Әміржан Қосан: «Тоқаевтың төрт түйткілі мен бір тұғыры»
Қаңтардағы қанды қырғыннан кейін біз мүлдем басқа елде өмір сүріп жатырмыз. Бәрі өзгерді – билік те, қоғам да!
Бұрын қатып-семіп қалып, мызғымастай көрінген құбылыстар мен құндылықтарға, оқиғалар мен тұлғаларға деген көзқарас өзгерді.
Ескілер «Өзгерістер кезінде өмір сүруден сақтасын!» деген бір көп мағыналы сөз қалдырыпты. Осынау аласапыран кезінде әркім өз мүддесін қорғап, өз мақсатына жеткісі келетін сияқты. Бұрын-соңды көзге түспей жүрген күштер мен «қайраткерлер», жария және жасырын құрылымдар саяси апақ-сапақта өз ұпайын жинап әлек. Бас биліктің ауысуы тұтас бір формацияның ауысуына ұқсап барады.
Мен болсам, осынау қысылтаяң, мемлекеттің іргетасына сына қағылып жатқан жауапты кезде: «Елімізді қалай сақтап қаламыз?» деген сауал төңірегінде ойланып жүрмін.
Иә, қаңтардан кейін қоғам қақ жарылды. Және де ол бөліну «Тоқаевты қолдайтындар мен қолдамайтындар» деген таптаурын да тұрпайы формулаға ғана сая бермейді. Оның астары анағұрлым терең.
Иә, біз оппозиция өзгерістердің неғұрлым жылдам жүзеге асқанын қалаймыз. Ол тұрғыдан біз реформаларды біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асырғысы келетін президентпен келіспеуіміз мүмкін. Бірақ егер де ол «байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты азайтамыз», «бір әулет ел экономикасын иемдене алмайды», «олигополия мен монополияны жою керек», «квазимемлекеттік секторды түбегейлі қайта құрамыз», деп жатса, ол бастамаларға неге қарсы болуымыз керек?!
Қазір биліктің өзі қақ жарылды. Ескі деп еңіреп, көне деп күңіренушілер де бар, мемлекеттік қызметке жаңаша рух, жаңаша серпін берілгеніне қуанып, президентті шын жүректен қолдайтындар бар.
Оппозиция да қақ жарылды. «Бұл билікке ешқашан сенуге болмайды», – деп, кез келген оң бастамаға күмәнмен қарап, көңілі толмаушылар да бар, «мына президенттің сөзі дұрыс екен, ісі де сондай болғай», – деп үміт артып отырған демократтар да бар.
Ұлттық тұрғыдан да қоғам қақ жарылғанын мойындау керек. Алаңға шығып, алдымен бейбіт ұран көтергендер, содан кейін арандап, содырлыққа салынғандар да, кейін полицияға түсіп, азапталған да, тіпті азаптағандар да (?!) – өзіміздің қара көздер емес пе?! Бәлкім, осы тұрғыдан алғанда, елдегі диаспора өкілдерінің қоғамдық өмірдегі түпкі мүддесі мен рөлін қайта қарау керек болар? Соның ішінде, «майдандатып», жалаулатып жүріп, бір күнде Қырым, Донбасс пен Луганскіден айырылып қалған Украинаның ащы сабақтарын және солтүстік аймағымызда Ресей қолтығына су бүркіп отырған сепаратистер бар екенін ескерсек, артық болмас.
Сөз жоқ, Қаңтардан кейін президент Тоқаев күшіне мініп, дербес басшы ретінде шешім қабылдап жатыр. Жария еткен біраз бастамалары көңілге қонымды-ақ. Олар жүзеге асып жатса, құба-құп. Осы тар жол, тайғақ кешуде Тоқаевтың алдында төрт түйткіл күтіп тұр деп санаймын.
Бірінші түйткіл. Ол – ескіні қайта қалпына келтіріп, саяси реванш алғысы келетін, кешегі күнге дейін елді билеп-төстеп, халық меншігін иемденіп, іріп-шіріп байыған, түкірігі жерге түспей келіп, бүгінде президенттің сынына ұшырап, қызметтері мен бизнесінен айырылып жатқан кландар. Дүйім жұрт алдында масқарасы шығып жатқандар ендігі жерде аумалы-төкпелі заман талабы мен тағдыр тәлкегіне көне салып, қол қусырып, қарсы әрекетке бармай, тыныш отыра берер ме екен?
Оған күмәнім бар! Өйткені, формальды түрде қызметінен кетсе де, олардың мұртын балта шапқан жоқ, миллиардтары өз шоттарында қалды. Сол қаржы көкірегін теспегенде, не істейді? Оқшантайдан ұшып кеткендер әлі де кәрі емес, қайратты, шетінен «сен тұр, мен атайындар». Ал бізде «кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді», деген мәтелдің өзектілігі әлі де жойылған жоқ! Керісінше, билік транзиті секілді қазіргі аса жауапты кезеңде ол нақыл жаңаша сипатқа ие болып, түрлене түседі!
