Аннексияланған Қырымда ресейлік Су-30 жойғыш ұшағы құлады
Аннексияланған Қырым аумағында ресейлік Су-30 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшақ Мәскеу уақытымен шамамен сағат 11:00-де жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындау кезінде құлаған. Ұшақтың оқ-дәрісі болмағаны айтылды. Экипаж катапульта жасап, іздестіру-құтқару қызметі арқылы эвакуацияланған.
Бұл өңірде соңғы күндері орын алған алғашқы авиациялық оқиға емес. 31 наурыз күні аннексияланған Қырымда Ан-26 әскери-транспорт ұшағы құлаған болатын. Ресми деректерге сәйкес, оның бортында 30 адам — жеті экипаж мүшесі және 23 жолаушы болған. Ресей Қорғаныс министрлігі ұшақ жоспарлы ұшуды орындағанын, ал апаттың алдын ала себебі техникалық ақау екенін мәлімдеді. Кейбір БАҚ мәліметінше, ұшақ жартасқа соғылған болуы мүмкін.
BBC News орыс қызметі дереккөздерге сілтеме жасап, қаза тапқандардың арасында генерал-лейтенант Александр Отрощенко болуы мүмкін екенін хабарлаған. Ал «Досье шпиона» телеграм-арнасы апатта Солтүстік флот штабының алты офицері де қаза тапқанын жазды.
Мурман облысының губернаторы Андрей Чибис Солтүстік флот әскери қызметкерлерінің қаза тапқанын растады, алайда қосымша мәлімет бермеді.