Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 21 Желтоқсан 2023

Әнипа Назарбаеваның болған-болмаған бизнестері

әнипа бизнес
Фото: Коллаж Orda.kz

«Жас Алаш» Әнипа Назарбаеваның иелігінде делінетін «Кенжехан» базарына қатысты дауды жазған. Экс-президент қарындасының бұдан басқа қандай бизнестері бар? Ашық дереккөздер арқылы анықтап көрдік.

Оқи отырыңыз: ӘНИПА ҚЫЗДЫҢ ӘЛЕГІ

 

Әнипа Назарбаева «Кенжехан», «Кенжехан-2» базарларының негізін қалаушылардың бірі. Оған қоса, оның күзет компаниясы, жеке мектеп және тұтыну тауарларын сататын, туристік компаниялары бар екені белгілі. Бірақ кейіннен біраз бизнесінен бас тартқан сияқты. Олай дейтініміз – тексеру барысында бұрын өзі иесі болған немесе құрылтайшыларының қатарында аты аталған компаниялардан оның аты-жөнін кездестірмедік. Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес Әнипа Назарбаеваға қатысы бар деп ресми 6 компанияның тізімі берілген.

сандель
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

1. «САНДЕЛЬ-САУДА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Кенжехан-2» көтерме базары «Сандель-Сауда» компаниясына тиесілі. Алматы қаласында алғашқы тіркелген күні 2013 жылғы 26 желтоқсан, қайта тіркелген уақыты 2023 жылы 28 ақпан. Керімқұлов Жасұлан Шайзатұлы басшы етіп тағайындалған. Орналасқан жері Алматы қаласы, Алатау ауданы, Солтүстік айналым, 118/8. Аталған компания негізінен жылжымайтын мүлікке қатысты қызмет түрімен айналысады.

Құрылтайшылар саны – 5:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Жәкібаев Талғат Әділұлы;

3. Мамырбеков Амантай;

4. Пірімханов Айдар Арыстанұлы;

5. Тохтахунов Параджан Тохтасунұлы.

Statsnet мәліметтеріне сәйкес, бұл компанияның тауар айналымы 2023 жылы 9 363 756 157 теңге. 2021 жылғы тауар айналымы – 3 759 322 894 теңге. Сонымен бірге қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мәліметі бойынша, «Сандель-Сауда» – 2022 жылы 64 612 646,5 теңге, 2023 жылы 172 819 594 теңге салық төлеген.

тда
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

2. GROUP OF THE COMPANIES TDA жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аталған компания Алматы облысы бойынша филиалының Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2014 жылы 15 қыркүйекте тіркелген. Кейіннен 2018 жылы 6 наурызда қайтадан тіркеуден өткен. 2021 жылы 28 шілдеде Қылышбаев Әли Жанболатұлы басшылыққа тағайындалыпты. Орналасқан жері ретінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, М.Әуезов, 66 деп көрсетілген. GROUP OF THE COMPANIES TDA 2021 жылы мемлекетке 14,5 млрд салық төлеген.

Құрылтайшылар саны – 3:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Қараев Рүстем Жауымбайұлы;

3. Серікбаев Бауыржан Тұңғышбайұлы.

Мемлекеттік кірістер комитетінде салық төлеуші ретінде еш мәлімет берілмеген. Себебі былтыр қаржылық мониторинг агенттігі Әнипа Назарбаеваның компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады. Оның иелігіндегі GROUP OF THE COMPANIES TDA Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдады деген күдікке ілінген. 2022 жылы 3 мамырда кеденнен өтетін тауар декларациясына байланысты прокуратура заң бұзуды анықтаған тексеру қорытындысын жариялады. Соның ішінде осы компанияның жүгін тексеру барысында құжатта көрсетілмеген 287 миллион теңгенің тауары шыққан. Кейіннен заңсыз тауар айналымы 585 млн теңгеге жеткен. Сол кездегі компания басшысы Әли Қылышбаев тұтқындалды.

жетысу
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

3. «ЖЕТЫСУ» ӨНДІРІСТІК-КОММЕРЦИЯЛЫҚ ФИРМАСЫ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аталмыш компания 1999 жылғы 1 қарашада алғаш рет тіркелген («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалының Қапшағай қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімі). 2021 жылғы 2 шілдеде қайта тіркеуден өткен. Ашық мәліметтерге сүйенсек, оны 1991 жылы қарашада Сейітхан ​​Қуатбеков құрған. Экс-президенттің қарындасы 2008 жылдың қыркүйегінде кәсіпорынның иесі атанған. 2022 жылы 25 наурызда Сейітхан ​​Қуатбековтің ұлы Қуатбеков Саят Сейітханұлы оған басшы етіп тағайындалған. Мекенжайы Алматы облысы, Қонаев қаласы, 4-шағын ауданы, 27Б үй деп көрсетілген.

Құрылтайшылар мүшесі – 4:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Ширбаев Талап Тұрсынбекұлы;

3. Мамырбеков Амантай;

4. Қуатбеков Сейітхан Сейдрәсілұлы.

Қызмет түрі – базар орнын жалдау және пайдалану. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметі бойынша, бұл компания 2023 жылы 920028 теңге салық төлеген.

