Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:42

Әнипа Назарбаева тиесілі компания мемлекетке 10 млрд теңге шығын әкелген

Әнипа Назарбаева
Фото: Ашық дереккөз

Алматыдағы Алмалы аудандық соты Қытайдан тауар тасымалдау барысында кеденнен жалтару және жалған шот-фактуралар жазу ісі бойынша үкім шығарды.

Аталған қылмыстық істің ортасында – Әнипа Назарбаеваға қатысы бар деп есептелетін «Group of the Companies TDA» компаниясы бар.

Бұл компания уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, 100-ден астам контейнерді кедендік бақылаудан тыс өткізіп, халық тұтынатын тауарларды заңсыз әкелген. Құқық қорғау органдарының дерегінше, бұл әрекетке 10 серіктес компания тартылып, олар арқылы жалған шот-фактуралар рәсімделген.

Мемлекетке келген залалдың жалпы сомасы – 10 млрд теңге. Бұған қосымша төленбеген ҚҚС, корпоративтік табыс салығы және кеден төлемдері де кіреді.

Агенттік тергеу барысында келтірілген шығынның бір бөлігі өтелгенін хабарлады:

  • 643 млн теңге мемлекетке қайтарылған;

  • сот айыпталушылардың 1,3 млрд теңге тұратын тауарларына, сондай-ақ 300 млн теңгеге бағаланған жер телімдері мен көліктерге тыйым салды;

  • 47 компания өз еркімен 240 млн теңге көлемінде салық төледі.

Айыпталушылар 1,4 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ мүліктері тәркіленді. Тағы бір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.

1
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

 

GROUP OF THE COMPANIES TDA қандай компания?

Аталған компания Алматы облысы бойынша филиалының Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2014 жылы 15 қыркүйекте тіркелген. Кейіннен 2018 жылы 6 наурызда қайтадан тіркеуден өткен. 2021 жылы 28 шілдеде Қылышбаев Әли Жанболатұлы басшылыққа тағайындалыпты. Орналасқан жері ретінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, М.Әуезов, 66 деп көрсетілген. GROUP OF THE COMPANIES TDA 2021 жылы мемлекетке 14,5 млрд салық төлеген.

Құрылтайшылар саны – 3:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Қараев Рүстем Жауымбайұлы;

3. Серікбаев Бауыржан Тұңғышбайұлы.

Мемлекеттік кірістер комитетінде салық төлеуші ретінде еш мәлімет берілмеген. Себебі былтыр қаржылық мониторинг агенттігі Әнипа Назарбаеваның компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады. Оның иелігіндегі GROUP OF THE COMPANIES TDA Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдады деген күдікке ілінген. 2022 жылы 3 мамырда кеденнен өтетін тауар декларациясына байланысты прокуратура заң бұзуды анықтаған тексеру қорытындысын жариялады. Соның ішінде осы компанияның жүгін тексеру барысында құжатта көрсетілмеген 287 миллион теңгенің тауары шыққан. Кейіннен заңсыз тауар айналымы 585 млн теңгеге жеткен. Сол кездегі компания басшысы Әли Қылышбаев тұтқындалды.