9 көпбалалы ана мемлекеттік наградаларының иегері атанды

Қоғам дамуында ана мен бала өмірі үлкен жауапкершілікті талап ететіні түсінікті жайт екені анық.
Бүгінде ана мен бала денсаулығы мен қауіпсіздігі мемлекеттің назарындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы орайда Алматының Жетісу ауданында көпбалалы аналар құрметке ие болды. Алматы қаласының көпбалалы аналары «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттарын алды.
Алматы қаласынан 9 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларының иегері атанды. Олардың барлығы дерлік Жетісу ауданының тұрғындары.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №645 Жарлығына сәйкес, екі анаға «Алтын алқа» тағайындалса, тағы жеті ана «Күміс алқа» иегері атанды.
«Біз тәрбиелеп отырған балаларымыз елімізге және халқымызға адал қызмет етсе, бұл біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Әрбір ана тек балалардың санымен ғана емес, сонымен қатар олардың тәрбиесімен де жауапты деп ойлаймын, себебі бұл үлкен жауапкершілік. Қазақстанның болашағы жарқын болып, балаларымыз аман болсын, еліміз гүлдене берсін!» - деді «Алтын алқа» иегері Аяна Әлішева.
Алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Гүлзана Халбекова да өз сезімдерімен бөлісіп өтті.
«Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Өзім де көпбалалы отбасында дүниеге келіп, тәрбиелендім, біз ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығына әбден тойып өстік. Біздің балаларымыз да бір-біріне қамқорлықпен, мейіріммен қарым-қатынас жасайды. Елімізде бейбітшілік пен ынтымақ болып, қоғам біріне бірі мейірім төксе, аналар да өз құрсағынан шыққан балаларын алаңсыз тәрбиелей алады деп ойлаймын. Көпбалалы ана болу – үлкен бақыт, әрбір отбасына осындай бақыт тілеймін!» - деп атап өтті Гүлзана Халбекова.
Өз сөзінде Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева жоғары наградалар иегерлерін құттықтап, ұлттың дамуына қосқан зор үлестері үшін үлкен алғысын білдірді. Бүгінде ауданда барлығы 2 940 көпбалалы ана тіркелген. Олардың ішінде 154 ана «Алтын алқа», ал 305 ана «Күміс алқа» иегерлері бар. Енді олардың қатарына тағы 9 әйел қосылды. Аналардың басым бөлігі білім беру, медицина және басқа да мемлекеттік қызмеьтерде жұмыс істеп, қаланың дамуына үлкен үлес қосуда.