Ана мен баланы қорғау – мемлекет дамуының кепілі
Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасымен айқындалады.
Осының ішінде ана мен баланы қорғау – мемлекет дамуының кепілі. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі ана мен балаға көрсетілетін қолдаумен және денсаулық сақтау жүйесінің сапасымен тікелей байланысты. Ана мен баланы қорғау – мемлекеттің маңызды міндеті. Бұл тек адамгершілік құндылық қана емес, сонымен қатар елдің болашағына салынған инвестиция екені анық. Осы орайда мемлекет ана мен бала денсаулығына арнайы орталықтар құрып, түрлі шаралар атқаруда. Былтырғы мәліметтерге сәйкес 2023 жылы алдыңғы жылдарға қарағанда нәресте, бала өлімі 10%-ға төмендесе, ана өлімі 24%-ға азайған екен. Ана денсаулығы ұлттың жалпы денсаулығының негізін құрайды. Себебі дені сау ана ғана дені сау ұрпақ әкеледі. Баланың өмірі ананың денсаулығына тәуелді: ана денсаулығы қаншалықты жақсы болса, дүниеге келетін бала да соншалықты мықты әрі дені сау болады. Сондықтан, ананың денсаулығына мемлекет пен қоғам ерекше көңіл бөлуі қажет. Осы мақсатта елімізде «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы жұмыс істеп жатыр. Орталық басшысының орынбасары Венера Алтынованың айтуынша, 2012 жылдан бері жүзге жуық бүйрек трансплантациясы жасалған болса, операцияның 89%-ы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында жасалған екен.
«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 2012 жылдан бері терминалды кезеңдегі бүйрек, бауыр созылмалы ауруларын емдеуде жоғары технологиялық әдістер енгізіп келеді. Осының арқасында қазір бүйрек пен бауыр трансплантациясы үшін науқас балалар шетелдік клиникаларға бармайтын болды. Қазіргі уақытта елімізде 61 бала бүйрек донорына, 21 бала бауыр донорына мұқтаж. 2015 жылдан бері балаларға мәйіт ағзаларынан бүйрек трансплантациясы жасала бастады. Былтыр алмастырылған органды ағзасы қабылдамаған балаға қайтара бүйрек трансплантациясы жасалды. Бұл салада ағзасы алмастырылған балалар мен трансплантаттың аман қалу деңгейі Еуропа елдерімен бірдей. Біздің орталықта бұл көрсеткіш 94,4%-ға жетіп отыр», - дейді маман.
Қазіргі таңда көптеген елдерде ана денсаулығын қорғауға қатысты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламалар аналарға сапалы медициналық қызмет көрсету, жүктілік кезеңінде және босанғаннан кейінгі күтімді қамтамасыз ету, сондай-ақ босануға дейінгі және босанудан кейінгі кезеңдердегі қолдауды қамтиды. Мұндай шаралар ана өлімін азайтуға, босану кезіндегі қиындықтардың алдын алуға және балалардың дені сау өмірге қадам басуына ықпал етеді. Венера Алтынова сау бала – әр отбасының болашағы ғана емес, мемлекеттің де келешегі екенін де атап өтті. Әрбір дүниеге келген баланың саулығы, оның әлеуметтік жағдайы елдің жалпы даму деңгейін анықтайтын көрсеткіштердің бірі.
«Балалар денсаулығына жауапкершілікпен қарау – қоғамның болашағын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Осы тұрғыда мемлекет тек медициналық қызметпен шектелмей, балаларға білім беру, әлеуметтік қолдау, психологиялық көмек сияқты маңызды салаларда да жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Мемлекет тарапынан ана мен баланы қорғау үшін жүргізілетін саясат елдің әлеуметтік әл-ауқатының бір көрсеткіші болып табылады. Дамыған елдерде аналарға және балаларға жасалатын жағдайдың жоғары болуы сол қоғамның жалпы деңгейін көрсетеді. Әсіресе, ана мен бала өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету, бала тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу, олардың сапалы білім алуына мүмкіндік беру қоғамның алға жылжуына зор ықпал етеді. Қазақстанда да бұл мәселе үнемі назарда. Елдің басты байлығы – адам, оның ішінде аналар мен балалар денсаулығына бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Дегенмен, атқарылатын жұмыс әлі де көп. Мәселен, ауылдық аймақтардағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру, жедел медициналық жәрдемнің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты мәселелер шешілуі тиіс», - дейді маман.