Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:54, 10 Сәуір 2025

Ана мен бала өлімі: Әлназарова да, Қарашөкеев те үнсіз

бала
Фото: из открытых источников

Сәуірдің басында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен келісімдер жасап, Қазақстанның денсаулық саласын нығайтуға қатысты маңызды шаруалар атқарып жүргенде еліміздің медицинасында қилы-қилы оқиғалар болып жатты. Әсіресе Жамбыл облысына қарасты екі бірдей ауданның медициналық мекемелері халықтың назарын ерекше аударды.

Біріншісі, Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты ауданаралық орталық ауруханада жүкті әйелдің өлімі тіркеліп, марқұмның бұзыла бастаған денесін жұбайы жертөледен тапты. Жұртшылықтың жағасын ұстатқан бұл шулы оқиға әлі де қоғам назарында тұр. Дәрігерлер қазір 25 жасар марқұм келіншектің бала көтерген сәтінен бастап, қаза болғанға дейінгі аралықтағы денсаулық жағдайын баяндап, қайғылы оқиғаның себебі мен салдары жөнінде есеп беріп әлек. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Шу ауданының емханасы мен ауданаралық орталық ауруханасына тексеру жүргізіп, аурухананың бас дәрігері мен перзентхана бөлімшесінің меңгерушісін лауазымдарынан шеттетті. Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев қатаң сөгіс алды. Медициналық көмек көрсетудің стандарттары мен қағидаларын бұзған басқа медициналық қызметкерлер жұмыстан шығарылып жатыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Шуға ұшып барып, ондағы шуды осылай басуға тырысты. Бірақ бар мәселе осылай жұмыстан шеттету, сөгіс, жұмыстан шығарумен біте сала ма? Елді күпті қылып отырған негізгі мәселе – осы.

«Бір айналдырса шыр айналдырады» дегеннің кері ме, әлде Жамбыл облысындағы медицина өзінің ауыр халін бір көрсетейін деді ме, бұл істің аптығы басылмай жатып, Жамбыл облысы Қордай аудан Өтеген ауылының тұрғыны Ажар Тургунбаева алты айлық баламды Қордай аудандық ауруханасының дәрігерлері өлтірді» деп дабыл қақты. Баласынан айырылып қара жамылған ананың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.

Міне, осылайша қысқа уақыттың ішінде бір облыста болған екі бірдей жантүршігерлік оқиғаны «Жас Алаш» талдап, тексеріп көрді.

Министрлік пен басқарма бас қатырмайды

Алдымен «денсаулық сақтау министрлігі қандай шаралар қолданады, қалай әрекет етеді» деген сұрақпен ведомствоның баспасөз қызметіне хабарласқанымызбен, тілдесу мүмкін болмады. Тікелей сауал да жолдадық. Алайда бір күн бойы тырс еткен жауап ала алмадық. Әшейінде дені сау ұлт, ана мен бала өлімін азайту жөнінде жағы талмай есеп беріп жататын мемлекеттік орган өкілдері телефонға да, хатқа да жауап берген жоқ. Ақыры министрлікке электронды үкімет арқылы ресми түрде сауал жолдауға тура келді.

Соншама оқиға болып жатқанда, бүкіл Қазақстанның назары қадалып отырғанда ләм-мим демей жатып алған министрліктің бойкүйез баспасөз қызметінен қайран болмаған соң, Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандарына қоңырау шалдық. Аталмыш ведомствоның мамандары да бірден бұл мәселе жөнінде телефон арқылы ақпарат бере алмайтындарын, сондықтан Е-Өтініш платформасы арқылы ресми түрде сауал жолдауымыз керектігін айтты. Сауалымызды жолдадық. Соған қарағанда, уақыт ұтуға тырысып жатқан сияқты.

Бір айда бір ауруханаға төрт рет барған ананың айтқаны

Күйіп тұрған проблема кезінде басын құмға тыққан түйеқұстың әрекетіне салынған мемлекеттік органдар мәселені ашып айтуға асыға қоймаған соң, «алты айлық баламды Қордайдың дәрігерлері өлтірді» деп ашынған ана Ажар Тургунбаеваны іздеп тауып, өзімен тілдестік.

18 ақпан мен 17 наурыздың арасы. Қордайда

Ажардың айтуынша, Қордай аудандық ауруханасы баласын бір ай бойы емдей алмаған. 2025 жылы 18 ақпан күні Нұрәли Әбутәліп дене қызуы 39,2-ге дейін көтеріліп, Қордай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылады. Балаға талдамалар жасалып, кеудесі рентген аппаратына түсіріледі. Дәрігерлер бронхиттің өткір түрі деген ұйғарыммен емдей бастайды. 18 ақпанда ауруханаға жатқызылған бала 24 ақпан күні үйіне шығарылады. Алайда ем-шара бітіп, үйіне шықса да баланың жағдайы қиындай береді.

«Ауруханадан үйге шыққан күні түнде балам мазасызданып, дене қызуы көтеріліп шықты. 25 ақпан күні таңертең ауруханаға қайта апардым. Бізді «температура жоқ» деп қабылдамай, қайтарып жіберді. Үйге келген соң дене қызуы қайта көтерілді. Ертеңіне ауылдың фельдшерін шақырдым. Ол кісі аудандық ауруханаға жіберді. Аурухананың инфекционист дәрігері ем тағайындап, тағы үйге қайтарып жіберді. Ол емді қабылдадық. Ем біткеннен кейін де температурасы түскен жоқ. Сөйтіп жүргенде наурыз болды.

5 наурыз күні Қордай аудандық ауруханасына тағы бардық. Сол кезде ғана бізді ауруханаға жатқызды. Сол күні баламның қолына катетер (нәрестелерге арналған жіңішке ине) қойып, система салды. Балам түні бойы мазасызданып шықты. 6 наурыз таңертең медбикеге катетерді алып тастауын өтіндім. Өйткені баламның қолының іріңдегенін байқадым. Медбике катетерді алып, қолындағы іріңді сығып шығарды. Не үшін бұлай болғанын сұрағанымда, катетердің дұрыс қойылмағанын айтты. Одан кейін бізді хирург дәрігерге жіберді. Ол кісі қарап «вишневский» жақпа майын берді. Қайта-қайта жараны тазартуға, таңуға хирургия бөлімшесіне барып тұрдық. Жұқпалы аурулар бөлімінде қолы ісіп ауырып тұрғандықтан енді аяғына катетер қойылды. 9 наурыз күні баламның аяғы ісіп, жылай бастады. Кезекші дәрігерді шақыртып едім, баланың аяғы емес, іші ауырып жатқанын айтып, емшара берді. Таңертеңгісін баланы травматолог, ортопед дәрігер қарады, рентген жасады. Аяғында ештеңе жоқ, таза екенін айтты. Бірақ баламның жағдайы күннен-күнге нашарлап, буындарын ұстай алмай қалды. Хирургия бөлімі екі аяғын бірдей «вишневский» мазбен орап тастайтын болды. Бала иығын ұстай алмай, әлсірей бастады. Ақырында емдеуші дәрігеріміз және бөлім басшысы Инара Мамедоваға баланы емдей алмай жатқандарына бір айға жуықтағанын, қолдарынан келмесе облыстық ауруханаға жіберуін сұрадық. Алайда ол кісі баланың талдамалары жақсы екенін, жағдайы жақсара бастағанын айтып, бізді облысқа жібермеді. Бөлім басшысының өзі солай айтып тұрғаннан кейін тағы бір аптаға ауруханада қалдық. 15 наурыз күні баламның дене қызуы 39,4 болды. Сол түні балам қатты мазасызданып шықты. Таңертеңгісін дәрігерге барлығын айттым. Емдеуші дәрігеріміз бізді «далаға шығып таза ауа жұтып, демалып келіңіздер» деп сыртқа шығарып жіберді. Бір сағаттай далада жүріп бөлімшеге келсек, біз сіздерді үйге жібереміз деп отыр. Температура түскен жоқ, бала жазылған жоқ, соған қарамастан, 17 наурыз күні бізді үйге шығарып жіберді».

18 наурыз бен 30 наурыздың арасы. Алматыда

Міне, нақ осындай жағдайда баласын ауруханадан алып шыққан ана сол күні кешкі 19:00-де баланы алып Алматыға жолға шығады. Ойы ірі мегаполистегі дәрігерлерге баланы қарату болады.

«Балам жол бойы дене қызуы көтеріліп келді. Алматыға түнгі 00:00-де келдім. Қалаға келіп бірден жедел жәрдем шақырып, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына бардық. Ондағы дәрігерлер анализдер алып, баланың жағдайы өте ауыр екенін айтты. Анализдерінде қан мөлшері төмен болды. Эритроцит, лейкоциттері көбейіп кеткен. 18 наурыз күні баламның иығы қатты ісіп кетті. 19 наурыз күні мұндағы дәрігерлер бізді енді 2 қалалық балалар ауруханасына жіберді. Ондағы хирургтер қарап, екі бет қағаз жазып беріп, қайтадан жұқпалы аурулар ауруханасына жіберді. «Сондағы дәрігерлер сізге барлығын түсіндіреді» деді. Ақыры бізге «балада сепсис жүріп жатыр» деп сол күні Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық орталығы ауруханасына жатқызды. Сол ауруханада баланың қолы, аяғы, жамбасы, тізесі іріңдеп кеткенін анықтады. Екі өкпесінде пневмония екенін де сол жерде білдік. Баланы бірден реанимацияға жатқызды. Сол күні баланың дене қызуы 41-ге дейін көтерілді. Гемоглобин төмендеп кеткендіктен балаға қан құйылды. Он күннен аса реанимацияда жатты. 29 наурыз күні бала «комаға» түсті. ...30 наурыз күні баламның жүрегі тоқтады»...

Осылайша Ажар 18 ақпаннан 30 наурызға дейін баласының дертіне дауа таппаған. Сәбиін жер қойнына беріп аза тұтқан анаға жерлеу рәсімі өткеннен кейін бес күннен соң Қордай аудандық ауруханасының дәрігерлері келіп кешірім сұрапты.

«Баламды жер қойнына бергеннен кейін бес күннен кейін Қордай аудандық ауруханасының басшылары бастаған бір топ дәрігерлер келіп кешірім сұрады. Келіп отырып «біз кешірім сұрауға келген жоқпыз, көңіл айтуға келдік» дейді. Сонда аудандық аурухананың басшылары әр қайтыс болған балаға барып, осылай көңіл айтып жүре ме?! Мен мұны олардың өзінен де сұрадым. Аурухананың бас дәрігері мен орынбасары «Сіз неге біздің алдымызға бірден келмедіңіз?» дейді. Сонда мен балам ауырып, есім шығып жатқанда бастықтарды іздеп жүруім керек пе?!. Шындығында, біздің жағдайымыздан сол аурухананың бас дәрігері Айдын Байбеков хабардар болып отырды. Бас дәрігерге емдеуші дәрігеріміз және бөлім басшысы Инара Мамедова «баланың жағдайы қалыпты, температурасы түсті» деп есеп беріп отырған».

«Бұл – жала». Аурухананың айтқаны

Енді бұл мәселемен заңгер Бағдат Амандосұлы айналысып жатыр. Ажар заңгердің атына барлық істі жүргізіп, мәселені құзырлы органдарға жеткізуге сенімхат берген.

Мәселенің қалай өрбіп жатқанын білмекке біз заңгерге де хабарластық. Бағдат Амандосұлы құжаттармен енді танысқанын, тиісті органдарға шағым түсірілгенін айтты.

Тек Ажар Тургунбаеваның сөзімен ғана шектеліп қалғымыз келмей, біз Қордай аудандық ауруханасының басшылығына да қоңырау шалдық. Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Тобышақова бөлім басшысы мен бас медбикенің жұмыстан уақытша шеттетілгенін растады және біраз заң соғып, жалған жала жабудың ақыры қалай болатынын ескертті.

«Бала 2025 жылғы 5 наурыз бен 17 наурыз аралығында Қордай АОА-ның инфекциялық бөлімшесінде «Басқа вирустық энтериттер» диагнозымен стационарлық ем қабылдап, оған жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарға рентгенографиялық зерттеу жүргізілді. Тиісті ем қабылдады, яғни бала ауруханадан сау күйінде шығарылды. Зерттеу нәтижелері бойынша патология анықталмады. Емдеу денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген диагностика және емдеу хаттамаларына сәйкес жүзеге асырылды. Ауруханадан анасының талабы бойынша Алматы қаласында қосымша тексеруден және емдеуден өту үшін шығарылған. Сондықтан Қордай аудандық ауруханасы дәрігерлері баламды өлтірді деген жалған жала жабуға қарсылығымызды білдіреміз. Медициналық қызметкерлердің жауапкершілігі тиісті құзыретті органдармен бағаланады. Жалған жала жабу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабына сәйкес қаралады. Бұл бапқа сай, басқа адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәлімет тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеледі», – дейді Назгүл Тобышақова.

Иә, бас дәрігердің орынбасары дәрігерлерге жала жабылып отыр деп есептейді. Аталмыш медициналық мекеме Қордай ауданының прокуроры Б.Ізбасаровқа да болған жағдайды жазбаша баяндап үлгеріпті. Ол жазбада аурухана дәрігерлері аудан прокурорына баланың өзі тумысынан аурушаң болғанын, анасы балаға 4 ай болғанда жұмысқа шығып кеткенін, әкесі жұмыс істемегенін, отбасының аз қамтылған статусы бар екенін қоса тізіпті. Ал Ажардың сөзіне сүйенсек, отбасы әлеуметтік аз қамтылған статусқа жатпайды. Алты баласы бар отбасында Ажар мұғалім. Балалардың әкелері жеке кәсіппен айналысады.

Қазір Ажар болған жағдайға байланысты денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің басшысы Айгүл Балғабаеваның атына Қордай аудандық ауруханасының қызметкерлеріне жоспардан тыс тексеру жүргізуді сұрап арыз жазған.

Мәселеге қатысты денсаулық сақтау министрлігі қандай әрекет жасайды?! Облыстық денсаулық басқармасының басшылары тек сөгіс алып қана отыра бере ме?! Айналасы бір айдың ішінде аудандық ауруханаларда қоғамдық резонанс тудырған екі бірдей оқиғаның болуы саланың кері кеткенінің белгісі емес пе?! Айта кетер тағы бір жағдай – әдетте облыс тұрғындары қандай жағдайда да облыс басшысына үміт артады, содан жауап күтеді. Ажардың айтуынша, жергілікті әкімдік те, облыс әкімдігі де бұл жағдайға қатысты ешқандай сұрау салмаған, тек сырттан ғана бақылап отырса керек. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сонша шу болып жатқанда ең болмаса «дұрыстап тексеруге тапсырма бердім» дегендей мәлімдеме де жасаған жоқ. Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахметовке де тікелей сауал қойғанбыз. Министрлікпен ақылдасып алған ба, жауап берген жоқ.

Жоғарыда айтқанымыздай, осы сауалдарға жауап алу үшін тиісті мемлекеттік мекемелерге, Жамбыл облысының әкіміне ресми сауал жолданды. «Жас Алаш» мәселені назарда ұстайтын болады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: