Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:00, 27 Ақпан 2024

Аңқаусыған Мұқаев, алданған халық және Досаевтың қара тізімі

Мұқаев
Фото: из открытых источников

Жақында ақпарат көздерінде Алматыда сатып алуға тыйым салынған тұрғын үйлердің тізімі жарияланды. Олардың ұзын саны – 45. Тыйым салудың себебі әртүрлі. Біреуінің рұқсат қағазы жоқ, тағы біреуі қаланың бас жоспарына сәйкес келмейді.

Дәл осындай үйлердің бірі – Алатау ауданы Мәдениет шағын ауданы 185/8 мекенжайында орналасқан Dostar Deluxe тұрғын үй кешені. Жоспар бойынша тұрғын үй 2023 жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда құрылыс жұмысы компания уәде еткен уақытта аяқталмайды. Ақырында Досаевтың «үй сатып алмаңдар» деген қара тізімінен бір-ақ шығады.

Негізі MAX BET PV2 ЖШС салуы тиіс тұрғын үйге осы уақытқа дейін жүзден астам адам 200 миллионнан көп ақша салыпты. Салымшылар қазір не үй, не ақша жоқ, тақырға отырғанын айтады.

Бұл мәселе бойынша біз алдымен Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығына хабарластық, ресми сауал жолдадық. Біздің «құрылыс жұмысы не себепті тоқтатылды?» деген сұрағымызға Алматы қаласы Алатау және Бостандық аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің бас маманы Дархан Тайсаринов жауап берді. Оның айтуынша, құрылыс монтаждау жұмыстары басталғаны туралы хабарламаның авторлық және техникалық қадағалаудың болмауына байланысты 2023 жылы 16 наурызда тапсырыс берушіге қатысты басқарма шаралар қабылдайды. 2023 жылы 11 тамызда басқарма Алматы қаласының полиция департаментіне үлескерлердің қаражатын заңсыз тарту туралы, 2023 жылы 21 желтоқсанда басқарма Алматы қаласы полиция департаментіне, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне және Алматы қаласының прокуратурасына тиісті шаралар қабылдау туралы хат жолдайды. 2024 жылы 5 қаңтарда жер учаскесінің меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Сөйтіп, қазылған шұңқырды қайта толтыруға нұсқама беріледі. Егер нұсқама орындалмаса, іс сотқа жіберіледі екен. Бізге жіберілген түсініксіздеу жауаптың қысқаша мазмұны – осы. Ал Досаевтың баспасөз орталығы біздің «тұрғын үйге салым салған азаматтардың ісі қалай шешім тапты, нақты қанша адам қанша қаражат салды?» деген сұрағымызға «бұған біз жауап бермейміз» деп қысқа қайырды. Олардың сөзінше, мұндай сұрақ Алматы қаласы баспасөз орталығына қойылмауы тиіс екен. Себебі бұған Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жауап беруі тиіс. Осыдан соң С.Әзірбекке бірнеше қайыра хабарластық, ресми сауал жолдадық, бірақ еш жауап болмады.

Ашық ақпарат көздерінде MAX BET PV2 ЖШС-ның аталған жерге құрылыс салуға әу бастан рұқсат қағазы болмағаны айтылады. Компанияның үстінен осы уақытқа дейін он шақты сот ісі тіркелген. Ең қызығы, компанияның меншігінде ешқандай мүлік жоқ екен. Басшысы – Берік Нұрмағанбетов есімді азамат. Біз құрылыс компаниясының интернеттегі ресми парақшаларына хат жазып, тиісті нөмірлерге хабарласып, жауап ала алмадық.

Досаевтың баспасөзі түсіндіруден бас тартқан, С.Әзірбектен білу мүмкін болмаған сот ісіне қатысты мәліметтерді ақыры ашық ақпарат көздерінен жиыстырдық. Сөйтсек, алданған салымшылардың біразына құрылыс компаниясы 2023 жылы тамызда 25 қыркүйекке дейін ақшаны толық қайтарамын деген. Қыркүйекте әр азаматқа 500 мың теңгеден берген. Содан соң қалған қаражатты апта сайын жіберіп тұрамын деген. Бірақ компания басшысы Б.Нұрмағанбетов созбақтап жүріп ең соңында тұрғындарды көз жаздырып кеткен.

Естеріңізде болса, дәл осы Dostar Deluxe тұрғын үй кешенінің жарнамасы кезінде жер жарды. Алматының көшелерінде билбордтары ілулі тұрды. Танымал әнші, блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларынан түспеді. Тіпті мемлекеттік телеарналардан да жиі айтылды. Жарнаманың көркін қыздырып: «дәл қазір 20 пайыз жеңілдікке ие болыңыздар» деген сыңайда алаулатып, жалаулатқандардың бірі – танымал блогер, қазіргі мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Dostar Deluxe тұрғын үй кешеніне ақша салып алдандық» деген азаматтардың біразы ақша салуына дәл осы Дәулет Мұқаевтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жасаған жарнамасы ықпал еткенін айтады. Салмай қайтсін, бұған дейін үй алудың небір тиімді жолдарын айтып, халықты «сауаттандырып» жүрген блогердің өзі қолмен ұстағандай етіп сендіріп айтып, жарнамалап тұрса?!

