Amnesty International: Иран билігі түрме басшыларының вируспен күрес жөніндегі өтінішін елемеген

01.08.2020, 02:59

3

Халықаралық Amnesty International ұйымы қолына Иран түрмелерінің басшылары қол қойған бірқатар құжат түскенін, онда Иран үкіметі түрме жетекшілерінің коронавируспен күреске қажетті жабдық беру туралы өтінішін елеусіз қалдырғанын мәлімдеді.

Штаб-пәтері Лондонда орналасқан ұйымның 31 шілдедегі баспасөз хабарламасында бұл хаттар елде жеке қорғаныс жабдықтарының, залалсыздандыру заттарының және негізгі медициналық құралдардың жетпей жатқанын көрсетеді делінген.

Amnesty хатта көтерілген мәселелер Иран мемлекеттік түрмелер ұйымының жетекшісі Асгар Джахангирдің ресми мәлімдемелерінен "қатты ерекшеленеді" дейді. Осыған дейін Джахангир Иранның түрмедегілерді пандемиядан қорғауға арналған шараларын мақтаған.

«Халықтың көптігі, вентиляцияның нашарлығы, санитария мен медициналық жабдықталудың ең төменгі талаптарының орындалмауы, жазасын өтеушілердің денсаулық мәселелерін елеусіз қалдыру Иран түрмелерін Covid вирусының тарауына ыңғайлы орын етеді», делінген Amnesty мәлімдемесінде.

Түрмелер ұйымы денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Иран денсаулық сақтау министрлігіне алғашқы хатты 29 ақпанда жолдаған. Одан кейін наурыз, мамыр, маусым және шілде айларында төрт хат жіберілген. Бұл – Amnesty ұйымының көрген хаттары.

“Бұл ресми хаттар үкіметтің жағдайы мүшкіл жазасын өтеушілерді қорғай алмағанын көрсетеді. Залалсыздандыру заттарын, қорғаныс жабдықтарын және медицина құралдарын жіберу туралы өтініш бірнеше ай бойы еленбей келген" дейді Amnesty ұйымының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка жөніндегі директорының орынбасары Диана Элтахави.

Иран коронавирус пандемиясына ақпан айында тап болды. Ресми статистика бойынша, осы уақытқа дейін Иранда коронавирус 300 мыңнан астам адамнан анықталған, 17 мыңға жуық адам аурудан қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар мен көз жұмғандар саны бұдан жоғары деген пікір бар. Кейінгі апталарда Иранда вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар күрт артқан.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39