Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:33, 07 Желтоқсан 2022

Аңшы ұсталып, балықшы қармақ қапты

None
None

          Алматы облысы екіге бөлініп, облыс орталығы Қонаев қаласына көшіп келгелі жарты жылдай уақыт болды.

Осы аз уақыттың ішінде жаңа құрылған Алматы облысында да біраз шаруа жасалып жатыр. Әсіресе қылмыс саласы облыстың бөлініп-жарылғанына қарамайды. Аймақ бөлінді екен деп қылмысқа жауапты мамандар да қарап отырмайтыны анық қой. Жарты жылға жуық уақыт ішінде Алматы облыстық полиция департаменті қандай қылмыстардың бетін ашты, қанша заңсыздықтың жолын кесті? Жыл соңына қарай полиция департаменті атқарған жұмыстарға шолу жасап көрдік.

         

Есірткі қылмысы есіріп тұр 

          11 айдың қорытындысы бойынша облыста есірткіге қатысты заң бұзушылықтың 222 дерегі тіркелген, оның 78-і есірткіге қатысты қылмыстар болып отыр. Мысалы, осы уақыт ішінде есірткі заттарды өткізудің 35 дерегі анықталса, есірткі заттарын сақтайтын 14 қойма анықталған. Ал құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді өсіріп, күтіп-баптаумен айналысқан 16 қылмыстық іс анықталды. Бұл туралы газетімізде бірнеше рет жаздық. Мысалы, пәтерінде марихуана өсіріп, оны көшеге алып шығып сатқалы отырған жерінде қолға түскен тұрғын туралы жазғанбыз.

Есірткі қылмысы әлем бойынша ауыздықтауға көнбей отырған аса ірі, қауіпті қылмыс. Есірткі заттарын жарнамалау да қылмыс қазір. Алматы облысы бойынша биыл есірткі заттарын заңсыз жарнамалаған және насихаттаған 13 түрлі дерек тіркеліпті.  

          Есірткіге қатысты қылмыс асқынып тұр дедік қой. Сөзімізге дәлел келтіре кетейік. 2022 жылдың 11 айында тәркіленген әртүрлі есірткі заттарының көлемі мен саны 7 есеге артқан. Яғни биыл 5 тонна 150 келі 299 грамм тәркіленген. Ал былтыр осы уақытта қолға түскен есірткі заттарының көлемі – 643 келі 408 грамм болатын. Біз көп жағдайда «есірткі заттары» деп жалпы атаумен атай береміз. Алайда оның Қазақстанда бірнеше түрі кездеседі. Заңсыз айналымда болып тәркіленген сол заттардың 23 келі 582 граммы «гашиш» деген түрі. Ал «героин» – 342 грамм, «Марихуана» – 94 келі 450 грамм, синтетикалық есірткі» түрлері – 21 келі 179 грамм тәркіленген.

          11 айдың ішінде Алматы облысы аумағында есірткі қылмысына қатысы бар 39 адам тұтқындалған, оның бесеуі сотталды. Жыл басынан бері синтетикалық есірткі бойынша 41 дерек анықталған-ды. Оның 29-ы есірткі қылмысына қатысы бар болып шықты. Синтетикалық есірткіні өткізу бойынша 16 қылмыстық дерек тіркелген болатын. Мұның көбі кеден арқылы алып өтпек болған заңсыздықтар. Ал аса ірі көлемде есірткі сақтаумен айналысқандардың 13 фактісі ашылған. Есірткіні заңсыз сақтаумен айналысып, оны таратып отырудың өзі үлкен қылмыс саналады. Есірткі қылмысы бойынша 12 дерек нақтыланған жыл басынан бері. Жалпы осы тіркелген қылмыстар бойынша 21 келі 179 грамм заңсыз есірткі өнімдері тәркіленіпті.

           Ресми деректерге жүгінейік. Елімізде есірткіге тәуелді болып қалған 110 мың адам есепке алыныпты. Бұл Қазақстан сияқты халық саны аз мемлекет үшін өте көп екені анық. Сондықтан да мемлекет есірткі қылмысын басты назарда ұстап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында да осы мәселені көтерген, яғни есірткінің, нақтырақ айтсақ синтетикалық есірткінің жаппай таралуы – жастардың, болашақ ұрпақтың өміріне үлкен қауіп төндіріп отырғанына алаңдаушылық білдірді.

          Балық аулап, батпаққа батты

          Табиғаттан артық байлық жоқ. Ал оның қойнауындағы аң-құс, жан-жануар, балық, өсімдіктің бәрі қорғалады. Заңсыз балық аулау, аң ату, табиғатты бүлдіру – қылмыс. Тіпті «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен құстарды ату, балықтарды аулау, өсімдіктерді жұлу деректері бойынша ұсталған азаматтарға кешірім болмайды. Өйткені заңның аты заң, заң бәріне ортақ.   