коркем жсш
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

4. «КӨРКЕМ ҚҰРЫЛЫС ӘЛЕМІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Компания Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасында 2006 жылғы 1 наурызда, қайтадан 2007 жылғы 2 қарашада тіркелген. Тұрғын үйлердің құрылысымен айналысады. Басқарушысы – Қараев Рүстем Жауымбайұлы. Ресми мекенжайы – Алматы қаласы, Әуезов ауданы, 10А.

Құрылтайшылар саны –2:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Қараев Рүстем Жауымбайұлы.

Мемлекеттік кірістер комитетінде кәсіпорынның тек 2021 жылы 29 170 теңге салық төлегені көрсетілген. Кейінгі екі жылда салық төлегені туралы мәлімет жоқ.

әнипа
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

5. RESOURCE CO. жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасында 2003 жылғы 26 наурыз алғаш рет, кейін 2006 жылғы 28 тамыз айында қайтадан тіркелген. Басшысы Қараев Рүстем Жауымбайұлы. Кәсіпорын көтерме саудамен айналысады.

Құрылтайшылар құрамында 3 адам бар:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Қараев Рүстем Жауымбайұлы;

3. Серікбаев Бауыржан Тұңғышбайұлы.

Орналасқан жері Алматы, Әуезов ауданы, Абай көшесі 10А деп көрсетілген. Аталмыш компанияның 2018 жылдан бері салық төлегені туралы ақпарат жоқ.

ан трас жсш
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

6. AN-TRAST SECURITY жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Кәсіпорын Шымкент қаласы бойынша тіркеу басқармасында 2003 жылы 25 тамызда алғаш тіркеуден өткен. Кейін қайтадан 2005 жылы 5 шілдеде тіркелген. Басшысы Нұрышев Ермек Әшірматұлы. Компания аты айтып тұрғандай жеке күзет қызметтерімен айналысады. Мекенжайы Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Қабанбай батыр 1 деп көрсетілген.

Құрылтайшылар саны – 2:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Аглетдинов Рамиль Гамилұлы.

«Кенжехан» базарына қазір Әнипаның да, Сергейдің де, Еленаның да қатысы жоқ

Бұдан бөлек қазіргі күнде дау боп тұрған «Кенжехан» ЖШС-ның алғашқы жалғыз иесі экс-президенттің қарындасы болған деген мәліметтер бар. Бірақ қазір оның аты бұл кәсіпорынға қатысы аталмайды. Былтыр «Кенжехан» базарын, яғни «Кенжехан» ЖШС кәсіпорнын «Митра» ЖШС сатып алған. Компания биыл 20 қыркүйекте қайта тіркеуден өткен. Бұған дейін иесі әрі директоры Елена Розенберг еді. Ал кейіннен оның басшысы Сергей Ким болған. Ал 2023 жылы 21 қыркүйектен бастап жаңа басшы Манушина Татьяна Алексеевнаның аты аталады. Манушина Татьянаға қатысты мәлімет жоқ. Бірақ «Кенжехан» ісі бойынша белсенді, Сергей Киммен соттасып жүрген Елена Садуақасованың айтуынша, Манушина Татьяна Сергейдің екінші әйелі. Ол 2000 жылдары Кимнің казиносында жұмыс істеген.

Елена
Фото: Жас Алаш. Аслан қажиев

«Қазір базар бәрібір Кимнің қолында. Тасадан басқарады. Олардың артында Әнипа Назарбаева отыр. Бұл мәліметтердің мен Киммен 2 жыл күрес кезінде анықтадым», – дейді Елена.

митра
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Statsnet қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, бұған дейін базар басшысы бірнеше рет ауысқан. 2020 жылы қаңтарда Әнипа Әбішқызының орнына Розенберг Елена Михайловна басшы болып келген. Одан кейін 1 жыл 6 ай өтіп экс-президенттің қарындасы тізгінді қайта өзі алған. Арада 5 ай өткесін Елена Розенберг қайтадан директор болған. Қазір «Кенжехан» базары «МИТРА консалтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды. Әнипа Назарбаеваның да, Елена Розенбергтің де, Сергей Кимнің де құжат бойынша бұл кәсіпорынға қатысы жоқ. Компания директоры Ахметов Жасұлан Ерланұлы. Ал құрылтайшысы – Манушина Александра Викторовна.

Бүгінде базардағы саудагерлердің «Әнипа Назарбаева ақшамызды қайтып берсін» деп талап етіп, жаңадан келген қожайынға ақша бермей отырғаны да осы «МИТРА консалтингке» қарайтын «Кенжехан» базары. «Митраның» 2023 жылы тауар айналымы 830 477 105 теңге, қазынаға аударған қаржысы 13 193 030 теңге. Ал мемлекеттік кірістер комитетінен «Кенжехан» ЖШС-ға қатысты мәліметтер таба алмадық. Бірақ Statsnet қызметі аталған кәсіпорынның биыл 107 548 063 теңге салық төлегенін және айналымдағы ақшасы 5 660 424 368 теңге екенін көрсеткен.

«Өсімдік» компаниясы қайда кетті?

Әнипа Назарбаеваға тиесілі дейтін тағы бір компания – «Өсімдік» ЖШС. Аталған компания қызметін тоқтатқан болуы мүмкін. Себебі бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінен аталмыш кәсіпорын туралы мәлімет таба алмадық. Былтыр ғана шыққан мәліметтерде «Өсімдік» Әнипа Назарбаеваға тиесілі екені көрсетілген. Құрылтайшылары – Назарбаева Әнипа, Бәкітай Әйтікен, Мамырбеков Амантай болған. Биыл тек Бәкітай Әйтікен ғана қалған. Мемлекеттік кірістер комитетінен де кейінгі жылдары салық төлегені туралы мәлімет таба алмадық. Компания тек 2020 жылы ғана 300 мыңға жуық салық төлеген. Сол жылдары тауар айналымы 14 764 582 теңге болған.

голден
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Дәл сондай компаниялардың бірі – GOLDEN BRIDGE DIAMONDS ЖШС. Ұзынағаштағы кәсіпорын негізінен туристік қызмет көрсетеді, сонымен бірге оның сауда алаңдары мен дүкендерге қатысы бары да көрсетілген.Бұл компания құрамынан да экс-президенттің қарындасы шығып кеткен. 2022 жылы құрылтай құрамында Назарбаева Әнипа Әбішқызы, Айфельд Вольдемар Филиппович, Жасыбаев Марат Абенұлы болған. Ол кездегі директоры Маркович Ирина Владимировна. Аталған компания 2023 жылы 14 қыркүйекте қайта тіркеуден өткен. Сол кезде аты аталған адамдардың барлығы құрылтай мүшелігінен шыққан. Мұқашева Венера Сейітхановна компанияға директор болып тағайындалған, құрылтай құрамында Алексеев Сергей Витальевич деген бір ғана адам бар. 2023 жылы туристік компания 1 148 552 теңге салық төлеген.

сенім мектебі
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Әнипа Назарбаеваның Шымкенттегі «Үзіліссіз білім беретін жекеменшік «Сенім» мектебі мекемесіне» де қатысы болған. Бұл кәсіпорын білім және денсаулық саласында қызмет көрсетеді. Алғаш рет 1997 жылы 27 қаңтарда тіркелген. 2001 жылы 9 тамызда қайта тіркеуден өткен. Қанаева Щамщия Захаровна (есімі құжат бойынша жазылды) аталған компанияның директоры. Былтыр ғана құрылтай мүшелері қатарында Әнипа Назарбаева Әбішқызы, Қанаева Щамщия Захаровна, Махмутова Жаннат Арипжановна болған. Биыл экс-президенттің қарындасы құрылтай мүшелігінен шығып қалған.

Әнипа Назарбаеваға тиесілі тағы бір білім ордасы – «Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі» еді. 2023 жылдың мамыр айының соңында «Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнын мемлекет меншігіне қайтару туралы сот отырысы өткен. Алматы облысының қаржы басқармасы 2022 жылдың қыркүйегінен бастап иесі Әнипа Әбішқызы Назарбаева болған «Әнипа» ЖК-ны сотқа берген. Нәтижесінде «Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі» мемлекетке қайтарылды.

Айтпақшы, бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінен «Әнипа» жеке кәсіпкерлігіне қатысты да мәлімет таба алмадық. Бұл жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан болуы мүмкін. «Әнипа» ЖК 2021 жылы 25 мамырда тіркеуден өткен. Уақытша тұрғылықты орын және тамақ саласы бойынша қызметтер көрсетеді. Иесі – Әнипа Назарбаева. Тұрақты жылжымайтын мүлік, көлік, жер учаскесіне иелік етеді. Биыл қазынаға қанша қаржы аударғаны туралы мәлімет кездеспейді. Былтыр 8 791 136 теңге салық төлеген.

Жалпы, былтырдан бастап Назарбаевтардың бизнес империясы біртіндеп ыдырап, биліктегі салмағы әлсірей бастады. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен, Елбасы, Құрметті сенатор атақтарынан айырылды. Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға қамалып, мемлекет қазынасына 320 млн доллар қайтарды. Тағы бір немере інісі Самат Әбіш ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасары қызметінен Қаңтар оқиғасынан кейін босатылды.

Марқұм інісі Болат Назарбаев бірнеше базарынан айырылды, бірқатар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Экс-президенттің кенже қызына тиесілі, онлайн билет сату қызметімен айналысатын Instant Payments компаниясымен мемлекет келісімшартты бұзды. Сонымен бірге Әлия Назарбаева бұдан былай елдегі қоқыс шығару процестерін бақылай алмайды. «ӨКМ операторы» ЖШС жекеменшіктен бөлініп, толығымен мемлекет меншігіне өтті.

Әнипа Назарбаеваға қатысты да былтыр рейдерлік бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осындай оқиғалардан соң тықыр таянғанын сезді ме әлде әдеттегі ойыны ма, экс-президенттің қарындасы ресми түрде біз жазып өткендей бірнеше бизнесінен ресми түрде бас тартқан.

Тұрсынбек Башар