Аналар алақан жайған елде демографиялық дүмпу қайдан болсын?!
Қазір әлем елдері экономикасын аман алып қалу үшін қарманып жатқан кезең.
Осыған орай, экономист мамандардан бөлек, демографтар «экономикалық дағдарыстың арты демографиялық дағдарысқа ұласса қиын болады» деп дабыл қағып отыр. Бұл мәселені назарда ұстаған Ресей депутаттары пандемия басталғалы бері көпбалалы аналар мемлекеттік қолдауды нақты сезіну керектігін айтып, ел билігіне ұсыныстарын төтесінен қоя білді. Сол-ақ екен, Ресей үкіметі «Ана капиталын» биылдан бастап қайта өсіретін болды. Бұған дейін Ресейде екінші баланы өмірге әкелген аналардың үкіметтен алатын бір реттік «Ана капиталы» 453 026 рубль болса, бұл сома биыл 470 241 рубльге дейін өсетін болды. Бұған қоса, Ресейде үшінші баланы дүниеге әкелген аналарға 10 сотық жер беру, ауыл шарушалығы бизнесімен айналысу тәрізді толып жатқан жеңілдіктер қарастырылған. Сол сияқты Жапония үкіметі де «Бала капиталын» биыл көктемнен бастап өсіретіндіктерін мәлім етті. Енді жапондардың өмірге екінші нәресте әкелген аналары келер күзден бастап 500 евро жалақы алып отыратын болды. Ал бізде қалай?
Аналар ашынып жүр
Шынын айтсақ, қазір бізде аналардың көпшілігі ашынып жүр. Көпбалалы аналар жағдайларының жоқтығын айтып, жиі-жиі наразылықтарын білдіруде. Тіпті өткен аптада астаналық аналардың бір тобы арман-арыздарын айтып, тоғыз күн бойы әкімдікке түнеді. Жәрдемақының аздығын, тұрмыстың жоқшылығын, баспананың зарын, мүгедек балаларының халін айтқан аналардың талабын әзірге орындай қояр елгезек әкім де, іскер үкімет те көрінбейді. Керісінше, бас қаламыздың атқарушы билігі аналардың бұл әрекетін заңсыз деп танып, олардың өздерін жауапкершілікке тартуға тырысып жатыр.
Бұдан бөлек, биліктен сауға сұрап, жағдайын жасауды талап еткен аналарды «масылдардың» қатарына қосып жүргендер де баршылық. Ең қызығы, тұрмыстың қамымен «бала-шағаны асыраймыз» деп, балаларын үйге қамап кетіп, жұмыс істейтін аналардың әрекетін «түк көрмегендікке» балаған шенділер де ортамыздан табылды. Аналарға жағдай жасау жағын ойлаудың орнына мәселе осылайша жылдан-жылға ушығып барады.
Ойлап қарасақ, біз әу бастан демографиялық дағдарысқа бейім халықпыз. Деректерге үңілсек, демографиялық тасқын біздің ұлтымызда 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында жүріп өтіпті. Сол жылдары әр 1000 қазақ әйеліне шаққанда 225 баладан келсе, 1990 жылы бұл көрсеткіш 130-ға; 1998 жылы – 82; ал қазір тіпті екі-үш есеге төмендеп кеткен. Әлеуметтанушы маман Жандос Тілеукин: «Адам әлеуметтік жағдайдың төмендігінен бала санын шектейді. Жасыратыны жоқ, қазіргідей жағдайда көптеген аналар ашынды. Әлеуметтік желілер арқылы көмек сұраған, турасын айтқанда, алақан жайған аналар көбейді. Аналар алақан жайған елде демография өспейтіні онсыз да белгілі. Үйсіз-күйсіз жүрген қаншама аналар бар. Ашыққан аналардың жайы ойлантуы керек. Мұның арты ұрпақ өсімін тежейді», – дейді.
Депутаттар ұйқыдан оянды ма?
Сала мамандары осылай деп пікір білдірсе, біздің халық қалаулылары әйелдер мерекесінің қарсаңында ұйқысынан оянды ма, үкіметке ана капиталын енгізу жөнінде ұсыныс білдірді. Бірқатар депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгенде 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды. Бұл ретте мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов: «ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 15,6 пайызы ең төменгі деңгейдегі отбасында тұрады. Бұл – миллион кедей бала бар деген сөз. Отандық зерттеушілердің пікірінше, көпбалалы отбасылар кедейліктің факторына айналып жатыр. Кедейлердің 80 пайыздан астамы бес немесе одан да көп адамы бар отбасында өмір сүреді. Статистикаға сүйенсек, біздің елде 340 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар», – деді.
Сондай-ақ Смайлов бір, екі немесе үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әкенің де қиындықтары бар екенін, бірақ олардың әлеуметтік қолдауға мұқтаждар санатына жатпайтынын қоса айтты. Осылай дей келе, депутат Смайлов: «Әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 миллион теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түріндегі ана капиталын енгізу орынды. Осы қаражатты мақсатты пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын, балаға білім беру, анасының зейнетақы жинақтарын жақсартуға болады», – деп, үкіметке сауал жолдады.
Атын шығарудың амалы ма?
Алайда бұған қатысты қаржыгер мамандар «бұл популизмге ұмтылудың бір түрі» деп қынжылады. «2019 жылы үкімет көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы тағайындады. Артынша бір жылға жетпей, ол жәрдемақыны алып тастады да, 10 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлей бастады. Бұл арада ана мен балаға 21 мың теңгені қимаған үкімет 4,2 млн теңгені төлейді деп айта алмаймын. Сондықтан бұл депутаттар үшін атақ шығарудың, ұпай жинаудың кезекті бір тәсілі», – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Маманның пайымынша, бізде әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 200 мың теңгеден көп айлық алады екен. Солардың өзіне бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемін үкімет 1 миллион теңгеден аспайтын етіп шектеу енгізіп тастағаны белгілі. Жұмыс істейтін әйелдер үшін, әрине, бұл аз сома. Ал жұмыс істемейтін әйелдерге төленетін қаржы тіпті қарын аштырады.
Бюрократиядан арылатын уақыт жетті
Мамандар ұсынған деректерге жүгінсек, кезінде бүкілодақтық санақтың соңғы деректері бойынша 1990 жылы тәжіктер – 45; қарақалпақтар – 39; өзбектер – 34; түрікмендер – 30; қырғыздар 32 пайызға өскенде, біздің қазақ 24 пайызға ғана өскен екен. «Кеңестік кезеңде де қазақтың санын саналы түрде өсірмеу үшін түрлі саясат қолданылғаны баршаға белгілі. Қазақтың басынан түрлі нәубет заман өтті. Ал қазір біздің үкіметке бюрократиялық шешімдерден арылатын кезең келді. Біз болашақта қазақтың санын өсіргіміз келсе, әйелдерге төлем төлеуді тек міндетті сақтандыру қоры арқылы ғана жүргізбей, бұл ретте ерікті және кәсіптік сақтандыру қорларын тетікке қосуымыз керек», – дейді Жандос Тілеукин.
Жалпы, ана мен бала жайы – өткір мәселе. Бұл тақырыпты қаузағанда біз үнемі Ресейдің мемлекеттік «Ана капиталы» мен жапондардың мемлекеттік «Бала капиталына» қызыға да қызғана қараймыз. Бұдан бөлек, бірқатар елдерде бала туа салысымен арнайы депозит ашылып, оған мемлекет белгілі бір мөлшерде қаржы құйып, ол жинақталған соманы бала 18 жасқа толғаннан кейін ата-анасы оның қажетіне жаратып жатады. Осындайда «дамыған және дамушы елдің балалары тұрғын үймен тумай жатып қамтылып жатқанда, «біздің елдің баласына неге мұндай ықылас аударылмайды» деп еріксіз қынжыласың.
Тақырыпқа тұздық
«Аналарға жағдай жасай алмай отырғанымыз қатты қынжылтады»
Қазақстанда 20 баланы өмірге әкелген жалғыз ғана Қамаш Сейітжанова атты апамыз бар. Қамаш апа қазір 83-ке келді. Ол кісінің ең кенжесі Кенжеғұл Сейітжан туабітті зағип болды. Бірақ сонысына қарамай, Кенжеғұл жоғары оқу орнын бітірді. Қазақстанда алған білімін шетелдерде жалғастырды. Қазірде Кенжеғұл Сейітжан алты тілді меңгерген, спортпен шұғылданатын белсенді азамат. Қоғамда болып жатқан мәселелер оны алаңдатпай қоймайды. Әсіресе көпбалалы аналардың жайына бейжай қарай алмайды. Тақырыпқа орай, 20 баланың сүт кенжесі Кенжеғұлға сауалдарымызды қойып көрдік.
– Кенжеғұл, сен біліміңді жетілдіремін деп, Жапония, Германия, Португалия, Финляндия, Польша елдерін көрдің. Білім алдың, тілді меңгердің. Көптеген елдердің тарихын да жетік білесің. Сұрайын дегенім, сен тарихын ақтарған сол шет мемлекеттерде өзіңнің анаң сияқты 20 баланы өмірге әкелген абзал адам бар ма екен?
– Рас айтасыз, бірқатар елдерді көрдім. Бірнеше тілді меңгердім. Шетелдерді араладым. Бірақ менің анамдай 20 баланы өмірге әкелген асыл адамды кездестірген жоқпын. Жапонияда оқығанымда бес баласы бар отбасыларды кезіктірдім. Бес бала деген жапондар үшін өте көп бала болып саналады. Ал, негізінде, оларда үш баласы бар отбасылардың өзін аса құрметтейді. Үш баласы бар отбасы Жапонияда көпбалалы отбасына жатады. Оларға өкіметтен берілетін көмектің де түрлері жақсы қарастырылған. Германияда екі баласы бар отбасылардың өзіне әлеуметтік төлем қарастырылған. Екінші бала дүниеге келе салысымен анасы мен әкесіне бірдей бірқатар жеңілдіктер бар.
– Мысалы, қандай жеңілдіктер, атап айта аласыз ба?
– Мәселен, Жапонияда үш баласы бар аналарға жәрдемақыдан бөлек, жеңілдіктер картасы беріледі. Ол карта арқылы аналар қоғамдық көлікте тегін жүру, бір қаладан екінші қалаға баратын көліктерге 50 пайыздық жеңілдікпен билет алу, коммуналдық төлемдерге 50 пайыздық жеңілдік, мемлекеттік дүкендерден жеңілдікпен азық-түлік, киім-кешек алу тәрізді мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Сосын, Германияда, Жапонияда болсын, Польшада делік, баласы бір жасқа толмай, анасы жұмысқа шығатын болса, жұмыс арасында анасына үйіне барып, баланы емізіп келу үшін жағдай жасайды. Жас баласы бар ана жұмыс берушіге барып, «баламды емізетін уақытым болды» десе, арнайы көлік беріледі, сонымен барып, баласын емізіп келеді. Біздегі тәрізді балаңды қарататын кісі таппай қалу деген жоқ. Ондай мәселеге жапондықтар да, германиялықтар да бас ауыртпайды. Олар балаларын балабақшаға береді немесе күтуші жалдайды. Күтуші жалдаса да, мемлекеттен бөлінетін белгілі бір сома бар, соны жеңілдік картасы арқылы төлеп отырады. Жапонияда бала күтімімен үйде отырған әйелдердің өзі бір кісідей жалақы алып отырады. Сондай-ақ аталмыш елдерде баланы ауруханаға апаратын болса, әкесін де жұмыстан босату жағы қарастырылған. Ол елде балалардың әкесі «бүгін ауруханаға баратын күніміз» десе болды, басшылық сөзге келмей, балалардың әкесіне де рұқсат береді. Жалпы, көпбалалы аналарға жұмыс істегенде ауыртпалық жүктелмейтінін аңғардым.
– Осы жайттарға қарап, біздің елдегі аналардың жайын салыстырып көрген кезіңіз болды ма?
– Әрине, болды. Біздің елімізде 20 баланы өмірге әкелген жалғыз ана бар. Ол – менің анам. Үкімет оған тиісінше жағдай жасай алды деп айта алмаймын. Анам балаларын өзі жалғыз жетілдірді. Барлығымызды оқытты, тоқытты. Менің көзім көрмегендіктен, оқуға жетектеп өзі апарып жүретін. Өз күшімізбен үй алдық. Жалпы, қазір елде көпбалалы аналар мәселесі жиі көтеріліп жатыр. Өз басым біздің елдегі бес балалы ана мен Жапон еліндегі немесе Германиядағы үш баласы бар ананың жағдайын айтсам, екеуі салыстыруға да келмейді. Қазақ әйелдері бала тапса, өзін-өзі дамытуға мүлде күші жетпей қалады. Себебі ол баласын жетектеп жүріп жұмыс істеуі керек. Ол жұмыстан айырылып қалмауы үшін баласын жұмысқа шыға сала, мүлде ұмытуы керек. Балабақшада орынның жоқтығынан баласын үйге қамап кетіп, шыбын жанын шүберекке түйіп, баласына алаңдап отырып, күніне неше мәрте телефон шалып, жұмыс істейтін аналар бар. Негізінде, елімізде көпбалалы аналардың саны 400 мыңға жетпейді екен. Осы санаулы ғана аналарға жағдай жасай алмай отырғанымыз қатты қынжылтады. Меніңше, бізге болашақта құрғақ уәдені қойып, шынымен де ана мен баланың жағдайын жасауға қатысты нақты шараларға кірісетін кезең жетті.