Енді осы мәселеге қатысты мәжіліс депутатының өзіне хабарластық. Депутат сұрақты уатсапқа жазып жіберуін айтты. Жазып жібердік. Сәлден кейін: «Шаршамадыңыздар ма? Шықпаған жері қалмады ғой» деген жауап келді. Біз ақшасын салып, үй ала алмай далада қалған тұрғындар үшін бұл маңызды мәселе екенін айттық. Депутат бұған: «Олар әр ай сайын әр жерге хабарласа береді» деп жауап берді. Сөйтті де осыған дейін ақпарат көздеріне берген жауабының сілтемесін жіберіп, оған қоса «осы сұхбаттарды қарап, шығара беріңіздер. Тамыз айынан бері сұхбаттан сұхбат. Өзім де алданып отырмын!» деп жазып жіберді. Біз ең алдымен Д.Мұқаевтың екіұшты сөзіне жіп таға алмадық. Әуелі бізге осы мәселені «айта-айта шаршамадыңыздар ма» дейді. Депутаттың бұл сөзін «неге осы мәселені қазбалай бересіңдер, қойсаңдаршы, болды ғой» деген мағынада түсіндік. Ал «олар әр ай сайын әр жерге хабарласа береді» деген сөзі тіпті өзіне сеніп, ақша салған азаматтарды кінәлап тұрғандай әсер қалдырды. Табан ет, маңдай терімен тапқан ақшасын үйге салып, ақырында үйсіз, ақшасыз қалған халықтың мүшкіл жағдайын Дәулет мырза түсінбей отыр ма, әлде түсінгісі келмей отыр ма, болмаса «сендер де (журналистер) шаршамадыңдар, салымшылар да айта береді» деп қолын бір-ақ сілтегені ме, мұны да анық біле алмадық. Қош, сөйтсек, оқиғаның қысқаша тарихы былай болыпты.

MAX BET PV2 ЖШС Д.Мұқаевқа хабарласып, үй алуды ұсыныпты. Шаршы метрі 300 мың теңге. Сөйтіп, 2022 жылдың тамыз айында Дәулет Астанадан арнайы Алматыға барады. Сату бөлімінің қызметкерлері айтулы блогерді, қазіргі депутатты бірден таниды, содан ол кісіге жеңілдік жасайтын болады. Осыдан соң Дәулет құрылысты көзімен көреді. Басқа да танымал тұлғалар жарнама жасағанын естиді. Болашақ депутат, әрине, құрылыстың қала жоспарына сай, сай емес екенін сұрауды ұмытпайды, қарсы тарап: «Жақында рұқсат аламыз, дайындалып жатыр, әзірше бастай береміз» дейді. Депутат бұған сенеді, іштей «осы уақытқа дейін қай қалада болса да 90 пайыз үй салынып басталып, кейін құжатын алады ғой» деп ойлайды. Осыдан соң Д.Мұқаев үйдің жарнамасын әлеуметтік желідегі парақшаларында бөліседі, оқырмандарын Dostar Deluxe тұрғын үй кешенінен үй алуға шақырады. Өзі де келісімшарт жасасады. 60 шаршы метр, екі бөлмелі үй 18 миллион теңге. Тіпті компания танымал Д.Мұқаевқа үйдің ақшасын бөліп төлеуге де келіседі. Алайда компания осыдан кейін бір апталық науқан өткізбекші екенін айтады, онда тұрғын үйдің шаршы метрі 280 мың теңгеден сатылады. Мұны естіген Мұқаев үйді өзіне де 280 мың теңгеден сатуын сұрайды. Компания бұған да бірден келіседі. Сөйтіп жүргенде іс аяқсыз қалады. Дәулет келісімшарт жасасқанымен, үйге жұрт қатарлы ақша құймайды. Демек, мұнда да Дәулеттің жоғалтқаны жоқ. Содан да болар, халық қалаулысының «осыны айтудан шаршамадыңдар ма?» немесе «олар (үлескерлер) ай сайын әр жерге хабарласа береді» деп астамсып сөйлейтіні.

Алайда арада аз уақыт өткен соң құрылыс жұмысы тоқтайды. Өйткені компанияның аталған жерге құрылыс салуға рұқсаты жоқ. Әлгі Дәулет Мұқаев іштей болжаған «ақырындап бітіріп алады ғой» деген құжаты ақыры бітпеген болып шығады. Бұған қатысты Дәулеттің айтар уәжі мынадай: «Мен де алданып отырмын, ешкім алда не боларын білмейді. Мен, әрине, кеңес бердім, бірақ біреуді сүйреп, есепшотынан ақшасын алып құйдырмадым». Мұндағы Д.Мұқаевтың алдандым дегеніне де сену қиын секілді, себебі ол өзі айтқандай құрылысқа қатысты кейбір құжаттарының әлі толық емес екенін әу баста білді, біле тұра «дайын болып қалар» деген оймен оның жарнамасын жер дүниеге жар салып айтты. Бірақ сонда оқырмандарына «құрылыстың құжаты жоқ, кейін дайын болады» деп ескертпеді. Оны ішіне бүгіп қалды. Сөйте тұра депутат «мен де алдандым ғой» дейді, шарасыздың кейпін танытып.

