Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:44

Ана жүрегінің алаулы жыры (Ақын Шәмшәбану Хамзақызының шығармашылығы жайында)

 Шәмшәбану Хамзақызы
Шәмшәбану Хамзақызы

Қазақ әдебиетін мәуелі бәйтерекке теңесек, арғы бетте, нақтырақ айтқанда, Қытайдағы қазақ топырағында, сол бәйтеректің құнарлы бір тамырының жатқаны шындық. 1960 жылдардың маңайында, Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» күш алмай тұрған шақта, Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің дүр сілкініп, қанаттанып қалғаны бар.

 Қара сөзге құмар, өлеңге әуес бір шоғыр жастар сол кездегі әдебиеттің жүгін көтеруге, халықтың қасиетті сөз өнерін төрге оздыруға ынта-шынтасымен кірісті. Сол қатарда санаулы, оқыған, санасына сәуле түскен талапшыл, талантты қыздар да бар еді. Олар: Райхан Ібінқызы, Ұлыхын Сұлтанқызы, Заһара Нұрәділқызы, Ұлжалғас Жәкібайқызы, Жамалхан Қарабатырқызы қатарлы қарымды қаламгерлер болатын. 

Қаламынан маржандай мөлдір жыр төгілген сол қыздардың бірі – бүгін қалың қазаққа танымал ақын, әдебиетші Шәмшәбану Хамзақызы.

Ш.Хамзақызы 1940 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағының орталығы саналған, Шәуешек қаласына таяу орналасқан, Алтын еміл-Ақсу ауылында дүниеге келіпті. Ауылындағы Үкірдай мектебінен бастауыш пен орталау мектептік білім алып, сол білімді Шәуешектегі қыздар гимназиясында және Махмұт Қашқари атындағы гимназияда жалғастырыпты. Бұл 1952-1955 жылдары еді. Жастайынан ауылда, өлең-жырдың тұнық бастауынан нәр алып, ұлттың ұлы мұрасынан еркін сусындап өскен талапты, зерек қаршадай қыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ қолына қалам алып, өлең жаза бастады. «Оқушы жыры» деген тырнақалды өлеңінде ол:

...Балалық қалды артымда,

Жүретұғын күнде ойнап.

Ал жастығым жарқылда,

Қанжығама жыр байлап, – деп тебіренеді.

Әрине, өнер мен білімге, көркем әдебиетке кенен ортада тәлім алған жас талаптың «қанжығама жыр байла» деп өр сеніммен, ақындық пафоспен айтуы да тегін емес. «Әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын» деуші еді ғой халқымыз. Әні, сондай талабы мен талантты Ш.Хамзақызын сол кезде қазақ қыздары бұрылып назар салуға түрлі себептермен хал-жағдайы жар бере бермейтін ғылым мен білімнің машақатты да игілікті жолына жетелепті. Ол 1955 жылы Шыңжаңдағы талай дарын мен айтулы тұлғалардың алтын бесігі саналған Шыңжаң институты Әдебиет факультетіне оқуға түседі. «Студентпін» деген өлеңінде:

Құтылып қараңғылық ноқтасынан,

Құтылып ошақ қасы, от басынан,

Оқуға аттандым мен, білім іздеп,

Азат боп қалыңмалдың соқпасынан, – деп жеткізеді.

Ақынның бұл өлеңі ойлы оқырманға көп нәрсені аңғартқандай. Шағын, шағын болса да үлкен азаматтық ойды белі майыспай көтеріп тұрған бұл жырда арман үшін алға ұмтылып, өзінше өмірдің бір белесін бағындырған ауылдың ақын қызының қуаныш пен мақтанышы, болашаққа сенімімен бірге, сол кездегі ескі салттың салдарынан басы қалыңмалға байланған қазақ қыздарының да мұңды тағдыры жатқандай. Бұл білім мен парасаттың сәулесі санасының көзін ашқан жас ақынның алғашқы һәм сәтті ізденісінің өлеңдегі нәтижесі. Ақынның осылай ой толғауы әйгілі Махатма Гандидің «Ақиқатқа ең жақын адамдар – ақындар» деген сөзіне саяды. Олай дейтініміз, сол заманда Шыңжаң өлкесін мекендеген қазақтарымыз қыздарын оқу-білімге үйір ете қоймаған, керісінше, «қыз – жат жұрттық» деп санап, оларды ертерек от басы, ошақ қасына тәуелді ететін-ді. «Қараңғылық ноқтасынан» таланты мен таудай талабының арқасында құтылып, қалыңмалдың соқпасынан азат болған ақын сол дәуірдің мінезімен қоса, әлеуметтік теңсіздік мәселесін де ортаға салып отыр.

Ақынның қаламы студенттік жылдардың өзінде-ақ төселіп, суреткерлік қарымы бекіп, өмірді, табиғатты, адамның сан қатпарлы болмысын тани бастаған тәрізді. Ақын өзінің сана деңгейінің биіктей, ақыл-парасатының толыса, танымының өзгеден бұрын есейе бастағанын сездіріп тұр. «Оқу-білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек» дейді қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов. Білгені көбейіп, ақылы молайып, сезімі толысып, танымы тереңдеген қаламгер ғана өз қоғамына, заманына азаматтық сөз, өнегелі ой айта алмақ. Осы тұрғыдан қарағанда, Ш.Хамзақызы тым жас шағында үлкен жүректің ұлағатты үнін оқырмандарына арнай білгені даусыз. Сол жылдар маңайында жазылған тағы бір жырында:

...Көгімде құстар қалықтап,

Құлпырып бақтар әндетті.

Аралап ойды, қырларды,

Шарықтап сұлу ән кетті.

Көкорай шалғын белдерді,

Оятып жаздың самалы.

Жапырақтардың жылтылдап,

Мөп-мөлдір шығы тамады... – деп төгіледі ақын сезімі.

Өлеңнің бойында ақынның тұнық та қиялшыл, эстетикалық талғамы мол танымы тұр. «Ақын аз жазып, көп сурет салуы қажет» дейді ұлы Гете. Жаздың жамалын ақ қағаздың бетіне қалам қуатымен әдіптеп, әсемдеп, барша сұлу бояуымен түсірудің өзі ақынның алғашқы жыр сапарындағы қадамының қаншалықты мығым да анық болғанын білдірсе керек.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған ақын 1959-1962 жылдары Үрімжі қалалық өнеркәсіп техникумына оқытушы, 1962-1970 жылдары «Шыңжаң жастар баспасында» редактор болып жұмыс атқарды. Бұл жылдары оның қаламынан «Март күнгі сөз», «Тау бұлағы», «Ауылда», «Жаңарған ел» қатарлы көптеген сүбелі, оқырмандары жылы қабылдаған өлеңдер туды.

Қытай еліндегі «Мәдениет төңкерісі» атымен белгілі қозғалыс сол елде ғұмыр кешіп жатқан зиялы қауымды айналып өтпегені анық. Әсіресе қолына қалам ұстаған, ұлтын сүйген қазақтың ақын-жазушыларына бұл зобалаңның шоқпары алдымен тиіп, бір тобы құмды Тарымдағы жаза лагеріне айдалып кетсе, енді бір тобы жан-жақтағы елді мекенге «өзгерту» деген сылтаумен қудаланды. Бұл шоғырдың ішінде Шәмшәбану Хамзақызы мен өмірлік жары, көрнекті жазушы, фольклоршы Зейнолла Сәнік те бар еді. Әйгілі Гетенің «Жер бетіне сызат түсетін болса, ол алдымен ақынның жүрегінен өтеді...» деген тағы бір тұжырымы бар еді. Заманның әділетсіздігі, көрсоқыр әпербақандардың айқайшыл ұрандары, ұлт құндылығының, адам табиғатының аяққа тапталуы, көзі ашық, көкірегі ояу дегдар жандардың шетқақпай көріп, қуғынға ұшырауы жас ақынның да жанына тым ауыр салмақ салса керек. «Сүрен» деген өлеңінде ол сүренді жылдардың салған жарақатын айта келіп:

...Еске алсам сол бір кезді қырау қабақ,

Күрсінем, ойға кетем бір аунап ап.

Бұлт шөккен көңілімнің қамбасына,

Жаттым мен тонналаған сұрау қамап, – дейді.

Бұл өлеңде ақынның жеке тағдыры мен күйініші, наласы, жан-жарасы ғана жатқан жоқ, бір дәуірдің қайғы-қасіреті, шындығы жатыр. Дүниенің қым-қуыт аласапыран күйіне айран-асыр болған ақын көңілінің салмақты сауалы – «Мәдени төңкерісті» бастан кешкен мыңдаған тағдырдың да сауалы еді. Шын талант өз шығармасының өзегінде ғұмыр кешеді. Жанының буырқанған әр сәтін, рухтың дауысын, мыңдаған адамның тағдыр-тәлейін жүрегінен өткізіп барып ақ қағазға түсіреді, өзі киелі тұтқан өнерге барын да, нәрін де береді. Бұл, әрине, машақатты өмір екені даусыз. Десе де, оның жазарманға берер ғаламат игіліге де бар екені шын.

Бұл жылдары ақын ауылда ұстаздық жұмысын абыроймен атқара жүріп, оқырмандардың жан сусынын қандырған көптеген тартымды өлеңдер жазды. Ақынның шығармашылық ізденіс жолына назар салсақ, бұл кезеңде оның қалам қуаты тасқындап, көркемдік деңгейі биіктеп, айтар ойы кемелденіп, өлеңдегі қолтаңбасы қалыптасып, көзімен көріп, көңіліне түйген көрікті ойларды жырдың ершімді де әсем тілімен жұрт жүрегіне мөлдірете жеткізуді әбден меңгергені сезіледі.

...Басына жібек бұлтты орап алып,

Иілген көкшіл керлер қораланып.

Аспанның айнасындай Сайрам жатыр,

Таулардың ортасына тола қалып....

Атақты Таңжарық Жолдыұлы жырға қосқан Іленің Талқы кезеңінің иегі астына періштенің көз жасындай мөлт етіп тама қалған сұлу Сайрам көлін ақын осылай суреттейді. Табиғаттың әр бояуын дәл танып, оны өлең тіліне қапысыз көшіре білу тек қана талантты суреткердің қолынан келері даусыз. Мұны толысу, өлеңдегі өсу деп бағалаған дұрыс. Мұндай сөзбен салынған суреттер ақынның шығармашылығында молынан кездеседі.

Мысалға алар болсақ:

Май келеді, май келеді,

Көктем лебін есілдіріп.

Табиғаттың қымтап алған,

Мұз күпісін шешіндіріп... («Май келді») Немесе:

...Етегінен өрбітіп ну қамысын,

Қарағайлы, орманды, шудалы шың... («Алакөл бойында»)

...Қарасаң қос өркештің сыртын бағып,

Келеді көз алдыңа бір тұлға анық.

Керіліп кербез жандай шалқаяды,

Қанасқа қарағайлы мұртын малып... («Қанас»)

Бала кезінен табиғатпен етене жақын өскен ақынның қаламынан туған осындай әшекейі мол шырайлы дүниелер оның әр өлеңінен, толғау, дастандарынан жиі кездесіп, оқыған адамның көз алдына аса бір көркем картинаны көлденең тартқандай ләззатқа бөлейді.

Ғұмырының 50 жылын ұлт ұрпағының болашағына арнаған ақын көптеген талантты шәкірттерді өнер мен білімге баулыды. Сонымен бірге «Жауқазын», «Ғасыр толғаныстары», «Ана жыры», «Ақжігіт айдай», «Арманның суыртпағы» сынды кітаптары жарық көріп, Қытайдағы қазақ әдебиетінің қоржынын молықтырды.

Шығарманың әділ төрешісі – уақыт пен оқырман десек, уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, оқырман жүрегінен орын тапқан шығарманың ғана ғұмыры ұзақ болмақ. Жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – оның адам жүрегіне қанша жақындай алғаны» деп ой түйіндеп еді. Ақын Шәмшәбану Хамзақызы туған халқының алдында ақындық, азаматтық, парызын адалдықпен атқарды. Ақын шығармасының болмысына қарай отырып, оның әр алуан тақырыпта қалам тербегенін көреміз. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Хамзақызы қазақ баласының ұлт құндылығын танып, білім нәрінен қанып ішсін деген ізгі тілекпен «Балаларға базарлық» атты жыр жинағын шығарды. Бұл кітап кезінде Шыңжаңдағы кенжелеп жатқан қазақ балалар әдебиетіне үлкен серпіліс бергені даусыз. Балалар тақырыбында жазу кез келген қаламгерге оңай соға қоймайды. Баланың жасына лайықтап, мінезін бағамдап, олар қабылдай алатын деңгейде жазу үшін де көп дайындық пен шеберлік керек. Шәмшәбану Хамзақызы «Балаларға базарлығында» осы талаптардың бәрін аса жауапкершілікпен орындаған.

