Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:44

Англияда пойызда пышақпен шабуыл жасалды: 11 адам жарақат алды

Англия пойыз шабуылы
Фото: JUSTIN TALLIS / AFP

Англияның Кембриджшир графтығында жолаушылар пойызында пышақпен шабуыл жасалып, 11 адам жарақат алды, оның ішінде екеуінің жағдайы ауыр деп хабарлады BBC. Полиция бұл оқиғаға қатысты екі күдіктіні ұстағанын растады.

Оқиға қалай болған

Шабуыл сенбі кешкісін Донкастер қаласынан Лондондағы Кингс-Кросс вокзалына келе жатқан пойызда болған. Куәгерлердің айтуынша, жолаушылардың бірі пышақпен айналасындағыларға шабуыл жасаған.

Пойыз жүргізушісі мен жолаушылар бірден полицияға хабар берген. Төтенше қызмет өкілдері мен қаруланған полицейлер оқиға орнына — Хантингтон станциясына жеткенде пойыз жоспардан тыс тоқтаған. Осы жерде күдікті екі адам қамауға алынған.

Күдіктілер туралы

Жексенбі күні полиция ұсталғандардың екеуі де Ұлыбритания азаматтары екенін хабарлады. Олардың бірі — 32 жастағы қара нәсілді британ азаматы, екіншісі — 35 жастағы Кариб теңізі аймағынан шыққан ер адам. Екеуі де Британияда туған. Олардың аты-жөндері әзірге жария етілмеді.

Жәбірленушілердің жағдайы

Бастапқыда 9 адамның ауыр жарақатпен ауруханаға түскені хабарланған еді. Кейін олардың төртеуі емделіп шыққанымен, екі адамның жағдайы әлі де ауыр. Жалпы 11 жолаушы зардап шеккен.

1
Фото: JUSTIN TALLIS/AFP

Жексенбі күні таңертең Хантингтон бекеті жабық болды. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл жасалған пойыз әлі де платформаның жанында тұр, ал полиция мен тергеушілер жұмысын жалғастырып жатыр.

Оқиғадан кейін аймақтағы пойыз қозғалысы ішінара тоқтатылды, кейбір рейстер кешігіп немесе мүлде тоқтатылған. Билік тұрғындарды жексенбі күні мүмкіндігінше сапарға шықпауға шақырды.

Куәгерлер не дейді

Пойыз жолаушысы Олли Фостердің айтуынша, оқиға сәтінде адамдар қатты үрейленіп, айқайлаған.

"Біреу "қашыңдар, бір жігіт бәрін пышақтап жатыр" деп айқайлады. Алғашында бәрі Хэллоуин ойыны шығар деп ойладым. Бірақ бірер минуттан соң вагон ішінде қан аға бастады", - дейді ол.

Куәгердің сөзіне қарағанда, бір егде ер адам қызды қорғау үшін денесімен жауып қалған, бірақ өзі басы мен мойнынан жарақат алған. Жолаушылар оның қанын тоқтату үшін күртелерін пайдаланған.

Террорлық нұсқа расталмады

Ұлыбритания көлік полициясы шабуыл туралы алғашқы ақпарат кезінде «Plato» кодын — террорлық шабуылға қарсы төтенше әрекет жоспарының шартты белгісін қолданған. Алайда кейін бұл код алынып тасталған.

Полиция өкілдері қазірге дейін оқиғаның террористік сипатта еместігін мәлімдеп отыр. Шабуылдың себептері мен күдіктілердің ниеті анықталып жатыр.

Ішкі істер министрі Шабана Махмуд тергеу барысын жеке бақылауда ұстайтынын айтып, қоғамды «болжам жасау мен асығыс тұжырымнан сақ болуға» шақырды.

Ресми реакция

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер болған оқиғаны «алаңдататын жағдай» деп сипаттады.

«Біз зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіп, кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуіміз керек», - деді ол мәлімдемесінде.