Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 22:15

Америка сапары. Путин Алясканы алғандай боп қайтты, Еуропаны көшіріп барған Зеленский қайтеді?

Путин мен Трамп және ЕО басшылары
Фото: Жас Алаш коллаж

Аляскада әлем көз тіккен Трамп пен Путиннің кездесуі өтті. Екі лидер АҚШ-тың Анкоридж қаласындағы Эльмендорф-Ричардсон әуе базасында қол алысып, қызыл кілем үстінде жүздесті. Сарапшылар бұл кездесуден Путин ұтты деген пікір білдіріп жатыр.

Путиннің Америкаға табаны тимегелі он жыл болған. Сондықтан оның Аляскаға келуі – Ресейдің халықаралық беделіне оң әсер ету жолындағы маңызды қадамдеп бағаланды. Шынында да, Путин Батыс елдерінің көбі соғыс басталғалы оған салқын қараған тұста Трамппен тікелей келіссөз өткізіп, өзін жаһандық саяси сахнада қайта танытуға мүмкіндік алды.

Жеті сағатқа жоспарланған кездесу небәрі үш сағатқа жетпей аяқталды. Трамп түскі асқа да қарамай Вашингтонға ұшып кетті. Кейіннен оның Украинаға деген ұстанымы өзгерді. Енді 18 тамыз күні АҚШ президенті Зеленский және Еуропа басшыларымен Ақ үйде кездеседі.

Путин мен Трамп
Фото: ашық дереккөз

Аляскадағы кездесу

Кездесу басталмай тұрып сарапшылар оның форматы мен нәтижесі туралы түрлі пікір айтты. Еуропалық басшылар мен Украина өкілдері бұл саммитке шақырылмаған еді, сондықтан кейбір бақылаушылар «Еуропасыз өткен келіссөз Украинаның мүддесіне қаншалықты жауап бере алады» деп күмәнданды. Саммит басталарда Еуроодақ Кеңесі Украина егемендігі мен шекара тұтастығын қолдайтынын тағы да мәлімдеп, сырттай өз ұстанымын айқындап отырды. Дегенмен кездесу тек АҚШ пен Ресей басшыларының жеке мәмілесі форматында өтті.

Саммит нәтижесінде тараптар ортақ баспасөз мәслихатын өткізіп, Украинадағы соғысты бейбіт жолмен шешу үшін «диалог орнағанын» мәлімдеді. Алайда дереу атысты тоқтату жөнінде нақты келісім жасалған жоқ. Кездесу шамамен үш сағатқа созылып, артынша қос лидер журналистер алдында сөйлегенде тек жалпы прогресс туралы айтты. Путин бұл келіссөзді «мазмұнды» өтті деп сипаттаса, Трамп та оны «өте нәтижелі кездесу» деп бағалады. Дегенмен әскери әрекеттерді тоқтату шарттары жөнінде түбегейлі шешім жарияланбады. Соғыс қимылдары сол күйі жалғаса берді. Саммит өткен түні де майдан шебінде екі жақтан әуе шабуылдары мен атыстар болғаны хабарланды.

Путин Аляскадағы саммит соңында Трамппен жылы қоштасып тұрып, «келесі жолы Мәскеуде күтеміз» деп ағылшын тілінде айтты. Трамп та оны қостап қойды.

Путин
Фото: REUTERS

Путиннің талабы

Саммитте талқыланған нақты ұсыныстар мен талаптар жайлы ақпараттар кейіннен белгілі бола бастады. Reuters агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, Путин Украина жеріндегі қазіргі майдан сызығын бекітіп, Донецк облысын толық бақылауға алуды ұсынған. Яғни Ресей әскері басып алған жерлерде шепті тұрақтандыру, оған қоса Украина қолында қалған Донецк аймағының бөлігін де Ресейге беруді талап еткен. Бұл – Мәскеудің соғыста көздеген басты мақсатының бірі. Қазірдің өзінде Ресей Украина аумағының бестен бірін, оның ішінде Донецк облысының 60 пайызын бақылап отыр. Путин қалған бөлікті де «өзімізге қосып алсақ, қарулы қақтығысты тоқтатуға болады» деген шарт қойған сыңайлы. Ресей басшысы айырбас ретінде Харьков пен Сумы облыстарының басып алынған бөліктерінен әскерін шығаруды ұсынған. Ал Ресейдің қолында қалған Харьков пен Сумы облыстарындағы жер көлемі әлдеқайда аз – бар болғаны 440 шаршы шақырым, әрі олардың стратегиялық маңызы төмен.

Зеленский, әрине, мұндай территориялық талапты бірден қабылдамады. Ол бұған дейін де ел территориясының тұтастығын бұзатын ешбір келісімді мойындамайтынын ашық айтқан. Бұл жолы да Зеленский Донбасты, Қырымды беруден бас тартатынын айтып жатыр. Оның бұл ұстанымды қалай жеткізерін, еуропалық әріптестері мен Трамп қай жағына шығатынын 18 тамыз күнгі кездесу аяқталған соң білеміз.

Путиннің тағы бір талабы – Украинаның НАТО-ға қосылмау кепілдігі. Кремль соғыстың басынан бері Украинаның альянсқа кіруінен қауіптеніп келгені белгілі. Аляскадағы саммитте де Ресей президенті «Украина ешқашан НАТО құрамына өтпеуі керек» деген талабынан таймады. Бұл Ресейдің ескі ұстанымы: Украина бейтарап мәртебе сақтап, Батыспен әскери одақ құрмауға тиіс.

Есесіне, Путин Батыс елдері Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін ұсына алатынын алға тартты. Шетелдік БАҚ ақпараты бойынша, Путин мен Трамп ұжымдық қауіпсіздік кепілдігін Украинаға беру мәселесін талқылаған. Путин бұған принципті түрде қарсы емес екенін білдірген. Дегенмен мұндай кепілдіктердің мән-жайы анық емес. Путин Украинаға шабуыл жасамау туралы заң қабылдауға дайын екенін Трампқа айтқанымен, бұның іс жүзінде қалай бақылауға алынатыны беймәлім. Ресей бұған дейін де келісімдерді бұзып келгені белгілі – Минск келісімдерінің қаншама бабын аяқасты еткені есімізде.

Қысқасын айтқанда, Путиннің бейбіт жоспарында Украина үшін ауыр шарт тұр: жау қолындағы жерінен бас тарту және бейтараптылықты қабылдау. Соның өтеуіне Ресей атысты тоқтатпақ. Ал Украина мұны егемендікке қол сұғу деп санайды. Зеленскийдің айтуынша, «соғысты тоқтатудың басты элементі – алдымен адам өлтіруді тоқтату», яғни ең әуелі толыққанды атысты тоқтату режимі керек. Бірақ Путин уақытша бітім жасаудан бас тартып, бірден түпкілікті бейбіт келісімге келуді жөн көреді. Бұл Украина мен Батыс талап етіп келген «алдымен атысты тоқтату, содан кейін ғана келіссөз» принципіне қайшы талап.

Трамп
Фото: Annabelle Gordon / Reuters / Scanpix / LETA

Трамптың ұстанымы

Саммит алдында Дональд Трамп атысты дереу тоқтатпайынша разы болмаймын деп мәлімдеген еді. Алайда Путинмен кездесуден соң АҚШ президенті өз позициясын күрт өзгертті. Трамп аяқасты Ресейдің ұстанымына жақындап, соғыс тоқтауы үшін бірден бейбіт келісімге отыру қажеттігін айтты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында: «Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудың ең жақсы жолы – бірден бейбіт келісімге көшу. Жай уақытша бітім орындалмай қалады» деп жазды.

Трамптың бұлай құбылуы бақылаушыларды таңғалдырды әрі алаңдатты. Америкапрезидентінің бұл қадамы Мәскеудің көптен бергі көздегеніне сай келді, сондықтан кей сарапшылар Трамптың Путинмен ымырашылдығын сынады. Негізі, атысты тоқтатпай бейбіт келісімге отыру – Украина үшін өте тиімсіз, өйткені ұрыс қимылдары жалғасып жатқанда келіссөз жүргізу қарсыласқа қысым жасау амалы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Зеленский де: «Ресей соғысты кідіртуге дайын еместігі ұзақ мерзімді бейбіт шешімді қиындатады» деп атап өтті. Яғни алдымен қан төгісті тоқтатып, содан соң ғана саяси келісім туралы сөйлескен жөн деген ұстанымын өзгерткен жоқ.

Трамптың пікірі ғана өзгерген жоқ, оның Зеленскийге қояр талабы қатаңдай түсті. Ол Путинмен кездесуінен кейін Украина басшысына ашық түрде қысым көрсете бастады. «Украина президенті Зеленский соғысты қаласа, жалғастыра берсін, ал қаламаса, соғысты бірден тоқтата алады» деп мәлімдеді. Ол Зеленскийге «келісімге келу керек, Ресей – өте үлкен держава, ал Украина олай емес» деп кеңес берді.

Трамптың «келісімге келу керек» деген үндеуі Кремль позициясымен астасып жатыр. Шынында да, Аляска кездесуі сырт көзге «1:0 есебімен Путиннің пайдасына аяқталғандай әсер қалдырды» дейді талдаушылар. Өйткені Путин өз талабын айқын қойып, Трампты бітім шартын өзгертуге көндірсе, Трамп оған жауап ретінде нақты ештеңе айта алған жоқ.

Путин мен Трамп
Фото: BBC

Уақытша бітім Путинге тиімсіз бе?

