Ана мен баланың құқығы және тұрмыстық зорлық-зомбылық
Қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – ана мен баланы қорғау. Бүгінде нәзік жандылардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы, жасөспірім балалардың педофилдерден зәбір көру фактілері жиілеп тұр.
Бұл келеңсіздікпен мемлекеттік деңгейде күрес жүргізілгенімен, мұндай оқиғалар азаймай отыр. Қазіргі таңда осы мәселе үкімет деңгейінде көтеріліп, құқықтық жағынан реттелуде. Ана мен баланы қорғап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын аламыз, жас ұрпағымыздың қауіпсіздігін қалай арашалаймыз? Осы сұрақтың жауабын алу мақсатында сауалнама жүргізген едік. «Жас Алаштың» сауалына «Аналар үйі» қоғамдық қорының координаторы Аминат Жаппуева, әлеуметтанушы Батжан Ақмолдина және психолог Аманжол Гүлшарбат қатысты.
Аминат Жаппуева:
Қоғамның құндылығы оның әйел мен балаға деген қарым-қатынасынан сезіледі
Алматыдағы «Аналар үйінде» координатор боп жұмыс істеп келе жатқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Мен қызмет ететін мекеменің басты міндеті – ана мен баланы қорғау, тағдырынан теперіш көріп, қиын жағдайға түскен қыз-келіншектерге, аналарға қолдау көрсету. Бұл жаққа келетін аналардың, қыздардың тағдыры әрқилы. Әкесі баладан бас тартып отырса, алданып қалған қызды туған-туыстары қабылдамаған жағдайда, басқа да қиын кедергілерге ұшыраған қыз өз баласын алдыртудан немесе босанғаннан кейін тастап кетуден басқа амал таппай қалатын кездер болады. Әрине, өкінішті-ақ. Біз перзентханамен тікелей жұмыс істейміз. Сондай жағдайларда алдымен перзентхана қызметкерлері бізге хабарлайды, ал психолог екеуміз баладан бас тартқалы отырған анаға «Аналар үйі» бар екенін, оған көмек беретінімізді жеткіземіз. Кәмелет жасқа толмаған қыздардан бастап, отыз жасқа дейінгі қыз-келіншектер орналасып, баласы бір жарым жасқа толғанша тұра алады. Осы уақыт ішінде әйелдерді үлкен өмірге дайындап, есепші, шаштараз, тігінші, тырнақ, бет әрлеуші мамандықтарды меңгере алады. Ескіден қалған «қолында баласы бар қыз ешкімге керек емес» сынды таптаурындарды жойып, саналы қоғамның орнауына әрқайсымыз атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Біздің ортада ананың жасы, ұлты, жағдайы маңызды емес, бізге ана мен баланың қауіпсіздігі мен амандығы әлдеқайда қымбат. Әдетте, «Аналар үйіне» жаңа келген қыздарға: «Москва слезам не верит» деген фильмді көрдіңдер ме? Осы фильм біз туралы» деп жиі айтамын. Кез келген қоғамның құндылығы мен қадірі оның әйел мен балаға деген қарым-қатынасы арқылы анықталады. Әдетте қыздар жүкті екенін білген кезде баланың әкесі ізім-ғайым жоғалып кететінін айтады. Осы кездері баланың әкесімен байланысқа шығудың амалын іздейміз. Біздің мақсат – жастардың отбасы боп, жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеу. Көп жағдайда қыздарды туған-туыстары қабылдап, «Аналар үйінен» алып кетеді. Олардың басты қателігі – ата-анасының қаһары мен туыс-туғанның сөзінен қорқып, жағдайды ашып айтпайды. «Шынында да, ата-ана бір-екі күн ұрысар, бірақ кейін реніштері басылғанда, бұл жағдайға ақылмен қарар» деп түсіндіремін. Мен мұнда келген аналарға: «Сен ана болдың! Сенің ендігі мақсатың – баланың бақытты болып өсуіне жағдай жасау, білім беру. Сен басыңнан кешкен қиыншылыққа балаң көрмесін десең, оған тәрбие мен білімді қатар бер» деп жиі қайталаймын. Ана мен бала мемлекетіміздің басты байлығы. Сондықтан ана мен баланың қауіпсіздігі бәрінен маңызды дегім келеді. Қазір елімізде ана мен балаға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Еліміз бойынша 25 орталық бар. Соңғы жағдайларға байланысты әйелдер мен балалардың құқығы жайлы жиі сөз болып, заңдар қабылданып жатқаны шын қуаныш. Әйелдер жиі жылайтын, балалар мұңаятын әлемді жек көремін. Аналар да, балалар да бар бақытқа лайық.
Батжан Ақмолдина:
Әлеуметтік жағдай отбасылық өмірге де әсер етеді
Бүгінгі күні біздегі жағдай, зорлық-зомбылық, жалпы конфликт қарапайым халықтың әлі де болса кедейшілік деңгейден аса алмай, көпшілігі жұмыс таба алмай, күнделікті өмірден налып, бір-біріне ренжіп, қол көтеру кісі өлтіруге дейін баруында деп түсіну керек шығар. Елдегі әлеуметтік жағдайдың нашар болуы отбасылық өмірге де әсер етпей қоймасы анық. Әртүрлі әлеуметтік топтар арасында алшақтық айқын болса, онда агрессия өрши түседі. Өйткені экономикалық теңсіздікті көзбен көруге, бақылауға болады. Отбасындағы зорлық-зомбылық, балалар арасындағы буллинг, көп талқыланатын әскердегі әлімжеттік – шын мәнінде бұның барлығы қоғамның проекциясы ғана. Қоғамдағы, үлкен макрожүйедегі кейбір институттар өзінің функциясын дұрыс атқармауы – шағын топтардан көрініс табуы мүмкін. Адамдарға ортақ, адами қатынастарды реттейтін құндылықтар қоғамда басты рөлге қашан шықпайды – дәл сол кезде құндылықтар құлдырайды. Сол кезде адамдар арасындағы қатынастар бұзылып, қоғамда агрессия көбейе бастайды.
Аманжол Гүлшарбат:
Өзінің жеке шекарасын анықтай алмаған бала кейін өзін қорғай алмайды
Қоғамда дау тудырып, көптің назарын аударып отырған жайт – ана мен баланың қауіпсіздігі. Кез келген мемлекеттің ішкі саясатындағы басым бағыт ретінде қарастырылатын бұл мәселеге байланысты соңғы уақытта қоғамда талас-тартыс жиі туындап жүр. Бұған біздің тарихымыздың да тікелей қатысы бар. Қазақстан – қызыл империяның құрамында болған посткеңестік ел. Кеңес өкіметінің идеологиясы халыққа «жеке» ұғымын ұмыттырды. Жеке шекара түгіл, «жеке тұлға» деген ұғым да болмады. Ол кезде «Барлық ел пролетарлары, бірігіңдер!» деген лозунг болып, ұжымдастыру жүрді. Ұжымдастыру қазақ даласында өте ауыр жүрді. Адамның, отбасының, әулеттің мал-мүлкін тәркілеп, барлық нәрсені ортақ қылды. 75 жыл тұлғалық даму туралы айтылмай, коллективтендіру саясаты жүргізілді. Міне, осындай тарихи жағдайлардың салдарынан қазір осы тақырыпқа қайта оралып отырмыз. Ең алдымен, ата-ана баланың жеке шекарасын анықтап, оның мәнін түсіндіру керек. Ата-аналар әдетте бала үшін таңдау жасап, оған не керегін жақсы білеміз деп ойлайды. Зорлық-зомбылық мәселесі де кішкентай балаға жеке тұлға екенін түсіндіріп, жеке шекараны үйретпеуден туындайды. Балаға жастайынан жеке тұлға, адам деп қарау арқылы өз шекарасын сызып үйрету маңызды. Себебі әу бастан өзінің жеке шекарасын анықтай алмаған бала кейін өзін қорғай алмайды. Кез келген ересектің сөзіне еріп, алдауына еріп жүре береді. Бұл тақырып бала дүниеге келгеннен бастап айтылуы керек. Қазақстанда зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұр. Балаға «Сенің денең – сенікі. Денеңді сипауға ешкімнің хақы жоқ» дегенді де үйреткен жөн. Сол секілді өз шекарасын, қалауы мен арманын анықтамаған әйел кез келген адамның қыспағына көніп, ығына жығылып жүре беретіні анық. Отбасы ішіндегі қауіпсіздік пен үйлесімділікті қамтамасыз етіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін де отбасы мүшелерінің бір-біріне сыйластық танытып, арман-мақсаты мен қалауына құлақ асуы, шекарасын сыйлауы маңызды деп ойлаймын.
Дайындаған: Ақгүлім Ерболқызы