Жарнама дегеннен шығады. Қазір әлеуметтік желілерде жарнаманың түр-түрі самсып тұр. Айтуына сенсеңіз, қазір-ақ сіздің «басыңызға бақ, астыңызға тақ орнатады». Дегенмен осындай арзан жарнамаға сенген халық жиі алданып, сан соғып жатады. Кейбірі банктерден қарыз алады, кейбірі жиған-тергенін салады. Алайда ең ақырында жарнама жасаушылар «сүттен ақ, судан таза болып», жаңбыр арасынан құрғақ шығады. Сазға отыратын қарапайым халық. Сонда осы жарнама жасаушылардың нақты жауапкершілігі жоқ па, жарнамаға сеніп алданушылар не нәрсеге баса көңіл бөлуі тиіс деген сұрақтар туындайды.

Мұның жауабын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ың заң факультетінің аға оқытушысы, заң ғылымының кандидаты, адвокат Роза Өміртайдан сұрап білдік.

«Кез келген пәтерді сатып алардан бұрын оның құжаттарының заңды екенін тексеріп алған дұрыс. Бірақ Алматыдағы жеке салынған тұрғын үй кешендерінің «заңсыз салынды» деп танылуының себебі әртүрлі. Оның кейбіреулері табиғи тұрғыда тұрғын үй салуға арналмаған жерлерде салынған, кейбіреулері тұрғын үй салуға арналған жерлерге салынса да, барлық құжаттары дұрыс бола тұрып, заңды түрде сатылып кеткеніне қарамастан, беделді адамдардың жақындарының арыздануымен «өз бетімен салынған тұрғын үйлер» деп саналып, соттың шешімі шықты. Қазір апелляциялық сотта қаралып жатыр.

Осы тұрғыдан алғанда көп пәтерлі тұрғын үйлерді сатар кезде «әкімшілік қайда қараған?» деген сұрақ туындайды. Тіпті жоғарыда айтқанымдай, кейбір үйлердің барлық құжаттары толық. Пәтерді алған адамдар жекешелендіріп, басқа адамдарға сатып та үлгерген. Кейбіреулері банктен ипотека алып, әлі күнге дейін төлеп жатыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кіргендері де бар. Сондықтан үйлер заңдастырылған соң дауласып жатқан жағдайда бұл жерде негізі халық – Қазақстан Республикасының азаматтық кодексіне сәйкес адал алушылар болып есептелінеді. Сондықтан олардың құқығы заң аясында қорғалуы қажет. Басымдық беретін жағдай – егер табиғи апат, басқа да тұрғын үй салуға қарсы көрсеткіштер жоқ болса, барлық стандарттарды сақтай отырып салынған болса, ол тұрғын үй бұзуға жатпау керек. Өйткені баспана құқығы Қазақстан Республикасының Ата заңына сәйкес қол сұғылмайтын адам мен азаматтарға берілген жеке құқық пен бостандықтардың қатарына жатады. Ал тұрғын үй салу талаптарына сай емес жағдайда заңдастырылса, онда рұқсат беру құжаттарын берген мемлекеттік органдар жауапқа тартылуы керек. Бұл жерде ашығын айтқанда, жемқорлықтың немесе тамыр-таныстықтың белең алып тұрғандығы байқалады. Сондықтан жемқорлықпен де күресуіміз керек. Негізі сатып алушылардың мұнда ешқандай кінәсі жоқ. Сондықтан адал алушылардың мүддесін заң әрқашан қорғау қажет.

Ал әзірге тұрғын үй жарнамасымен айналысқан, өздерінің танымалдығын, беделділігін пайдалана отырып жарнамаға қатысқан адамдарды жауапкершілікке тартатын заңда бап жоқ. Парламентте қылт етіп, әртүрлі сұрақтар көтеріліп жатыр. Бірақ бұл әлі жоба болғандықтан оны заң деп айта алмаймыз, ол қабылдана ма, қабылданбай ма, ол жағы да белгісіз. Дегенмен қоғамдық маңызы артатын болса, мұндай түйткілді мәселесі бар қоғамдық қатынастар міндетті түрде заң арқылы реттелуі қажет.

Досаев «болары болып, бояуы сіңген соң», қара тізім жасайды. Ал осы үйлердің жарнамасын жасаған Мұқаев мен де алдандым» деп аңқаусиды, заңгер заңда да шикілік бар екенін айтады. Қалай десек те ақырында зардап шегетін қара халық.

Жақсылық Қазымұратұлы