Осынау жағдайда президент өзінің саяси ерік-жігерін танытып, ескі жүйе мен оның символдарымен ат құйрығын кесісіп, қоштаса ала ма? Өзіне бір күнде дұшпан боп шыға келген қауқарлы кландар мен дүлей күшті династиялардың қоқан-лоққысынан именіп қалмай ма?
Ол күштердің өкілдері әлі де билік ішінде отырғанын ескерсек, президенттің игі бастамаларына саботаж жасауы да мүмкін. Оның кейбір көріністері осы күннің өзінде-ақ көзге ұрып тұр. «Нұротанның ішінде де оппозиция бар», – деп президенттің өзі мойындады емес пе күні кеше?
Сондықтан да, бетін аулақ қылсын, тағы да мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті қайталанбайды деп ешкім де кесіп-пішіп айта алмайды.
Екінші түйткіл қоғамның пікір алуандығында. Өркениетті елде солай болу да керек. Сондықтан да кез келген қоғамда (құй, ол – супердемократиялық болсын, құй, тоталитарлық болсын, бәрібір) оңшыл, солшыл және центристер, либералдар мен консерваторлар, эволюционерлер мен революционерлер, радикалдар мен кезең-кезең реформаны қалайтындар, ұлтшылдар мен интернационалистер болады. Сондықтан да болашақта президент ұсынатын кез келген бастама осы күштер тарапынан қолдау да, қарсылық та көреді. Ол – объективтік жағдай. Плюралистік қоғамның президенті болу оңай емес. Әсіресе, шектен шыққан популизм ерекше танымал болып, маргиналды топтардың саяси құралына айналған тұста, реалистік саясат жүргізу – қиынның қиыны! Ең бастысы, Тоқаев сынға төзімділік танытып, билікке көңілі толмайтындардың бәрін өзінің дұшпаны деп қабылдамай, Назарбаевтың қателігін қайталамауы керек!
Үшінші түйткіл. Саяси күресті өз ұпайын ғана көздеп, азуын Айға білеген амбицияларын қанағаттандыру құралына айналдырып, жеке бас вендеттасы деп түсініп, кекшілдікке салынған атышулы, өзін «оппозиция» атап жүрген тұлғалар. Кезінде ел байлығын тонап, оны сыртқа шығарып, сол қаржыға революция (көтеріліс, төңкеріс, бүлік және тағы басқа қанды салдары бар күрес формалары) жасағысы келетіндер. Олар іште де, сыртта да бар.
Бір қитұрқылығы сол: Назарбаев не Тоқаевты жек көретін олар өздерінің іс-әрекетіне таза саяси сипат бергісі келеді. Демократиялық ұрандарды паш етіп, режиммен жанқиярлық күреске, алаңдар мен көшелерге шақырады (бірақ өздері шетелде компьютер алдында кофе ішіп отырады!). Сөйтіп, кешегі Қаңтар қырғыны секілді қанды оқиғаларға әкеп соқтыратын трагедияларға қасақана арандатады. Мойындарына қан арқалаудан кет әрі емес. Қарап отырсаң, олардың жағдайы ел жағдайы нашарлаған сайын жақсара түсетін сияқты.
Ендігі жерде осы күштер жаңаша серпін алуы мүмкін. Өйткені, шынымен де созылмалы дағдарыс пен пандемиялық шектеулер онсыз да ілдәлап тұрған экономиканы тұйыққа тіреп, тұралатып, әбден елдің еңсесін түсіріп жіберді. Туннельдің соңында жарық көрінетін түрі жоқ. Бұл дегеніңіз – наразылық танытуға сылтау да, себеп те көбеймесе, азаймайды деген сөз. Арнайы арандатушылар осы жағдайда қимылсыз қалмайтыны анық.
Төртінші түйткіл. Соңғы кезде Қазақстанға сыртқы күштердің назары ауған сияқты. Біздегі билік транзитінің әлемдік әр держава өз мүддесіне сай өткенін қалайтыны, айтпаса да түсінікті. Осы «әлемдік шахмат тақтасындағы» сұрапыл ойында көршілермен де тату-тәтті болып, қаны бір туыстарды да ұмытпай, Батыс демократияларымен де жанды байланысты үзбеу секілді аса қиын міндет тұр. Кәнігі дипломаттың президентке айналу метаморфозасының бір сыны осы болар. Бір тілек: мемлекет пен ұлттың түпкілікті мүдделерін қорғауда президент тек қана СІМ-ге емес, осы тұғырнама төңірегінде топтасқан демократиялық күштерге арқа сүйегені абзал. Ондай тактика геосаяси маневр жасауға көп мүмкіндік береді.
Осынау төрт түйткілді өз мүмкіндіктеріне айналдырып, жұртқа берген уәделерін орындау үшін президент не істеу керек?
Меніңше, оның бір ғана жолы бар.
Ол мемлекеттік органдар мен билеуші партияға, нақты кландар мен ықпалды топтарға емес (олардың бәрі бір күн ішінде Назарбаевтан түңіліп шыға келді емес пе?!), халқына сүйенуі шарт!
Халық президентке сену үшін президент өз халқына сену керек! Өсіп, өнемін деген кез келген басшының басты тұғыры – халқы!
Осы орайда, әлі де қоғамда қызу талқыланып жатқан мына мәселенің де ақ-қарасын ашып алу керек сияқты.
Мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте президент бар жауапкершілікті өз мойнына алып, нағыз террористік әрекеттерге барғандарды ескертусіз атуға бұйрық берді. Өз басым, президенттің бұл шұғыл пәрменін Қазақстанда бұрын-соңды болмаған (ешкімнің де үш ұйықтаса түсіне кіріп шықпаған!) атыс ұйымдастырып, айналасын қырып-жойып бара жатқан қандықол қылмыскерлерді тоқтатуға бағытталған шешім деп қабылдаймын. Иә, бәрі бейбіт түрде басталды. Бірақ соңы сұмдық арандатуға ұласып, жаппай тәртіпсіздік болғаны да рас емес пе? Шерушілердің бейбіт энергиясын арам күштер өз мақсатына пайдаланып кетті ғой! Егер де сойқан салып жатқан содырларды сол күні тәубасына келтірмегенде, ертеңгі күніміз не болар еді? Әлі де қаншама адам, соның ішінде, бейбіт азаматтар, қырылар еді?
Ендігі жерде болған оқиғаларға мейлінше, әділетті әрі объективті баға берілуі үшін, барлық фактілер ашық түрде жарияланып, халықтың назарына ұсынылуы тиіс! Және де оған, ең алдымен, президенттің өзі мүдделі болады деп түсінемін.
Ол үшін, ең алдымен, Қаңтар қанды қырғынына қатысты бірде-бір күмәнді сұрақ қалмауы тиіс! Ең бастысы – мемлекеттік төңкеріс әрекетінің басында кім тұрды? Әрине, ол жауап дүниені дүр сілкіндіріп, жер сілкінісі секілді өзінен кейін афтершок туғызып, бір тұлғаны ғана емес, оның астыртын сыбайлас, ниеттестерін өзімен қоса түрмеге (көрге!) алып кететіні хақ. Оның өзі билеуші топтар арасына тектоникалық сына қағып, талай абырой мен беделдердің бір сәтте құлдырауына әкеп соғатыны да белгілі. Жеме-жемге келгенде, мемлекеттің ұстындарына зиян келері анық. Бірақ соның бәріне қарамастан, басты айыптылардың аты аталып, түсі түстелуі тиіс! Және де сол күндері қаза тапқан, жарақат алған әрбір адамға қатысты іс қозғалып, бейбіт адамдарға қасақана оқ атқан жауыздар анықталып, жазасын алуы тиіс! Қанды қырғын құрбандарының аруақтары да риза болар еді сонда! Сол жауаптан соң, қайғыдан қабырғасы қайысып отырған жұрттың президентке деген сенімі арта түспек!
Полицияда азапталып жатқан азаматтарға қатысты өзі берген тапсырманың да нәтижесін тезірек жариялап, бейбіт шеруге шыққан барша азаматты дереу абақтыдан босатуға пәрмен беріп жатса, әділдік кеш те болса, орнар еді.
Күні кешегі дейін жұмсақ орнынан жылжымастай боп келген кадрлардың отставкаға кетуі Тоқаевтың күшіне мінуінің ғана көрінісі емес, ол процесс билікті шынымен де жаңалаудың бастамасы ретінде қабылданып жатқанын мойындау керек.
Әрине, кадр саясатында сабақтастық, бірізділік қажет екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бар шендіні бір күнде ауыстыру мүмкін емес шығар. Қазіргі шенеуніктердің ішінде де халқына адал қызмет етіп жүрген, таза да талантты адамдар бар. Бірақ басшы қызметтерге келіп жатқан ескі кадрлар президент жария еткен Жаңа Қазақстанды құра ала ма екен?
Азаматтық қоғамда қаншама кәсіби мамандар мен жаңашыл ойлайтын кадрлар бар! Соларды өз командасына тартса, Тоқаев еш ұтылмайды! Ең бастысы, ол Назарбаев тұсындағы кадр саясатындағы ең өрескел қателіктерді – отбасы мүшелерін билік пен үлкен бизнеске тарту, тамыр-таныстық, жершілдік пен рушылдық, жеке басқа табыну секілді құбыжық дәстүрлерді қайталамаса болды. Өзінің кейбір туыстарын ресми қызметтен шығаруына қарағанда, президенттің ондай оң ниеті бар сияқты.
Бір сөзбен айтқанда, президент Тоқаев ашық кетті. Отыз жыл бойғы экономикалық модельді ащы сынға алды. Елде қордаланып қалған және біз, оппозиция көтеріп келе жатқан көп проблеманың басын ашып берді.
Бірақ президент саяси сала реформасына әлі кіріскен жоқ.
Бізге сол керек! Өйткені, ол өзгеріс осы күнге дейін булығып жатқан халықтың ішкі қуатына даңғыл жол ашып береді. Сол мол қуатты, күш-қайратты, сол қолдауды президент өз реформасында қолданбаса, қолға алған жаңаруы жүзеге аспай қалуы мүмкін!
Өйткені, халықтың қолдауынсыз кез келген жақсы бастама – тұл!