Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:15

Амнистия – бюджетке үнем, «Самұрық-Қазына» – экономикаға кедергі

Парламент
Фото: ашық дереккөз

Парламенттен репортаж

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы осымен оныншы рет өткізілейін деп отырған жазасын өтеп жатқандарға қатысты рақымшылық шарасы шамамен 15 мың адамды қамтиды. Қарапайым есепке салғанда түрмедегілердің әрбір үшіншісіне бостандыққа шығуға немесе жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндік туып тұр. Ата заңымыздың 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы қазір қоғамда қызу талқыда. Парламент мәжілісінің жазғы каникулға кетер алдындағы соңғы заң жобаларының бірі осы сәрсенбідегі апталық отырыстың басты тақырыбы болды. 

Өздері көтеріп, өздері әзірлеген заң жобасын талқылауға келгенде де депутаттар тартынып қалмай көсіле сөйледі. «Өмірде қателік жасап, кейін өкініп, мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдар үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан ізгілік актісі» деп тұрып таныстырған құжаттың жариясын әбден келістірді. Жаза басса да өз халқы, мемлекет ешкімді сыртқа теппейді деген түсінікті санаға сіңдіргісі келгендей, сөз алғанның бәрі келісті заң екен деп қолпаштаумен болды.

1999 жылдан кейінгі ең ауқымды рақымшылық

Құжатты мінберге шығып таныстырған мәжілісмен Абзал Құспанның айтуынша, қазір бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі ҚАЖ-дың 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда. Олардың ішінде 33 мыңы сотталған, қалған 7 мыңы тергеудегілер. Түрмедегілердің 90%-дан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс санаттарымен отыр. Олардың 16%-ы қайталап қылмыс жасағандар. Бұдан басқа, бас бостандығынан айырумен байланысы жоқ жазаға кесілгендер 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында отырған 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебіндегі 9 мың адам – барлығы 15 мың адам қамтылады. Соның ішінде ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебіндегі 3,5 мың сотталған – барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Жалпы, алғашқы амнистия 1999 жылы болған екен. Сол жылы 53 мың адамға кешірім берілген. Осы жолғы рақымшылық содан бергі ең ауқымдысы болғалы тұр.

Осылай мақтауын келістіре отырып, депутаттар мәселенің екінші қырын да ашып берді. Оның мәні мынада. Депутат Бақытжан Базарбек мынадай дерек келтіреді: қылмыстық саясат саласындағы World Prison Brief әлемдік институтының жылдық есебі бар. Онда 222 мемлекеттің рейтингі жарияланған. Соған сәйкес Қазақстан түрмедегілердің саны жағынан 51-орында. 2018 жылы 33 989 адаммен 84-орында болған екенбіз. Сосын 2017–2022 жылдар аралығында 2 500 адамды босату арқылы 98-орынға көтеріліппіз. Бірақ 2022 жылы қайтадан 33 217 адаммен 51-орынға қайтадан сырғып кетіппіз. Бұдан шығатын түсінік, демек Қазақстан соңғы жылдары адам соттау статистикасын күрт арттырып жіберген. Енді тұрмыстың қиыншылығынан сол түрлі қылмысқа баруға мәжбүр болғандарды қайтадан кешірім танытып, босатып жіберудің амалын қарастырып әлек.

Екіншіден, түрмелер осылай қылмыскерге тола берсе, оларды асырап отыру мемлекетке едәуір жүк. Жыл сайын триллиондаған тапшылықтан көз ашпайтын республикалық бюджет үшін бұл өте өзекті мәселе. Оның үстіне, белгілі адвокат Айман Омарованың Қазақстан түрмелеріне адам сыймай барады деген пікірі отандық ақпарат құралдарында жарияланды. Ол өз сөзінде Жауғаштыдағы әйелдер колониясы 550 адамға есептелгенімен, ондағы жазасын өтеушілер саны 650-ге жеткенін мысалға келтіреді.

Абзал Құспан да сотталғандарға кететін мемлекет шығынының есебін айтып берді. Оның есебінше, рақымшылық жасау мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруға және жүктемені азайту есебінен ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, рақымшылық шарасы депутаттар айтқан көлемде жүргізілсе, онда бюджет қаражаты жылына 4,8 млрд теңгеге үнемделеді.