Алматы облысының табиғат қорғау полициясы 2022 жылдың 11 айы бойынша атқарған жұмыстарын жариялады. Бізге берген деректер бойынша, табиғат қорғау заңнамасының 1469 заң бұзушылығы анықталған. Оның ішіндегі 77-сіне қылмыстық іс қозғалыпты. Экологиялық құқықбұзушылық деректері бойынша 1392 құқық бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 5 628 262 мың теңгеге айыппұл салынған. Осы заңсыз айналымнан 4024 келі балық тәркіленсе, 86,79 текше метр заңсыз дайындалған ағаш, ау, қармақтар анықталып отыр.

Жалпы, заңсыз балық аулаудың 85 дерегі анықталған. 164 әртүрлі құрал тәркіленді. Оның ішінде 34 атыс қаруы бар. Атыс қаруларының ішінде 13 винтовка, 21 тегіс ұңғылы қарулар тәркіленді. Ал балық аулау үшін әрине қайық керек. Заңсыз балықшылықпен айналысқан 14 қайық тәркіленіпті. Бұл да табиғат қорғаушылары үшін үлкен олжа.

Мысалы, 12 қараша күні «Браконьер» жедел құқық қорғау шарасы аясында рейдтік іс-шара өткізілді. Рейд барысында Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасындағы қызметкерлер БАМБИРХ инспекторларымен бірлесіп, Іле өзенінің 120-шы шақырымында екі резеңке қайықпен заңсыз балық аулап жүргендердің үстінен түседі.

Жедел шара кезінде Еңбекшіқазақ ауданының 40 жастағы және 51 жастағы екі азаматы ұсталды. Тексеру кезінде олардан «Муссон-3200» және «Ривьера 3200» маркалы 2 резеңке қайық, 300 келі доңмаңдай балығы тәркіленді. Осы факті негізінде қазір қылмыстық іс қозғалып, заңсыз балық аулағандар қамалды.

Арқар атып ұсталды

Енді заңсыз аңшылықпен күресте табиғат қорғаушыларының қолына түскен деректерден бөлек, оқиғаларға да жеке-жеке тоқталсақ. Мысалы, биыл 27 қазанда «Браконьер» жедел құқық қорғау шарасы аясында рейдтік іс-шаралар өткізілген-ді. Шара барысында «Бақанас – Қарой» автожолының бойында «TOYOTA AVALON» маркалы автокөлігі тоқтатылады. Көлік тізгінінде Балқаш ауданының 28 жасар тұрғыны болған. Автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыштан 6 үйрек, 23 қасқалдақ шығады. Ал күдіктіден 12 калибрлі тегіс ұңғылы екі қару тәркіленді. Қазір осы заңсыз аңшылық негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі – 444 мың 135 теңге.

Екінші оқиға Алматы облысының Райымбек ауданында тіркелді. 5 қараша күні аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне, полиция аға лейтенанты А.Маженнен хабарлама түседі. Райымбек ауданының Қақпақ ауылдық округінде орналасқан «Қарасай жайлау» ЖШС-індегі демалыс аймағы аумағында жабайы жануардың етін заңсыз сақтау дерегі анықталған. Табиғат қорғаушыларының жедел қимылдауының нәтижесінде күдіктілер қолға түскен. 

Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиға орнына Райымбек ауданы ПБ жедел тобының қызметкерлері Алматы облысы ПД ЖПҚБ АҚЖ қызметкерлерімен, сондай-ақ ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы бөлімінің қызметкерлерімен бірге барған. Келіп түскен ақпарат расталып, жоғарыда аталған демалыс аймағының аумағында орналасқан контейнердің ішінде 4 қапшықтан салмағы 124,3 келі болатын жабайы жануардың еті табылады. Алдын ала болжам бойынша, тәркіленген ет арқардың еті болып шықты.

Сөйтіп, заңсыз аң аулап, арқар атып жүргендер – Алматы қаласының тұрғындары болып шықты.

Бұл жұмыстардың бәрі «Браконьер» профилактикалық іс шарасы асында атқарылып жатыр. Шараның негізгі мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылармен, браконьерлермен күресу. Заңсыз қару алып жүргендерді анықтау, заңсыз балық аулау, заңсыз аң аулауды, заңсыз табиғат байлықтарын бүлдірген азаматтарды тоқтату, жауапқа тарту шарасы болып табылады. Осы шара аясында республика көлемінде өнімді жұмыстар жасалып, табиғатты заңсыз бүлдіруден сақтап жатыр.

Тегтер: