Ангинадан тез айығу үшін не істеу керек: дәрігер кеңес берді

Ангина көмекейдегі бадамша безінің қабынуынан туындайды. Тілдің екі жағындағы көмекейдегі без ағзаға түрлі бактериялар мен вирустарды түсірмей, тыныс алу жолынан сүзіп алып қорғайды. Бірақ кейде бұл қорғаныс безі инфекцияның асқынуына төтеп бере алмай, қабынады.
Салдарынан адамның тамағы іріңдеп, қатты ісініп, тыныс алу жолдарын бітейді. Сондықтан ангинадан тұншығып қалу қаупі бар. Медицинада бұл ауруды тонзиллит деп атайды.
Ангинаның алғашқы белгілері:
Тамақтың қызарып, айқын ісінуі;
Бадамша безінде ақ ірің пайда болуы;
Дене қызуының 38,5 градусқа көтерілуі;
Әлсіреп, дененің қалтырауы;
Мойындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы және ауырсыну сезімінің болуы;
Жөтелдің болмауы.
Ангинаны қалай емдейді?
Тамақ іріңдеп, қатты ісінбеген болса, бұл ангинаның жеңіл түрі. Ол ерекше емді қажет етпейді және өздігінен 7-10 күнде жазылады. Ал созылмалы бактериялық тонзиллит анықталған кезде міндетті түрде дәрігердің нұсқауы бойынша емделген жөн.
"Тонзиллиттің алғашқы белгілері пайда болғанда бірден дәрігерге қаралу керек. Себебі ауру асқынса, ота жасау арқылы бадамша безін алып тастауға тура келеді. Көбінесе құрамында пенициллин бар антибиотиктермен емдеген жөн. Мұндай препараттар инфекциямен жақсы күреседі. Дәрігер тағайындаған антибиотикті қабылдаған соң, науқастың жағдайы бірден жақсара түседі. Бірақ дәріні соңына дейін толық қабылдау керек. Әйтпесе ауру қайта қозып, антибиотиктерге де бой бермейтін болады", – деді "Салауатты Астана" медициналық орталығының жалпы практика дәрігері Алшынбек Ахтанов.
Ауырсыну кезінде не істеу керек?
Аурудың өткір кезеңінде төсек режимін сақтау керек. Есіңізде болсын, тамақ ауруы кезінде сұйықтықты көбірек ішу керек және қабыну шырышты қабығын тітіркендірмейтін жұмсақ өнімдер мен сүт өнімдерін тұтыну қажет.
Шаюға арналған ерітінді, пастилкалар немесе спрей түріндегі жергілікті препараттар кеңінен қолданылады. Ангина үшін бұл құралдардың бірнеше артықшылығы бар: спрей, ерітінді немесе пастилкалар қабыну аймағында арнайы әрекет етеді, басқа органдар мен тіндерге әсер етпейді және пайдалы ішек бактерияларына қауіп төндірмейді.