Аңызға айналған алма: апорт қайта жаңғыра ма?

Ерекше хош иісі мен ересек адамның алақанына сыймайтын ірі көлемі Алматы апортын әлемге танытты.
Арайлы қаланың символына айналған бұл жемістің тарихы тереңде. Тарихи деректер бойынша апорт алмасы Алматыда әлiмсақтан өседi-мыс. Жалпы, Алматының тарихын жақсы бiлетiн адам оның алмасы жайында айтпай тұра алмайды. Көне заманда Алматының «Алмалы» деп аталғаны да тегiн емес. Ал оның бiр кездерi «Верный» деп өзгеруi патшалы Ресей зорлық-зомбылығының ғана айғағы болып қалғанын бұл күнде елдiң бәрi бiледi. Алматы апортының берiдегi тарихы да осы тұспен тiкелей байланысты. Оны сырттан келiп қоныстанушы келiмсектер өздерiмен бiрге қайта ала келген екен. Алайда бұл әңгiменiң өзi жабайы алмадан бастау алады. Алайда қала символына айналған жеміс бүгінде жоқтың қасы. Осы орайда елімізде «Апорт» алмасының сортын қайта жаңғырту үшін 2025–2028 жылдарға арналған арнайы Жол картасы да жасалған. Алманың бұл сортын жаңғырту жұмыстары 2024 жылы басталған еді. 2024 жылы жобаның іргетасы қаланып, Жоңғар Алатауының таулы өңірлерінен Сиверс жабайы алмасының қазіргі мәдени сорттардың арғы тегі болып саналатын өсімдіктің тұқымдары жиналды. Бұл тұқымдар арнайы питомниктерге себіліп, көшеттер өсіріліп жатыр. 2025 жылдың ақпан айында 10 гектар аумақта қысқы көзеп егу жұмыстары сәтті жүргізілгенін де атап айтқан жөн. Бұл шынында сапалы жеміс алу үшін аса маңызды кезең екені рас.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің Алматы облысына жұмыс сапары аясында маңызды көшпелі кеңес өткізілді. Оған ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов төрағалық еткен еді. Кездесуге ғылыми қауымдастық пен бейінді мекемелердің өкілдері, соның ішінде Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» өңірлік филиалының мамандары қатысып, жиын барысында жобаның уақытылы және кең ауқымда жүзеге асуына кедергі келтіріп отырған мәселелер талқыланып, филиал басшысы аралық есеппен таныстырды. Нақты шешімдер қабылданып, жауапты құрылымдарға тапсырмалар жүктелген еді. Осы орайда 2027 жылдың соңына дейін елімізде кемінде 110 гектар алқапқа «Апорт» сортының көшеттері отырғызылмақ. Бұл атақты сұрыпты жаңғыртып қана қоймай, оны жүйелі түрде көбейтуге мүмкіндік беретін берік негіз болары анық. Жобаның ауыл шаруашылығынан тыс символдық маңызы да айрықша екенін атап өткеніміз де жөн. «Апорт» бірнеше буынға таныс, Алматының брендіне айналған сорт ретінде ел есінде сақталып қалды. Мәселен, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Қазыбаеваның айтуынша, Алматы апортының тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. 1865 жылы Воронеж губерниясының Острогожский округінен қоныс аударған Егор Васильевич Редько Верныйға (қазіргі Алматы қаласы) өз Отанында басқа сорттардан ешқандай ерекшелігі болмаған апорт алма ағашының бірнеше көшетін әкелген екен.
«Кішкентай ағаштар тамыр жайып, күшейіп, бірнеше жылда гүлдеді. Күзде ағаш бұтақтарында пішіні ірі-ірі, қып-қызыл ғажайып алмаларды бағбанның көршілері көріп, табиғаттың бұл көрінісіне таңғалған еді. Егор Васильевич бүкіл ниет білдірген адамдарға алма ағашының қалемшелерін телітуші ретінде беріп отырды. Көп ұзамай керемет сорт бүкіл Алматы өңіріне тарады», – дейді маман.
Сәуле Қазыбаева апорт тартымды келбеті мен керемет дәмінің арқасында көп ұзамай Жетісу өңірінде жеміс саудасында жетекші орынға шыққанын атап өтті. Маманның айтуынша, саудагерлер жемісті Сібірге және оңтүстік аймаққа теміржол арқылы жеткізіп отырған. Сондай-ақ Верный бау-бақша училищесінің және жылына жүз мыңнан астам көшет шығарған Н.Моисеевтің ірі жекеменшік алма бағының жұмысының нәтижесінде сорт Қазақстанның оңтүстік-шығысында, әсіресе Іле Алатауының таулы аймағына кеңінен тарады.
Агротехникалық шаралармен қатар, бүгінде «Апорт» алмасын ұлттық бренд ретінде кеңінен насихаттау бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, осы жылдың қыркүйек айында ҚазНИИПО-ның помологиялық бағы негізінде «Бақ күні» атты ауқымды іс-шара өтпек. Бұл күн отандық жеміс-жидек сорттарын, соның ішінде «Апортты» кәсіби орта мен көпшілік арасында кеңінен таныстыруға арналған ерекше алаң боларына сенім мол.
Сәруар Бақберген