Жұбанов «Самұрық-Қазынаға» қайта шапты

Соңғы кездері «Самұрық-Қазынаға» қадалып жүрген Әділ Жұбанов осы жолы көздеген алпауыт компанияға қайта шапты. Әлсін-әлсін көтеріп, тақырыпты айналсоқтап жүргеніне қарағанда ақыры бір өзгеріс болады-ау деген ой туады. Бүтін бір мемлекеттің маңдайалды деген квазимемлекеттік компанияларын түгел уысында ұстап отырған акционерлік қоғамға анау-мынау адамның тісі батпайды. Топ-менеджерлерінің шекесін шылқытып отырғаны болмаса, ел экономикасына орасан кедергі болып отырғаны осыған дейін де талай айтылған. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Қаңтар оқиғасынан кейін реформаға көнбейтін (!) бұл құрылымды таратып жіберетіндей кейіп танытқан. «Самұрық-Қазынаның» содан бір жері қисайса қане?! Әйтеуір Жұбанов қайтар емес. Мамырдың ортасындағы отырыста:

«Елде соғыс немесе басқа төтенше жағдай болып жатыр ма? Бұл – бүкіл елдің ұлттық қазынасын, байлығын ұрлауға жеңіл болсын деп бір қолға алып беру деген сөз. Бұл – нағыз ұрлық. Айдың-күннің аманында, тыныш, бейбіт заманда сатып алуды бір көзден өткізу ешбір заңға сай келмейді. «Самұрық-Қазынаға» қарсымын. Оны таратып, қызметін бәсекелес ортаға беру керек. Қор құрамындағы компаниялар өз күнін өзі көрсін», – деген. Енді:

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы дағдарысқа қарсы саясаттың стратегиялық институты және ұзақмерзімді экономикалық өсудің қозғаушы күші ретінде, Сингапурдың Temasek Holdings сияқты табысты қорының үлгісімен құрылды. Алайда іс жүзінде қордың қызметі экономикалық тиімділік, сондай-ақ ашықтық пен есептілік тұрғысынан қоғамның сенімсіздігін тудырып отыр», – деді.

Мысалы, 2023 жылғы мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай электрондық базасының деректері бойынша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы сатып алулардың 60%-дан астамы бір көзден жүзеге асырылған. «Бәйтерек» АҚ сияқты еншілес құрылымдарда да осыған ұқсас жағдай байқалады, мұнда бұл көрсеткіш шамамен 50%-ды құрайды. Мұндай әрекеттер нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес келмейді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады, бұл монополияның пайда болуына ықпал етеді. Сайып келгенде, Temasek Holdings моделін біздің нарыққа бейімдеу әрекеті сәтсіз болып шыққан.

Оның үстіне, активтердің бір қорға қомақты шоғырланып қалуы (ЖІӨ-нің 50%-ға дейін) және уақытылы сыртқы аудиттің болмауы тиімсіз тірлік екені көрініп отыр. Оның арты, басқару жүйесі де тоқыраған. Қордың негізгі активтері – «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, KEGOC АҚ рентабельділігін талдап қараса олардың қаржылық көрсеткіштері төмендеген, ашық трансформация стратегияларының жоқтығынан қарызы артқан. Сондықтан қалай да компанияның және оның еншілес құрылымдарының жұмыс тиімділігіне ұлттық және халықаралық тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты сыртқы аудит жүргізу қажет. Сонымен қатар уысында ұстап отырған активтерді нарыққа беріп, «Самұрықтың» пайдасы болмаса таратып жіберу керек дейді депутат.

Баспана нарығына жаңа ұсыныс

Жұбановтың әріптесі Ерболат Сатыбалдиннің жолдаған сауалы әлдеқайда қызықты болды. Депутаттың айтуынша, мемлекет тұтынушылық несиені қолдап, тұрақты өмір сүруге мүмкіндік беретін тұрғын үй мәселесін екінші кезекке ысырып қойған. Осыған байланысты бірқатар ұсынысын беріп отыр.

Біріншіден, «Жалдаудан сатып алуға» (Rent-to-Buy) жүйесін енгізуді сұрайды. Өйткені көп адам үй алғысы келеді, бірақ бастапқы жарна басты кедергіге айналған. Пәтер жалдап жүрген азаматтардың жалдау ақысының бір бөлігі кейін сатып алатын үйінің алғашқы төлемі ретінде есептелсе, әлдеқайда дұрыс болар еді. Мысалы, айына 200 мың теңге төлесе, соның 50 мың теңгесі алдағы уақытта үйді сатып алғанда алғашқы жарна ретінде саналу керек. Осылайша, адам үш жыл ішінде үйге ақша жинаумен бірге, төлем қабілетін де дәлелдеп үлгереді. Бұл жүйе біздегі жастарға, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік осал азаматтарға өте қолайлы.

Екіншіден, цифрлық «жылдам ипотека» жүйесі қажет. Мемлекеттік органдар мен банктер арасында дерек алмасу жүйесін біріктіріп, онлайн рәсімдеу жүйесін енгізуді сұрайды. Қазіргі автонесиелеу жүйесі секілді тұрғын үйді де онлайн, жедел әрі бюрократиясыз рәсімдеуге мүмкіндік беретін механизм болу керек.

Үшіншіден, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру үшін қаржыландыру тетіктерін жаңғыртуды ұсынды. Ондай жағдайда тек «Отбасы банк» емес, басқа банктер де тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік алады.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Астана

Тегтер: