Анасы бесінші қабаттан лақтырған бала ауруханадан шықты

Павлодарда 30 шілдеде болған қайғылы оқиғада әйел екі ұлын, жеті жастағы және бір жарым жастағы баласын, бесінші қабаттан лақтырып, артынан өзі секірген еді. Үшеуі де кіреберіс шатырын соғып, ауыр халде ауруханаға түсті.
Кенже бала 1 тамызда көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күрескенімен, алған жарақаттары тым ауыр болды.
Жеті жастағы ағасы болса, ғажайыптың күшімен аман қалды. Ол ауруханада екі аптаға жуық емделіп, бір күн жансақтау бөлімінде жатты. 13 тамызда дәрігерлер оны үйіне шығарды. Қазір жағдайы қанағаттанарлық, алдағы бір айда режимін сақтап, кейін туған жеріндегі арнайы орталықта бір жылдық оңалту курсын өтеді.
Баланы ауруханадан әкесі алып шықты. Қазір ол ауылдағы туыстарының қасында.
Балалардың анасы әлі де жансақтау бөлімінде. Оның екі өкшесі мен оң иығы сынған, бірнеше ота жасалды. Палатасының жанында полиция күзетуде, бірақ бұлтартпау шарасы әлі таңдалмаған.
Аталған оқиға бойынша «Адам өлтіруге оқталу» және «Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.