Аңшылық байдың ермегі, кедейдің азығы
Өткен ғасырдың соңғы ширегіне қазақ даласында сағымша жөңкілген, қазіргіден әлдеқайда көп киікті қынаша қырған еді.
Ол кезде жекеменшік мекеме емге жоқ, қамал бұзар сақмандай сақылдаған, обал-сауапты белден басып, сауда орындарына ет түсіру жоспарын партия мен үкімет алдында қатырып орындаған. Одан кейін кеңестік одақтың ойраны шығып, Тәуелсіздігіміздің таңы атқан тоқсаныншы жылдарда табиғаттың көз қуанышына тағы да қара бұлт төніп, күнін қараң қылған. Жүгенсіз жосыған қасақылар (браконьерлерді осылай атап жүр) жәудір көз жануарлардың тұқымын сонда бір тұздай құрта жаздады.
«Дат» әлде «Сол дат» газетінен сонау жылдары «Назарбаевтың күйеу баласы 17 киік атып алды. Ол не, аш па еді?» дегенге мағыналас тақырыптағы мақала оқығаным есімде қалыпты. Оқығаным болмаса, өзге оқиғасынан хабарым жоқ. Есімі есімде қалмаған күйеу баланың аш-тоқтығын білмедім. Алайда, кеңшарлар мен ұжымшарлар тарағаннан кейінгі халықтың онда да қолы жеткенінің ғана аш құрсағын жабысқан жілігі сорпаға татымайтын түз тағысының майға шыланған қуырдағы жұбатқаны рас еді.
Өткен жылдың аяғында ресми биліктің табиғатты қорғауға жауапты өкілдерінің бөркін аспанға лақтыртқан деректер тіркелді. Соңғы жылдарда бұрын құлдырап кеткен киік саны екі есеге өсіп, 842 мың бастан асыпты. Ендеше, өсу болғасын тегін олжа көріп, аңду да бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігі тегін олжа іздегендердің жолын кесу үшін 2021 жылдың 10 желтоқсанынан бастап он күндік жедел қимыл шараларын еліміздің 12 аймағында ұйымдастырған.
Қазақстан аумағына қанатын түгел жайған 203 жедел топ табиғат қорғау заңдылығының 124 рет бұзылғанын анықтаған. Анықталмай қалғандары да бар. Себебі, осы екі деректі ғана салыстырсақ та, осынша жедел топтың жартысына жуығы дерліктейі он күн ішінде бірде-бір құқық бұзушыны кезіктіре алмай, далада сенделгені көрініп тұр.
Жарайды, барына береке, осы 124-тің, 109-ы заңсыз аң аулаушылық болып шықты. Оның жетеуі аңшылық қаруды тағыну мен алып жүру тәртібін бұзған. Жиырма бір адам киік мүйізі мен етімен қолға түскен. Он күннің ішінде Қазақстан бойынша анықталғандары саны жөнінен заңның телпегін шын мәнінде теріс кигізушілер қарасына маңайлай ала ма дегенге жауап іздегеннен гөрі осы келтіргендеріміздің әлеуметтік астарына үңілгіміз келеді.
Осы заң бұзғандардың арасында шенеуніктер немесе ауқаттылар көп пе екен? Статистика оған да жауап береді. Тұтылып қалған әрбір он аңшының, сегізі тұрақты жұмысы жоқ, тек қана осыны және үйіндегі алақандай шаруашылығын күнкөрісіне айналдырғандар болып шықты. Ал Ақтөбе облысында 2021 жыл ішінде ұсталған 111 заңсыз аңшының жеті азаматында ғана тұрақты табысы болған. Олардың 96-сы шалғайдағы ауылдарда тұрады.
Тағы да статистикаға жүгінсек, қазіргі таңда еліміздегі 19,2 миллион халықтың 25 пайызы кедейлер санатына жатады. Дамыған елдердің ешқайсысында мұндай көрсеткіштің болмауы біздегі кедейліктің асқынғанын көрсетеді. Кедейлердің басым көпшілігі халқымыздың 40 пайызын құрайды екен. Жұмыссыздардың басым бөлігі ауылдарда тұрады. Аңшысы бар отбасылар киік етін кәдімгідей қарын тойғызар азығына айналдырып алған.
Айта көрмеңіз, олар өздері өзек жалғамаса, киіктің етін де, тіпті мүйізін де сатып, береке таппайды. Сонау жылдарда да мемлекеттік жоспар киіктерді қыру жолымен орындалғанмен, сауда орындары тарамысша тартылған, дәмі өзгеше етті халыққа сатып қарық қыла алмаған. Ал мүйізін осыдан шамамен үш жыл бұрын Қытайға жасырын түрде асырушыларға 80 мың теңгеге сатуға мүмкіншілік бар еді. Қазақстан тарапының киікті қорғау жөніндегі мемлекеттік құқықтық шаралары нәтижесінде екі ортаны жалғайтын арналар тым жіңішкеріп кетуінен біздегі сатып алу құны 15 мың теңгеге дейін құлдырады. Ұстала қалса қылмысы мен пәленбай миллиондық айыппұлы мойнына мінетінін білсе де, тоңғанынан секіретін кедейлер болмаса, мүйіз сатқан шенеунік пен ауқаттының жаманаты өткен жылы естіле қоймаған сияқты. Аңшылық жасап, тойып секіріп жүргендерге заң айбат болып жарымайды.
Серік Жолдыбай
журналист-заңгер
Ақтөбе қаласы