Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:44, 23 Ақпан 2023

Аналар кеңесінің маңызы

None
None

Отбасында ананың орны айрықша. Әр ана мемлекет болашағының кепілі. Үйдегі тәрбие, дағдыны қалыптастыратын басты тұлға – әйел екені анық.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі отбасы мен өскелең ұрпақтың мәселесімен айналысып отырған ұйым.

— Кеңесті құрудағы мақсат – жас буын мен олардың ата-аналарын ұлттың тілі мен дәстүрін, тарихын бойына сіңірген мәдениетті тұлға етіп тәрбиелеуге бағыттау. Осы мақсатта кеңес түрлі бағыттағы «Мәдени ана – мәдени ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыруда. Оның аясында солтүстік өңірдегі тұрғындар үшін мемлекеттік тілді оқытып, үйретуге мән беріп отырмыз. Ал батыс пен оңтүстік аймақта мұндай мұқтаждық мүлдем жоқ. Ілкімді жобаны іске асыруда Ассамблеяның үлесі айрықша екенін атап өткен жөн. Өкінішке қарай, Ассамблея этникалық топтардың мүддесін қорғаумен айналысады деген жансақ пікір ылаң бергені жасырын емес. Халықтар бірлігінің ұйытқысы болып отырған бұл  жоғары ұйым-мемлекеттік тілді дәріптеп, оның мәртебесін көтеруге және елдегі ұлттардың бірлігін бекемдеуге атсалысып келе жатқанын еске салғым келеді, – дейді Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жолдауында аналар кеңесі этносаралық коммуникацияға жол ашудың қадамы екенін атап көрсетті.

Бүгінде Аналар кеңесі барлық аймақтарда құрылған. Оның құрамына көпбалалы аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, сондай-ақ психологиялық-медициналық мекемелердің өкілдері кірген. Ұлттық ұйым әйелдердің  құқықтық сауатын ашуға, жетім балалардың проблемасын шешуге, отбасының бірлігін нығайтуға көңіл бөлген.  

— Біз өз өңірімізде отбасын жоспарлауға байланысты дөңгелек үстел отырысын өткіздік. Осылайша, отау құруды байласқан қыз-жігіттерге ақыл кеңес беруді бастадық. Ондағы мақсатымыз – қыз-жігіттерге өмірлік тәжірибемізден алған тұнық тәлімді саналарына сіңіру. Бұл орайда кеңес мүшелері өмірлік сабақтарын аянбай берді.  Біздің аймақта да түрлі әлеуметтік қиындықты бастан кешіп жатқан отбасылар бар. Біз осындай тауқыметке тап болған отбасыларды аралап, оларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетуді дағдыға айналдырып отырмыз. Әйел – төзімділік үшін жаратылған жан. Себебі, отбасындағы кез келген проблеманың тетігі анаға келіп тірелетіні хақ. Ал әйел мықты болса, түбі ол үйге береке кіреді, –дейді Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова.

Ұлттың қозғаушы күшіне айналаған аналар кеңесі қиын жағдайға тап болған әр отбасының жағдайын шешуге енді кәсіпкерлер мен іскер әйелерді де жұмылдыруда.

Тегтер: