Әнипа қыздың әлегі
Өткен аптада Алматыдағы «Кенжехан» базарына қатысты тағы да дау шықты. Ашынған саудагерлер мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына арнайы арыз жолдаған.
Бұл арызды мәжілісте депутат оқып беріп, Қазақстанның қаржы министрі мен бас прокурорына арнап сауал жолдады. «Әнипа Назарбаева ақшамызды қайтарсын» деген саудагерлер, бірнеше талабын да қойған.
Саудагерлер неге ашынды, «Кенжехан» базары кімдікі?
@jasalash.kz #кенжехан #алматы #барахолка #анипаназарбаева #назарбаев ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz
Енді «Кенжехан» базарындағы саудагерлердің арызына келейік. Олар осыдан бірнеше жыл бұрын Әнипа Назарбаеваға 10 мың доллардан ақша беріп, базардағы орынды сатып алғандарын жазған. Бірақ ол кезде ешқандай келісімшарт жасамаған. Құжат сұраған адамдар «біз осы жердің мәңгі қожайынымыз» деген жауап естіген. Кейіннен базар иесі ауысқан. 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра Консалтинг» ЖШС-ға өткен. Оның директоры Елена Михайловна Розенберг, яғни базар иесі де осы адам. Бірақ бұл жұрттың назарын басқа жаққа аудару үшін жалған қожайын ауыстыру ма, әлде экс-президенттің қарындасы «Кенжехан» базарын сатып жіберді ме, ол жағы белгісіз. Олай дейтініміз, былтыр қаржылық мониторинг агенттігі Әнипа Назарбаеваның компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады. Оның иелігіндегі TDA Companies Group ЖШС Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдады деген күдікке ілінген. Ал жаңадан келген басшы тағы да ақша талап еткен. «Кім көрінген басшы болып келіп, бізді тонай бере ме?!» деген саудагерлердің басым бөлігі қайтадан ақша беруге келіспей отыр. Ал қарсылық танытып, шу шығарғандарды базар басшылығы қудалап, контейнерлерін жауып тастаған. Кейбірін базардан қуып та жіберген.
«Әнипа Назарбаева базарды тасадан басқарып отыр»
«Кенжехандағы» оқиғаның анық-қанығын білу мақсатында солтүстік айналма жолда орналасқан базарға таң атпай бардық. Күн суық болатын. Базарға өтетін жерасты жаяу жүргіншілер жолынан-ақ сауда-саттық басталып кетеді екен. Біз киім сататын қатарды араладық. Алдымен аяқ киім сататын кісіге жолықтық. Келген мәселемізді айтқан едік, тартынып қалды. Бірден жауап беруден бас тартты. Бірақ кейіннен сөйлесе келе алда шапан киіп тұрған кісіні нұсқады. «Соған барыңыздар, бар мәселені айтады», деді. Бағанадан бері бақылап тұрған болу керек, біз барған кісі бірден контейнерінің ішіне шақырды. Аты-жөнін айтудан, суретке, видеоға түсуден бас тартқан саудагер «мені базар басшылығы білетін болса, контейнерімді жауып тастайды» деп ескертті.
Марат (аты өзгертілді):
«Бәрін басынан бастайын. Базар алдымен Әнипа Назарбаеванікі еді. 2015 жылдары 12 мың доллардан әр контейнерді сатып алдық. Оған паспорт берді. Бірақ ешқандай заңды күші жоқ. Келісімшарт жасамады. Әрине, біз сұрадық, бір жылға ғана ұсынды. Онысы жыл сайын өзгеріп отырады. Соншама ақшаға орынды сатып алдық, түптеп келгенде бәрібір жалға алушымыз. Солай істеп қойған. Енді Әнипа Назарбаева кетті, орнына Ким Сергей деген келді. Ол кәріс бізге «мына контейнердің барлығын алып тастаймыз» дейді. Қала әкімдігінің талабы екен. Енді Ким әр контейнерге тағы да 5 млн теңгеден сұрап отыр. Амалдың жоғынан бердік. Бұрынғы келісімшартты, берген ақшамызды айтсақ тыңдамайды. «Болмаса контейнерлеріңді алып кете беріңдер» дейді. Біз мұны мәселе етіп көтердік. Ешқандай нәтиже жоқ. Себебі барлығы бір-бірімен байланысқан. Бәрі Назарбаевтың адамы. Олар кеткен жоқ. Мысалы, Әнипа Назарбаева әлі бар. Халық шулап кетпеуі үшін, мынаның атына өткізіп қойды. Өзі ана жақта басқарып отыр».