Мысалы:

...Ақша қарда, балалар,

Қоян қуып ойнайық.

Қоянжүрек болмауды,

Бала кезден ойлайық, – дейді «Қоян» өлеңінде.

Өлеңнің мәні түсінікті. Кішкентай бүлдіршіндерді думанды ойынға және ержүрек батыл болуға шақырып тұр. «Аспан ата» өлеңінде ақын табиғаттың маусымдық құбылыстарын балаларға жаттық та ұғынықты бала тілімен қызықты етіп жеткізсе, олардың логикалық ойлау деңгейін көтеру мақсатында «Жұмбақтарды», бірлікке, достыққа ынталандыратын «Екі лақтың» мысалын өлең етіп жазды. Қазақтың балалар әдебиетінде қысқа өлеңдер, әңгімелер, повестер көптеп кезігеді. Ал дастандардың саны тым аз. Сол аздың ішінде ақынның «Тазша баласы» бар. Бұл көтерген тақырыбы һәм жасөспірімдердің санасына сіңімділігімен де маңызын жоғалтпайтын құнды туынды. Шығарма халықтың шешендігін, тапқырлығын, даналығын тағылым етіп, ұрпақты ұлттың ұлағатты жолымен тәрбиелеуді мақсат етеді.

Дастанның:

...Айтарын ертегіге жиып қойған,

Тұратын үлгі-өнеге, сүйікті ойдан.

Бабалар қайсар мінез, ойлы адамды,

Қашан да байбатшадан биік қойған, – деп аяқталуы да бізге көнеден қалған өнегеде бүгінгі ұрпаққа керекті көп дүниенің барлығын, ақыл-парасаттың қашан да ұлы құндылық екенін аңғартып тұрғандай.

Ақын туған жер, өскен орта, атамекен жайында да төгіле жырлайды. Кіндік қаны тамған топырағын, алақанына сап аялап, әр сөзін әспеттеген елін, киелі қара шаңырағын ұлан-ғайыр махаббатпен өлеңге қосады.

....Даналық бардай даламда,

Бәрі де менің санамда.

Өзіңе жетер жер бар ма,

Осынау шексіз ғаламда?!

Ақында, алдымен ойы озық, кісілігі қалыптасқан әлемді құшағына сыйғыза алатын адами болмыс болуы керек. Ш.Хамзақызы өзінің осындай биік парасатын жырда да әйгілейді. Ол тек өзінің туған жері ғана емес, қазақтың барша жерін бауырына басқысы, жылуын сезінгісі, қастерлеп аялағысы кеп тұрады. Оған шоқтығы биік «Алтай жырлары», «Тарбағатай жырлары», Іле мен Жың хақында жазған топтамалары айғақ.

Ақынның қазақтың қара шаңырағы – Қазақстанға деген сезімі бөлекше! Қазақ елі егемендік алып, көк туымыз аспанда желбіреген шақта, осы қасиетті атамекенді болашағының алтын тұғыры еткен ақын қазақтың тау мен көлін, сыр мен сымбатқа бай кең байтақ баба даласын аса зор шабытпен жырлайды.

...Туын тіккен қазағымның елдігі,

Бабалардың аңыз болған ерлігі.

Сағындырған саумал желдің лебімен,

Біржан салдың құлағыма келді үні.

...Сарыарқаға шеккен сапар қиялдай,

Дала жатыр жанарыма сыя алмай.

Қош, Сарыарқа, енді қайтып көргенше,

Кетіп барам, кетіп барам қия алмай. («Сарыарқа»)

Өлең 1989 жылы, яғни Қазақстан егемендік ала қоймаған кезде жазылыпты. Мүмкін, ақындық арман мен қиял «Туын тіккен қазағымның елдігі» деп жырлатқан шығар.

Ш.Хамзақызы поэзиясының тағы бір жарқын қыры азаматтық биік ойларында жатыр. Ақын өзі өмір сүрген қоғамға, түрлі қайшылықтарға, адам мінезіне бейжай қарай алмайды. «Өлең жазған кісінің бәрі ақын емес екені дәлелденген шындық. Шын ақынды жасайтын да өмір, содан алған әсер, тәжірибе болса керек» дейді Жұмекен Нәжімеденов. Көргенін көкірегіне түйіп өскен ақын өмірдің жарқын тұстарын ғана емес, өзі де, өзге де бастан кешірген мұңды, қитұрқы заманның зардабын егіле жырлайды.

...Білімнің мол дәнді нәрін сімірген,

Аяулы ердің еліне еңбек сіңірген,

Баға жетпес асыл жырын таптым мен,

Сонау жатқан Камчатка мен Сібірден.

Ақтарып ем құла құмын Тарымның,

Шықты онан шұрайлысы дарынның.

Сүргін көрген жазушы мен ақынның

Құмға сіңген жырын іздеп сарылдым... («Жыр шашылып қалыпты»)

Бұл өлеңде арысы, Мағжан мен Міржақып, Байтұрсынов пен Жансүгіровтердің тауаны шағылған тағдыры; берісі, Ақыт, Таңжарық, Мағаз, Омарғазылардың өкініш пен өксікке толы өмірі жатыр... Мұндай жағдайдың бір шетін осы өлеңнің авторы да, жары Зейнолла Сәнікпен бірге басынан кешірді.

Шәмшәбану Хамзақызының шығармашылықтағы кеңістігі кең, тақырыбы мол. Сонымен бірге ақынның аналық мейірімінен туындаған өлеңдері мен замандас, іні-сіңлілеріне де жазған арнаулары ақынның тұнық жүрегін, ыстық ілтипатын өзгеше болмысымен сездіріп тұрады. Сол өлеңдердің ішінен баласы «Қанатқа» арналған мына шумақтарда:

...Сақтан, балам, асудан асқанда тік,

Қиындықтан бірақ та жасқанба түк.

Биіктерге қүмар боп самға алысқа,

Ата-анаңның мерейін аспандатып, – деп аналық ұлы жүрегімен ұрпағына тілегін айтады. Абзал ананың шын тілегі, күткен арзуын Жаратқан да қабыл еткен көрінеді. Қазаққа мол еңбек еткен қос қаламгердің отбасында туып, зиялылықты бойына сіңірген Қанат Зейноллаұлы ұлттың руханиятына қамқоршы, үлкен жүректі арда азамат, Абай айтатын «атаның емес, адамның баласы» болды.

Ақын еңбектерінде «Ана ақылы – алтын мұра», «Ақжігіт-Айдай» дастандарының көтерген идеясы мен көркемдік өресі жағынан оқшау тұрады. Бұл дастандар ақынның қалам қуатының әбден толысып, шығармашылық шеберлігінің кемелденіп, парасат-пайымының биіктеген тұсында жазылғаны белгілі. Екі дастан да еркіндікті, махаббат бостандығын аңсап, соның жолында құрбан болған ғашықтар тағдыры суреттеледі. Міне, бұл – кесек дарыннан туған кемел шығарма.

Шыңжаң өңірінде де талай мемлекеттік деңгейдегі әдеби марапаттарды еншілеген, биыл сексеннің бесіне толып отырған Шәмшәбану Хамзақызының жетпіс жылға таяу шығармашылық жолын, әдебиетке сіңірген еңбегін бір мақаламен қамту мүмкін емес. Оның әдеби танымдық, ғылыми мақалалары мен педагогтық еңбектерін сараптап бағалау өз алдына келелі жұмыс.

Өмірде жазық жалғыз, қия қырық,

Келмейді шабыт шіркін жиі ағылып.

Жыр жаздым күйбеңменен күлді көмеш,

Бала алып, қазан-аяқ жия жүріп.

Осы бір шумақ өлеңде ақын өмірінің қилы қиын соқпағы, өкініш, наласы һәм қайсарлығы жатыр.

Мұрат Шаймаран

ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері