«Анкара Газаға әскер жіберу мәселесін әлі қарастырып жатыр» – Ердоған
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкараның Газа секторында құрылуы мүмкін халықаралық тұрақтандыру күштеріне қатысу-қатыспауы жөнінде әзірге нақты шешім қабылдамағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл мәселе жеке талдауды қажет етеді. Қорғаныс министрлігі Түркияның әскери құрылымдары мұндай миссияда қандай форматта қатыса алатынын зерттеп жатыр. Барлық аспектілер толық қаралғаннан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.
«Израиль қақтығысты тоқтату туралы келісіміне адал болып, уәдесінде тұруға тиіс. Біз Түркия халқы аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік орнағанын қалаймыз. Сол себепті бауырлас ел ретінде өз тарапымыздан барлық мүмкіндікті жасаймыз. Бейбітшілікті орнату үшін біздің Қарулы күштер жүктелген міндетті толық орындауға дайын», - деді ол.
Айта кетейік, Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату режимін кім бірінші бұзғаны жөнінде бір-бірін айыптауды жалғастырып жатыр.
23 қараша күні Израиль әскері Газада ХАМАС-тың жергілікті командирлерінің бірі – Алаа әл-Хадидиді өлтіргенін хабарлады. Әскердің мәлімдеуінше, ол қозғалыстың штабында қамтамасыз ету қызметін басқарған. Әль-Хадиди сенбі күні сектордың бірнеше аймағында жүргізілген операция барысында жойылған.
ХАМАС әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.