Мараттың Ким Сергей деп отырғаны Елена Розенбергтен кейін келген басшы. Ашық мәліметтерге сүйенсек, «Кенжехан» ЖШС 2002 жылы тіркеуден өткен. Жалғыз иесі Әнипа Назарбаева болған. Кейіннен иесі ретінде Елена Розенбергтің аты аталады. Одан кейін Ким Сергей Георгиевич басшылыққа келген. Ал биыл 21 қыркүйектен бастап базар басшысы тағы да ауысқан. Жаңа басшының аты-жөні – Манушина Татьяна Алексеевна деп көрсетілген. Мараттың айтуынша, Нартай Аралбайұлы парламентте 325 мың теңге деп қате айтып отыр. Яғни ақпарат дұрыс жеткізілмеген. Базардың жаңа иесі 325 мыңнан емес, 5 млн теңгеден жинаған. Бұл жаздағы баға. Қазір әр орынның бағасы бұдан да өскен. Базар басшылығы саудагерлерден ақша жинаудың түрлі әдісін ойлап тапқан. «Кенжеханды» қайтадан реконструкция жасауға базар мен әкімдік ортасында ешқандай келісім болмаған екен. Саудагерлерден жазда 5 млн теңгеден жинап алған базар басшылығы қайта жөндеуді әлі бастамаған көрінеді. Алдымен қыркүйек деген, кейін қазанға жылжытқан, одан желтоқсанға ысырған. Біз базарды аралап жүріп ешқандай құрылыс жүріп жатқанын көрмедік. Тек қоршалған орындар мен, қазылған жерлер базарға келушілерге кедергі келтіріп тұр. Саудагерлердің бұдан бөлек тағы бір қорқынышы бар. Көбінің ақша беруге келгенде сол қауіптен сақтанады. Себебі қазір ірі базар басшылары саудагерлерден ақша жинап, шетелге қашып кету үрдісі белең алған. «Кенжехандағы» құрылыстың басталмай жатқанынан саудагерлер де қауіптеніп отыр.
«Ақша берсек, не орын жоқ, не ақша жоқ, жер сипап қалмаймыз ба? Бұл базарда ешкім ешкімнен қорықпайды. Кимнің өзі Әнипа Назарбаеваға жақын адам», – дейді Марат.
Мараттың айтуынша, жаңа басшылық ақша сұрағанда жинап бергендердің басым бөлігі қырғыздар мен тәжіктер. Себебі олардың азаматтығы жоқ. Сондықтан қорқады, не сұраса да бере береді екен. «Бермесеңдер көші-қон комитетін шақырамыз», дейді, болды. Сонда базар басшылығы көші-қон комитетін айтып қырғыздар мен тәжіктерді қорқытып ақша алып отыратын болса, олар елімізде заңсыз жүрген болды ғой. Жаңадан келген базар басшылығы өздері заңсыздыққа жол беріп, оны қысым ретінде пайдаланып отырған сияқты.
Марат бізге Елена Садуақасова деген кісі барын айтты. Оны базардан қуып жіберіпті. Қазір Елена WhatsApp желісінде арнайы чат құрып, сол жерге өзі сияқты жәбірленгендерді жинап алған. Қорғаушы жалдап, арыз да түсіріпті.
Содан кейін Марат бізді аяқ киім сататын қатарға сілтеді. Сол жердегі саудагерлер белсенді екенін айтты. Бұл жерден біз тағы да саудагердің арызын тыңдадық.
«Контейнерлеріңді жауып тастап, қуып шығамыз»
Баян, Қарлығаш, Гүлжан (есімдері өзгертілді):
«2015 жылы бір контейнерді 12 500 долларға сатып алдық. Содан бері осы жердеміз. «Жаңадан басшылар келіп жатыр, 15 маусымға дейін 5 млн теңге төлейсіңдер» деген талап қойды. Сол кезде арыз жазғандар 5 млн-нан төледі. Ал одан кейінгілерге бағасын 7 млн 300 мыңға өсірді. Бізде ақша болмады. Төлемедік. Енді «ақша бермесеңдер, контейнерлеріңді алып кете беріңдер, орындарыңды басқа адамдарға сатамыз» деп отыр», – дейді олар.
Ақша бермеген саудагерлер алғашында жиналыс жасап, Кимнің алдына да барған. Бұл істерінен түк нәтиже шықпапты. Керісінше, «Мен сендерге орын сатқан жоқпын» деп ескі келісімшартты ауыстырып тастаған. Саудагерлердің айтуынша, базар басшылығы тек өздерінің айтқанын істейді, саудагерлерді адам құрлы көрмейді екен. Қаласа келісімшартты бұза салады немесе өзгертеді. Қазіргі күнде аяқ киім қатарының дәл кіреберісін жөндейміз деп жауып тастаған. Анықтап қарамаған адамға бұл қатарға кіретін есік көрінбейді. Сондықтан болар, ішінде адам қарасы да аз, қызып жатқан сауда да көрінбейді. Жыл сайын қыркүйек келгенде қыз-қыз қайнайтын сауда орнында биыл тауар сирек сатылған. Базар алдын жабарда саудагерлер қыркүйек айы өткенше тоқтата тұрыңыздар деп басшылыққа арыздарын жеткізген. Бірақ тыңдар құлақ табылмаған. Соның кесірінен саудасы жүрмеген саудагерлер зар жылап отыр. Осындай жағдайлардан кейін олар белсенді болып, TikTok желісіне ролик те түсіріп, арыз-шағымын үкіметке жолдаған. Үкіметтен жауап болмаған. Көп өтпей базар әкімшілігінен келіп бәрінің тізімін жазып алған.
«Ана Елена сияқты боласыңдар. Ертең-ақ контейнерлеріңді жауып тастап, қуып шығамыз» деді. Қорыққанымыздан түсіндірме хат жазып бердік. Сондықтан аты-жөнімізді жазбасаңыздар екен», – дейді олар.
Базардан шығып, әкімшілікті іздедік. Дәл жаяу жүргіншілер өткелі маңындағы сары ғимаратта орналасқан кеңсесіне кіріп, журналист екенімізді айттық, саудагерлердің арызын жеткіздік. Әлдебір қағаздарға үңіліп отырған 7-8 қызметкер мұндай келгіншілерге әбден үйрен сияқты немесе арнайы тапсырма алған болуы мүмкін, жауапты адамдар кім екенін, кіммен сөйлесуге болатынын, басшылары қайда екенін қанша сұрасақ та селт етпеді. Тек біреуі мұндай сұрақтарға жауап беруге уақыттары жоқ екенін айтты.
«Бұлар президенттің саясатына қарсы жұмыс істеп отыр»
Елена Садуақасоваға хабарластық. Ол «базарға келе алмаймын» деді. Ертеңіне «Жас Алаш» редакциясында арнайы кездестік. Қасында өзі сияқты базардан қуылған Ибрагимді ерте келіпті. «Біздің аты-жөнімізді өзгертпеңіздер, сөзіміздің бір әрпін де түзетпей берсеңіздер» деп қолқа салды.
