-бөліп тастаған. Әр редакцияда оншақты адам жұмыс істейді. Оның сыртында «Радио комитет» деп аталатын. Ол тікелей министрлер кеңесіне қарайтын. Оның төрағасы ол кезде министр дәрежесінде еді. Ол үкімет мүшесі болды. Үкімет мүшелерімен тең дәрежеде өзінің дауысын өткізе алатын. Кеңес кезінде радио мен телеарнаның беделі үлкен, мәртебесі биік болғаны рас.

– Оқыған дүниені түсіну бір бөлек, оған сену керек. Әдетте, кей дикторлар не айтып отырғанын өзі түсінбейтін, сенбейтін сәттер болады. Көңілің басқа жақта болса, мәтінде айтылған ойды жеткізе алмайтының анық. Осы тақырыпта сөз қозғасаңыз...

– Бүгінгі әлемдік даму мен өркендеуге, жаһандануға байланысты өміріміз өзгеріп, өнеріміз жаңғыра бастады ғой. Оқып-тоқыған жастар жағы қаулап өсіп келеді. Олардың аяқ алыстарына кейде қуанып, кейде мұңаятын кезіміз де бар. Неге дейсіз ғой... себебі сонау әріден келе жатқан қыз-келіндеріміздің жүрек тербейтін әдемі үні мен жігіттеріміздің қоңыр дауысы баяғы төл бағытынан жаңылғандай. Тіліміз де кібіртіктеп, жиі-жиі сүріне беретін болыпты, аясы тарылып барады. Құлашын кеңге сермеп ұшатын құстай, баяғы құлагер үніміз құнығып шығатын сияқты. Қазір бәрі асығыс. Соңымыздан біреу өкшелеп қуып келе жатқандай алды-артымызға қарауға мұршамыз да келмей, қашып келеміз. Қашанғы жүгіреміз?! Жан-жағымызға ой көзімен қарайтын, қоңыр дала үніне құлақ түретін кез келді. Қазіргі уақыт ағымына ілесіп-ақ келеміз-ау, ілгерілеудеміз. Бірақ бәріне атүсті, жүрдім-бардым, өте жеңіл қарайтын сияқтымыз. Өзара шүйіркелесіп сыйласудан, сөйлесуден бірте-бірте қалып барамыз. Тіліміз жұтаңданып, жан дүниеміз жалаңаштанып бара жатқандай көрінеді. Шынайылық жоқ, жүріс-тұрысымыз, киім киісіміз, түгел жасанды. Қазақтың баяғы қарапайымдылығынан, байсалды мінезінен, бауырмалдығынан, береке-бірлігінен, өзара құрмет пен ізеттілігінен, биязылығынан, кішілігі мен кісілігінен адасып қалмасақ екен... Тікелей әуе толқында хабар жүргізіп, мәтін оқитын жүргізуші ұл-қыздарымыз кейде орынсыз әзіл-қалжыңға жол беріп қояды. Сөзіміз сұйық, өте арзан. Эфир – бұл адамның мәдениетін, бет-бейнесін танытатын, көрсететін, білдіретін айна іспетті. Сондықтан ауыздан шыққан әр сөзге абай болу керек. Байқамай, аңдаусыз айтылған бір ауыз сөз адам көңіліне жазылмайтын жара салатынын естен шығармаған жөн. Сөз қадірі – өз қадіріміз. Сондықтан мәтіндегі әр сөздің астарына ой жіберіп, тереңірек үңіліп, қандай мақсатта, қандай оймен айтылып тұрғанын өн бойыңнан түгел өткізіп, шын пейілмен, ұғынықты жеткізе білген жөн. Ол сонда ғана тыңдаушыға түсінікті болады. Мәтін оқып отырған адам ондағы сомдап отырған образға, кейіпкерге айналып кету керек. Ол адамның өзіндей тыныс алып, сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысын дөп басса, оқып отырғанда кейіпкер бейнесін ойша бағамдап, сол адамның өзі болып, тыңдаушымен тілдессе ғана хабар көңілден шығады. Бұл жағдайда сөйлемдегі үтір, нүктеге дейін өте маңызды рөл атқарады. Дауысты оқиғаға байланысты құбылтып, түрлендіре білу, көңіл күйіне орай жоғары-төмен бағытта икемдеу, ішкі түйсікпен сезіну, самарқау, сүлесоқ тұстарында дәл сондай күйді бастан кешіргендей бейімдеу, кәрлі де зәрлі сөздердің бояуын бұзбай айта білу кәсіби шеберлікті талап етеді. Бұл бағытта айта берсек, ұшы-қиыры жоқ талай әңгіменің тиегін ағытуға болады.

Сұхбаттасқан Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