Путиннің Аляскадағы ұсыныстарына Еуропа аса күмәншілдікпен қарайды. Оның бір себебі – Мәскеудің уақытты созып, күш жинап алу тактикасы болуы мүмкін деген қауіп. Бұған қоса, кей сарапшылар Путинге соғысты дәл қазір тоқтата салу тиімсіз болуы да мүмкін деген тосын ой айтады. Себебі соғыс аяқталса, Ресейге бір мезетте жүз мыңдаған сарбаз үйіне қайтады. The Insider басылымының бағалауынша, соғыс біткен соң майданнан Ресейге бір миллионға дейін жауынгер оралуы ықтимал. Осы «АӘО (арнайы әскери операция) ардагерлері» деген жаңа әлеуметтік топ қазіргі Ресей қоғамында айтарлықтай рөл атқаратын болады. Олардың көбінің соғыстан күтері бар – біреуі мемлекеттен сый-құрмет пен жеңілдік күтсе, енді бірі өзін «жеңімпаз қаһарман» сезінуі мүмкін. Бірақ бейбіт өмірдің шындығы олардың үмітіне сай келе ме – белгісіз. Ең бастысы, бұл ардагерлердің арасында ондаған мың түрмеден соғысқа алынған қылмыскерлер бар. 2014–2023 жылдары Украинаны басып алу үшін Кремль абақтылардағы ауыр қылмыскерлерге дейін қарулы күшке тартқаны мәлім. Мысалы, бір ғана «Вагнер» жеке әскери тобы 2022 жылдың ішінде түрмелерден 50 мыңға жуық сотталушыны майданға жібергенін мойындаған. Олардың бір бөлігі мерт болып, тағы бір бөлігі жарты жылдық келісімін өтеп, амнистия алып, еліне оралған. Осы қайтып келген бұрынғы сотталған жауынгерлердің ішінен адам өлтіру, зорлық-зомбылық қылмыстарына қайта барғандар саны өсіп келеді. Батыстағы ақпараттың дерегі бойынша, 2023 жылы Ресейде соғыстан қайтқан жауынгерлер жасаған кісі өлтіру қылмыстары бұрынғы жылдармен салыстырғанда 900 пайыз көбейген. Міне, сондықтан, кей талдаушылардың пікірінше, Путинге соғысты кенет тоқтату саяси тұрғыда тиімсіз. Миллионға жуық қарулы сарбаз, оның ішінде біраз бөлігі өткенінен сабақ алмаған, қоғамдық өмірге бейімделмегендер ресейлік қалаларға лап қойса, ел ішіндегі тұрақтылыққа қатер төнуі ғажап емес. Сол себепті, Путинге соғысты дәл осы жерден үзе салу ішкі тыныштық үшін де тиімсіз болуы мүмкін.

Зеленский мен Трамп және ЕО басшылары
Фото: Anna Moneymaker / Getty Images

Вашингтонға Зеленскиймен бірге кімдер барады?

Аляскадағы келіссөзге Украина тарапынан ешкім қатыспағаны түсінікті. Еуроодақ басшылары АҚШ пен Ресей мәмілесі Украина мүддесін шектемеуге тиіс деп мәлімдеп, Вашингтонға өз позицияларын жеткізуге кірісті. Саммиттен кейін дереу Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен бастаған бір топ еуропалық лидер Зеленскиймен бірге АҚШ-қа аттанатынын мәлімдеді. Олардың қатарында НАТО-ның жаңа бас хатшысы Марк Рютте, Ұлыбритания премьері Кир Стармер, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Италия премьері Джорджа Мелони және Финляндия президенті Александр Стубб бар. Мақсат – Зеленскийге Ақ үйдегі кездесуде қолдау көрсету және Трамппен бірлесе отырып, Ресей ұсынған бейбіт келісім жобасын талқылау. Себебі еуропалық лидерлер Путиннің бейбіт ниетіне аса сене қоймайды. Трамп оларға қандай уәж ұсынарын соңғы кездесуден кейін анықталмақ. Әзірге, түрлі сарапшылардың пікірі Аляскада түк шықпағанда Вашингтоннан бірдеңе дәмету қиын дегенге саяды. Еуропа көшбасшылары да ұрда-жық Трамп Зеленскийді жығып бермесін немесе алдындағыдай сөзге келіп қалмасын деп еріп бара жатқандай көрініп те кетеді.

Қазір негізгі назар Вашингтондағы келіссөз нәтижелерінде. Егер АҚШ пен Еуропа Украинаға нақты қауіпсіздік кепілдіктер пакетін ұсынса, бұл Киевті күшейтеді. Онда Украина Путин талап еткен ымыраларға бармай, соғысты өз шарттарымен тоқтатуға тырыса алады. Ал егер Батыс бірлігі сетіней бастаса немесе Трамп Украина мүддесін елеусіз қалдырып, тек тез арада мәміле жасауға ұмтылса – онда бұл Мәскеудің сценарийіне сай келеді. Ондай жағдайда Украина болашақта тағы да қауіп төндіретін бітімгекеледі деген сөз. Бірақ тараптардың кездесу алдындағы мәлімдемелеріне қарап, бұл кездесуден нақты бір нәтиже күтуге болмайтын сияқты.

Бір сөзбен айтқанда, әлем шекараларға күшпен өзгеріс енгізілетін дәуірге қайта қадам басқандай. Мұның арты не болары белгісіз. Себебі өткен ғасырдың ортасында бұл жағдайдың соңы жақсылықпен аяқталмаған.

Тұрсынбек БАШАР