Әнипа Назарбаеваның айналасындағы бизнесмен қамауға алынды
Қаржы мониторингі агенттігі бұрынғы Арселор Миттал Теміртау, қазіргі Qarmet кәсіпорнына қатысты ірі көлемдегі мүлікті жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Іс фигуранттарының бірі — «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Сергей Ким. Тергеу дерегінше, кәсіпорын аумағынан заңсыз түрде ондаған мың тонна өнім шығарылып, миллиардтаған теңге табыс табылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘНИПА НАЗАРБАЕВАНЫҢ БЕЛГІСІЗ КӨМЕКШІСІ СЕРГЕЙ КИМ КІМ?
Миллиардтық схема қалай жұмыс істеген?
ҚМА нұсқасына сәйкес, 2015 жылы «АлбаСтройДор» компаниясы Арселор Миттал Теміртаумен келісімшартқа отырып, домна шлагын қайта өңдеу міндетін алған. Келісім шарттары бойынша, қайта өңдеу өнімін сатуға немесе зауыт аумағынан шығаруға тыйым салынған.
Алайда, тергеу мәліметінше, Сергей Ким бұл талаптарды елемеген. Ол зауыт аумағына еркін кіріп-шығу мүмкіндігін пайдаланып, кәсіпорыннан домналық қоспалар мен кесек шойынды жүйелі түрде сыртқа шығара бастаған.
ҚМА дерегінше, жалпы 31 мың тоннадан астам өнім заңсыз шығарылып, бұл әрекеттен 1,8 млрд теңгеден астам табыс түскен.
Заңсыз тасымалдың кедергісіз өтуі үшін «Күзет 2050» ЖШС күзет компаниясы тартылған.
«Күзет қызметкерлері автокөліктердің бақылаусыз өтуін қамтамасыз еткен», — дейді тергеу органы.
Ал жымқырылған мүлік «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» атты бақылаудағы компаниялар арқылы заңдастырылған.
Назарбаева және «Кенжехан» ісі
Сергей Кимнің есімі бұған дейін де резонансты бизнес-қақтығыстарда аталған. Әсіресе, Алматыдағы «Кенжехан» базары төңірегіндегі дауларда. Бұл нарық жылдар бойы экс-президенттің қарындасы Анипа Назарбаевамен байланысты болып келген.
2022 жылы базар айналасында меншік құрылымының күрт өзгеруі байқалды: үлестер «МИТРА консалтинг» ЖШС мен Елена Розенбергке өтті. Осы кезеңнен бастап нарықты басқару ісінде Сергей Кимнің ықпалы күшейгені айтылды. Бірқатар БАҚ оны Әнипа Назарбаеваның мүддесін жүргізуші тұлға ретінде сипаттайды.
Мәсімовтар әулетімен байланыс
Істің тағы бір маңызды қыры — Мәсімовтар әулетіне қатысты. Бұған дейін «АлбаСтройДор» компаниясының құрылтайшылары қатарында Мырзахан Масимов болған. Ол — бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтың туған нағашысы.
Қазіргі таңда компания иелері ретінде Валерия Габриэль мен Денис Лисицын көрсетілгенімен, тергеу аясында бұрынғы байланыстар да назарға алынуда.
«Күзет 2050» және тағы бір сәйкестік
ҚМА іс материалдарында аталған «Күзет 2050» күзет компаниясы да кездейсоқ таңдалмаған. Компания иесі Жасұлан Ахметов кезінде дәл сол «Кенжехан» базарын басқарған тұлға ретінде белгілі. Сонымен қатар, «Күзет 2050» Арселор Миттал Теміртаумен байланысты корпоративтік клиенттерге қызмет көрсеткен.
Енді осы күзет құрылымы зауыттан өнімді заңсыз әкету ісінде аталып отыр.