Елена Садуақасова:
«Барлығы 2022 жылы наурыз айында базар иесі ауысқан кезде басталды. Жаңадан келген басшылар келісімшартты ауыстырды. Жаңа құжат бойынша саудагерлердің ешқандай құқығы жоқ болып шықты. Бұған қарсы болдық. Олар «базардағы орынды қайтадан сатып аласыңдар, Әнипа Назарбаева заңсыз жұмыс істеген» деген талап қойды. Адамдар не істейді? Бәрінің несиесі, бала-шағасы бар. Қайтадан сатып ала бастады. Енді олар жалдау ақысын үнемі көтеріп отыр. Жаңа жылдан бастап тағы да 11 пайызға көтерді. Бірақ жағдай жасалмаған. Орынды сатып аламыз және оған тағы да жалдау ақысын төлейміз. Осылай бола ма? Қазір базар басшысы Сергей Ким. Ол Әнипа Назарбаеваның күйеу баласы, Алматы облысының экс-прокуроры Азамат Жылқыбаевтың досы, сыныптасы. Бір сөзбен айтқанда, бұл спектакль, ақша жеудің амалы. Сондықтан саудагерлерден ақша алудың түрлі жүйесін ойлап тауып жатыр. Қазір базардағы адамдар қорқады. Ал менде қорқатын ештеңе қалмады. Контейнерімді жауып, базардан қуып шықты. Тек әділеттілік орнаса деймін. Адамдар суық темірдің ішінде жұмыс істеп келеді. Мысалы, мына Ибрагим де өмір бойы базарда жұмыс істеген. Соңында дымсыз қалды, мұны да қуып шықты. Полицияға шағымдансаң, ештеңе істей алмайды. «Бұл жеке адамның мүлкі» дегенді айтады. Қысқаша айтқанда, «Кенжехан» базары мемлекет ішіндегі кішкентай мемлекет сияқты. Олар үй ішінен үй тігіп отыр. Қаласа ақша талап етеді, қаламаса базардан зат сияқты лақтырып тастайды. Бір сөзбен айтқанда, олар үшін сен адам емессің.
Олардың тағы бір ақша өндіру тәсілі бар. Сіз контейнерді 12 мың долларға сатып алдыңыз. Біраз уақыт сауда жасайсыз. Енді келіп базар басшылығы 20 тонналық контейнерге 5 млн, 40 тонналық контейнерге 10 млн тағы да ақша сұрайды. Сіз осы уақытқа дейін ақша бердіңіз, 12 мың доллар төлеп сатып алғансыз. Бергіңіз келмейді. Содан бұлар «теміріңді жина да алып кет, орынды қытайға ма, кәріске ме сатамыз» дейді. Қайда алып кетесің, өзің пәтер жалдап тұрасың. Сосын олар саған келіп контейнерді бізге 170 мың теңгеге сат дейді. Әйтпесе, әр күнің үшін 13 мың теңге айыппұл салады. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Шамасы келгендер алып кетеді, бірақ көп адам олар айтқан бағаға сатады. Мені де солай базардан қуып шықты. Қайта-қайта ақша сұрай бергеннен кейін мен видеоға түсіріп, не үшін ақша сұрай беретіндерін жазып алдым. Содан бұлар менен жалдау ақысын алуды тоқтатты. Берсем де алмайтын болды. Бірнеше айдан соң жалдау ақысын төлемеген, қарыз адам ретінде сотқа шақырды, олардың өкілдері контейнерімді жауып, өзімді базардан шығарып жіберді. Енді базарға барсам, күзетшілер қоршап алады. Қуаныш деген күзет басшысы «Садуақасова келді, арандатыңдар!» деп айтады. Олардың мақсаты – осы арқылы мені түрмеге жабу», – дейді Елена Садуақасова.
Еленаның арызын көтеріп бармаған жері қалмаған. Енді үмітім тек президентте деп отыр. Бұл іске Тоқаев араласпаса, басқалардың шамасы жетпейді дегенді айтады.
