Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:54, 10 Қазан 2023

«Анаға тағзым». Нәлібаевтың шетелді бағындыру жоспары

Нәлібаев
Фото: из открытых источников

Өткен аптада Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан «Анаға тағзым» орталығына қызылордалықтар 1,7 млрд теңге жұмсапты.

Нұрлыбек Нәлібаев орталықтың ашылуында нысан меценат Марат Дүйсенбаевтың қаржысына салынғанын айтты. Иә, өзі ниет қылыпты. Мемлекет бюджетіне салынған жоқ деген желеу жақсы әрине, бірақ сол кеткен шығынға басқа да маңызды мәселелерді шешіп алса дейсің. Тағы бір айта кетерлігі, «келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтарды алады», деп сенетін облыс әкімі кәсіпкердің қалтасына қол салғанда мол салып жібергендей көрінді. Олай дейтініміз, «Жас Алаш» жуырда белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлынан сұхбат алған. Сол сұхбатында кәсіпкер-педагог: «Біз 390 млн теңгеге 450 орындық, мемлекет 2,5 млрд теңгеге 300 орындық мектеп салады» деген уәж айтқан. Ахметжанұлының есебі бойынша алсақ, Нәлібаев салдырған «Анаға тағзым» орталығының қаржысына 450 орындық 4 мектеп салуға болады екен.

Қызылорда мектеп тапшылығы бар аймаққа жатады. Екі-үш ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы білім ошақтарының жыры күн тәртібінен түскен емес. Осы түйткілдерді шешу үшін Нәлібаев алдағы үш жылда Қызылорда облысында 15 100 оқушыға арналған 21 мектеп салам деп жүр. Биыл сол 21 мектептің онының құрылысын бастапты. Ашық дереккөздерде құрылысқа жалпы 100 млрд теңге қарастырылып отыр екен. Мұны да қарапайым арифметикалық амалдарға салып есептеп көрдік, бір мектепті салуға Нәлібаев әкімдігінің есебі бойынша 4,7 млрд теңге кетеді екен. Ал кәсіпкер-педагогтың есебі бойынша Нәлібаевтың 1 мектеп үшін қарастырып отырған ақшасына ол 12 білім ошағын салуға болады.

Нәлібаев орталық емес, 1,7 млрд теңгеге төрт мектеп салса, мұндай әңгіме тумас еді. Қайта жұрт өркенін өсіріп мақтайтын еді. Ал «Анаға тағзым» орталығы мектеп емес, 85 жылдықтың буымен салынып жатқан бір жоба. Егер миллиардтаған теңгеге салынған жоба өндіріс орталығы болса, мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етсе, ақша шашқан кәсіпкердің атасына алғыс айтып, әкімге рақмет жаудыруға да болар еді. Әкімнің баспасөз хатшысына хабарласып ала алмаған соң, әлеуметтік желідегі мессенджеріне жаздық, оқыды, бірақ тіл қатқан жоқ. Жоба қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, өңірде қанша мектеп салынуға тиіс деген сұрақтарымыз сол күйі жауапсыз қалды.

Облыс әкімі бұл жоба туралы сөйлегенде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрия туралы тапсырмасын алға тартып, мұнда «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмыс істейтінін айтыпты. Дегенмен Тоқаевтың қаржы үнемдеу туралы сонау сенат төрағасы болып тұрған кезінен бері айтып келе жатқанын, осы жақында ғана металлургия, химия, машина жасау бойынша жобаларға көптеп көмек көрсетіңдер деп, кәсіпкерлерге үндеу жасағанын ұмытып кеткен сияқты.

«Анаға құрмет» музейі – «Анаға тағзым» орталығы

Енді «Анаға тағзым» орталығы қайдан шыққан идея, мұның қоғамға қандай пайдасы бар деген сауалға тоқталсақ.

Ең алғаш мұндай орталық Алматы облысының Қарасай ауданында «Анаға құрмет» деген атпен музей болып ашылған-ды. Музей ішіне аңыз аналар мен белгілі әйелдер туралы ақпараттар, соларға қатысты жәдігерлер қойылған. Музейдің басты қызметі – ұрпақты тәрбиелеу деп айтылған, ұрпақты қаншалықты тәрбиелеп тастағанын кім білсін, әйтеуір, музей ашылған сол 2014 жылы сайттар мен газет-журналдар жаппай жазды, телеарналар тынбай көрсетті, ел ағалары ауыз жаппай мақтады, теңдессіз музей десті. Неге соншалық маңызды жоба болды дескенбіз. Сөйтсек...

Музейдің Қаскелеңнен ашылуы тегін емес еді, ар жағынан Назарбаевтардың төбесі көрініп тұрған. Тұңғыш президенттің дәуірлеп тұрған шағы, экс-президентке жағынғысы келген әлдебір кәсіпкер «Анаға құрмет» деген атпен музейді өз қаржысына салып, алғашқы экспонат ретінде Әлжан анаға (Н.Назарбаевтың шешесі) қатысты жәдігерлерді қойған. Қаскелеңге белгілі аналардың шежіресі жинақталып, күллі қазаққа ортақ аналардың фото альбомдары тасылыпты. «Анаға тағзым» орталығы да осы «Анаға құрмет» музейінен кейін туған идея.

Сапарбаевтардың отбасылық мұрасы

Бүгінгі күні Қазақстанның үш облысында «Анаға тағзым» орталығы ашылған. Қаскелеңдегі музейді қоспағанда, бірінші орталық 2018 жылы Ақтөбе облысында бой көтерді. Ол кезде облыс әкімі марқұм Бердібек Сапарбаев болатын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына сыйлық ретінде екінші орталық Тараз төрінде салынды. Ол кезде де бұл облысты Бердібек Сапарбаев басқаратын. Үшіншісі – біз айтып отырған Қызылордадағы орталық.

«Анаға тағзым» туралы алғаш оқығанда Нәлібаев ағаның ізін жалғағысы келген болар дедік. Дегенмен ағаның аманатына адалдық танытам десе, қаржы жұмсауда да ағасына ұқсауға тырысуы керек еді. Мәселен, Бердібек Сапарбаев осыдан бес жыл бұрын салдырған Ақтөбедегі орталыққа 350 млн теңге жұмсапты. Ал Нәлібаев одан бес есе көп қаржы жұмсап отыр. Және Ақтөбедегі орталықтың қаржысын 10 мыңға жуық ақтөбелік ақша жинап берген. Егер, Нәлібаев та аға жолын ұстанып, қызылордалықтардан ақша жинаса... ақша жинауға тиіс тұрғындар саны 50 мыңнан асып жығылуға тиіс екен. Сондықтан ондай үлкен науқан жүргізбей-ақ, бар салмақты кәсіпкерге арта салғанды жөн көрген сияқты. Оның үстіне, 2018 жылдан бері мазмұны байымаған, формасы өзгермеген мұндай жобамен өзі де есі екеу, түсі төртеу болып жүрген елді ұйыстыра қою мүмкін емес екенін өзі де сезсе керек.

Сол жылы Ақтөбеде «Бақытты бала» деген атпен балалар жылы жарияланып, іле-шала әкелер форумы өтті, әкелер аллеясы, аналар аллеясы ашылды. 2019 жылы Шалқар қаласынан да «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Тараз қаласында салынған орталықтың құрылысына кеткен қаражат та жеке кәсіпкердің қалтасынан шыққан. Құрылысты жүргізген кәсіпкер Арман Еділбаев кеткен шығын туралы тіс жарып ештеңе демепті.

Кеткен қаржыны қайдам, орталықтың шығындары үшін мемлекеттен жыл сайын миллиондаған ақша бөлініп тұрады. Орталықтағы музейді ұстау, жылумен, сумен қамтамасыз ету, күтіп-баптау – қып-қызыл шығын. Одан бөлек орталықтағы әртүрлі форумдарға, семинарлар мен курстарға, жиналыстарға да жергілікті бюджеттен ақша бөлініп отырады. Орталықтың әуелдегі мақсатында жұмыспен қамту туралы айтылады, бірақ зауыт-фабрика болмаған соң, қолөнермен (креативті индустрия?) айналысатын 4-5 шеберді жалаулату, «Ұлт жақұты» музей залын, «Мирас» әжелер клубын, «Бойтұмар» қыздар клубын, «Сырғалым» сырласу клубын, «Жас отау» жас отбасылар мектебін, «Ана тілі» дебат клубын жұмыспен қамтып отырмыз деу, қалай десеңіз де, миллиардтаған шығынды ақтай алар ма екен? Бұл туралы Нұрлыбек Нәлібаев облысқа арнайы келе жатқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтпаса, әзірге нақты есеп берген жоқ.

Айтпақшы, бұл орталық ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспортқа шығарады деген ақпарат тарады. Расында, шет елді бағындыратын орталық аштық деп, президентке көрсетіп жатса таңғалмаңыз...

Жарас ШӨКЕ

Тегтер: