Аналардың арманын Шәпкеновке аманаттай аламыз ба?
![None](/static/img/image.jpg)
Барша әлем атап өтетін халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында билік партиясы атауын ауыстырып, «Аманатқа» көшті.
Біреулер «Жаңа Қазақстанға» апаратын реформаның бірі осы деп, алақандарын ысқылап-ақ отыр. Хош, партия аманатталды. Өзге реформалар легін де уақыт көрсете жатар. Алайда «Жас Алаштың» бүгінгі айтпағы басқа.
Күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі«Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын сенатқа жіберді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, бұл құжаттың басты мақсаты толық уақыт жұмыс істемейтін адамдарға жағдай жасау. Оларға толық 12 сағат жұмыс істейтін адамдарға берілген артықшылықтардың баламасын беру. Министр атап өткендей, жарты күн жұмыс істейтін адам да, толық күн жұмыс істейтін адам сияқты мереке күндері демалып, ақылы демалысқа толық шығуы керек. Тек бұл жерде ақылы демалыстың мөлшері жалақысына қарай есептеледі. Министрдің айтуынша, бұл заң жобасы алдымен, аналарға жағдай жасауға бағытталған. «Заң бойынша баласы үш жасқа толмаған ана жарты күн жұмыс істегісі келсе, оның өтініші міндетті түрде қабылдануы керек», – дейді Серік Шәпкенов.
Жалпы, Серік Шәпкенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болғалы елдегі аналардың шағымы, ашынып, арыз айтуы көбеймесе, азайған жоқ. Жәрдемақының аздығын, тұрмыстың жоқшылығын, баспананың зарын, мүгедек балаларының халін айтқан аналардың талабын, әзірге, орындай қояр елгезек министр де, іскер үкімет те көрінбейді. Керісінше, атқарушы билік арыз айтқан аналардың әрекетін заңсыз деп танып, олардың өздерін жауапкершілікке тартуға тырысқан сәттер де бізде жиі кездеседі. Бұдан бөлек, биліктен сауға сұрап, жағдайын жасауды талап еткен аналарды «масылдардың» қатарына қосып жүргендер де баршылық. Ең қызығы, тұрмыстың қамымен «бала-шағаны асыраймыз» деп, балаларын үйге қамап кетіп, жұмыс істейтін аналардың әрекетін «түк көрмегендікке» балаған шенеуніктер де ортамыздан табылды. Аналарға жағдай жасау жағын ойлаудың орнына мәселе осылайша, жылдан-жылға ушығып барады. Әлеуметтанушы Жандос Тілеукиннің айтуынша, біз ана мен балаға толыққанды жағдай жасай алмай отырған елдердің сапындамыз.
–Қазақстанда «Ана капиталы», «Бала капиталы» деген мемлекеттік бағдарламалар жоқ. Мысалы, «қазір экономикасы тоқырады, соғысып жатыр», – деген Ресейде екінші баланы өмірге әкелген аналардың үкіметтен алатын бір реттік «Ана капиталы» 470 241 рубльге дейін өсті. Бұған қоса, Ресейде үшінші баланы дүниеге әкелген аналарға 10 сотық жер беру, ауыл шарушалығы бизнесімен айналысу тәрізді толып жатқан жеңілдіктер қарастырылған. Жапония, Корея, Германия елдері де «Ана мен Бала капиталын» былтыр көктемнен бастап, айтарлықтай өсірді. Мысалы, жапондардың өмірге екінші нәресте әкелген аналары 500 евро жалақы алып отырады. Ал біздің аналарға мұндай өмір қол жетпес арман. Негізінде, үкімет жағдай жасаймын десе, аналарға жасауға болады. Ол үшін осы саланы үйлестіріп отырған еңбек министрлігі сауатты бағдарламалар, пәрмені мықты заңдар ұсына білу керек, –дейді әлеуметтанушы Жандос Тілеукин.
Маманның пайымдауынша, осылайша аналардың қол жетпес арманын министрлікке аманаттауға болады. Бірақ аманатты орындауға Серік Шәпкеновтің ықпалы жете ме?! Бұған қатысты, «Бараметр» талдау-сараптау орталығының сарапшысы Марал Төртенова:
–ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 15,6 пайызы ең төменгі деңгейдегі отбасында тұрады. Былтыр осыған сәйкес бірқатар депутаттар Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгенде, 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынды. Бұған осы салаға жауапты министр де, өзге үкімет мүшелері де назар аударған жоқ. Өз басым министр Шәпкенов аналарды арманына жеткізіп, «қолын жылы суға малады», деп айта алмаймын. Бұдан бөлек, білесіздер, 2019 жылы үкімет көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы тағайындады. Артынша, бір жылға жетпей, ол жәрдемақыны алып тастады да, 10 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлей бастады. Бұл арада ана мен балаға 21 мың теңгені қимаған үкімет 4,2 млн теңгені төлейді, деп айта алмаймын. Сондықтан бұл депутаттар үшін атақ шығарудың, ұпай жинаудың кезекті бір тәсілі болды да қалды, – дейді.
Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, аналардың арманы таяу болашақта орындала қоятын түрі көрінбейді. Ал мұның арты демографиялық дағдарысқа апарып соқтырса, жағдай тіптен ушыға түспек. Бұл ретте мамандар ұсынған деректерге жүгінсек, кезінде бүкілодақтық санақтың соңғы деректері бойынша 1990 жылы тәжіктер – 45; қарақалпақтар – 39; өзбектер – 34; түрікмендер – 30; қырғыздар – 32 пайызға өскенде, біздің қазақ – 24 пайызға ғана өскен екен.
– Қазақтың басынан түрлі нәубет заман өтті. Ал қазір біздің үкіметке бюрократиялық шешімдерден арылатын кезең келді. Біз болашақта қазақтың санын өсіргіміз келсе, әйелдерге төлем төлеуді тек міндетті сақтандыру қоры арқылы ғана жүргізбей, бұл ретте ерікті және кәсіптік сақтандыру қорларын тетікке қосуымыз керек, – дейді Марал Төртенова.
Жалпы, ана мен бала жайы – қоғамдағы өте өткір мәселе. Бұған қатысты бірқатар елдерде бала туа салысымен арнайы депозит ашылып, оған мемлекет белгілі бір мөлшерде қаржы құйып, ол жинақталған соманы бала 18 жасқа толғаннан кейін ата-анасы сол баланың қажетіне жаратып жатады. Осындайда «дамыған және дамушы елдің балалары тұрғын үймен тумай жатып қамтылып жатқанда, біздің елдің баласына билік неге мұндай ықылас аударылмайды», – деп еріксіз қынжыласың. Еліміздің халықты әлеуметтік қорғауы тиіс министрлігі болашақта белгілі бір заңдарға қайта-қайта өзгертулер мен толықтырулар енгізуді ұсынғаннан гөрі, осындай өзекті мәселелердің шешілуіне бас қатырса игі еді..