«Арызымды қайда апарсам да қабылдамайды. Бұлар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына қарсы жұмыс істеп отыр. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан, әділетті ел құрайық» десе, олар халықтың соңғы ақшасына дейін тартып алады. Біздің базардағы жеке мүлкімізді басқа біреулерге сатып жібереді. Біз қайда барамыз, арызымызды кім тыңдайды, кім көмектеседі?! Бұлар ақша жеудің түрлі жүйесін ойлап тапты деп айтып өттім ғой. Алдымен «ИП» ашады, содан кейін оны жауып тастайды. Кейін жаңасын ашады. Бітпейтін ұшы-қиыры жоқ осындай жағдай. Әнипа Назарбаева мемлекеттің ақшасын жеді деп айтып жатыр ғой. Сергей Ким «ИП» арқылы одан екі есе көп ақша жымқырды. Базарда бір жыл ішінде келісімшарт жеті рет өзгерді. Ким мені екі рет сотқа берді. Екеуінде де жеңіп шықтым. Мен Кимнің алаяқ екенін ашық айтамын. Жәбір көрген адамдар, дәлелдер бар. Сергей Кимнің артында Әнипа Назарбаеваның қызы Эльмираның күйеуі тұр. Ол экс-прокурор Азамат Жылқыбаев. Қысқаша айтқанда, бұлардың артында ықпалды адамдар бар. Олар өте ақылды адамдар. Назарбаеваның үстінен рейдерлік бойынша қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, ол күйеу баласымен ақылдасып «базар жоқ болса, қылмыстық іс те жоқ» деп базарды сатуға шешім қабылдайды. Азамат Жылқыбаев экс-президенттің қарындасына өзінің досы, тәжірибелі алаяқ Ким Сергейді ұсынады. Осылайша, Ким базар директоры болып шыға келеді. Ким деген ешкім емес. Оны қорғап тұрған «авторитет фамилия» – Назарбаевтар әулеті».
Ибрагим Османов:
«2014 жылы базарда менің 10 орным болды. Бірақ базардың реконструкциясына байланысты 5 орнымды алып қойды. Қалғанына да қанағат деп жұмысымызды жалғастыра бердік. Ал бір ай бұрын қалған 5 орнымды да тартып алды, жұмысшыларымды базардан қуып шықты. Себебі ретінде келісімшартқа қол қоймағанымызды айтты. Біз жақында ғана бір жылға келісімшартқа отырғанбыз. Мен қайтадан келісімшарт жасауға қарсы екенімді айттым. Осылайша бес контейнерімізді заттарымызбен қосып жауып тастады. Қазіргі күнде контейнерлерім тұр. Уақыт создырып олар мені қарызға батырып, бәрін тартып алмақшы. Жалдау ақысын төлеймін десем де алмайды. Қазір жұмыссызбын. Егер сауда жоқ болса, бала-шағам да аш қалады. Әр күн сайын көлігіммен шығып нанға ақша табамын. Ал менің контейнерімнің әрқайсысында 5 млн теңгенің тауары жатыр. Арыз жаздық, бірде-біреуін қабылдамады».
Жалпы, мұндай жағдайларда сотқа беру, саудагерлердің жеңіп шығуы өте қиын жағдай дейді. Себебі Елена айтқандай, базар иелері өте «ақылды». Және барлық уақытта «көнсең осы, көнбесең жолың әне» деген ұстаныммен жұмыс істеген. Басқа барар жері, басар тауы жоқ саудагерлер олардың шарттарына көнумен келген. Бұл сөзімізді «Кенжехан» базарындағы саудагерлердің құқығын қорғап жатқан заңгер Александр Слепцов та құптайды.
«Кенжехан» базарындағы жағдай бойынша айтатын болсам, сотқа дейін әлі ерте. Ол үшін алдымен дәлелдер жинауымыз керек. Ал бізде дәлел жоқтың қасы. Тек жәбір көрген адамдардың өзі ғана бар. Ал мұндай дәлелмен сотта жеңіп шығу қиын», – дейді қорғаушы.
Мұндай мәселе тек «Кенжехан» базарында ғана емес. Жақында «Еуразия» және «Рахат» базарларына да қатысты осындай дау туындаған. «Еуразия» сауда үйінің бұрынғы басшысы Игорь Николаевич Овсянников 67 саудагерден 4,5 миллион доллар жинап, Ресейге қашып кеткен. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын заңгер Жәмила Төленова қылмыстық істің сылбыр жүргізіліп жатқанын айтады. Себебі бұл іске де Назарбаевтардың қатысы бар болып шықты. Заңгердің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Әсел Исабекованың күйеу баласы Дулат Жантелиевтің (туған сіңлісі Ақтоты Исабекованың жолдасы) осы іске қатысы бар көрінеді.
Тұрсынбек Башар