Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:48, 23 Шілде 2024

Антиэкстремист Бейсембаевтың армиясы Ашық НҚА-ға байқамай кіріп кетіпті

Бейсембаев
Фото: из открытых источников

Оқу-ағарту министрлігі жаңа бұйрық жобасын ұсынып, артынша біраз сынға ілікті. Тіпті «Бейсембаев тағы да...» деген пікірлер айтылып, ұстаздар қауымы қарсылықтарын ашық жеткізген.

 15 шілде күні Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылауға шығарылған құжат бойынша педагогтар діни экстремизммен күресуге міндеттеледі.

Жаңа жоба бойынша «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» бұйрыққа тағы екі пункт қосылмақ. Олар (мәтін өзгеріссіз берілді – ред.): «Орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асырады», «Білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогтар және басқа да қызметкерлерге рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіреді». Демек, білім беруден бөлек, өз жүктемесіне кірмейтін ірілі-ұсақты шаруалардан босамайтын, қағазбастылықтан шаршаған, онсыз да оқушы үшін артығымен жауапкершілік арқалап жүрген педагогтар енді антитеррорлық, антиэкстремистік идеологияға белсене кірісуі тиіс. Бұл туралы құжатта былай делінген: «Орта білім беру ұйымдарында мектеп директорларының орынбасарларына, барлық мамандықтың пән мұғалімдеріне, әдістемелік орталықтар басшысының орынбасарларына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың жастар жөніндегі инспекторларына орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру бойынша міндеттер жүктеледі, сондай-ақ «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңды білу талабымен біліктілік сипаттамалары күшейтіледі».

Жобаның «Кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасына» орайластырып жасалғаны да айтылыпты. Әрине, жастар арасында діни сауаттылық пен экстремизмге қарсы сана қалыптастыру қажеттілігі бар. Алайда салаланған біліктілігі жоқ 340 мың ұстазға төбеден түскендей талап қою қаншалықты орынды? Онсыз да қотыр-шотыры көп, кем-кетігі жамалып бітпейтін білім жүйесі өзіне қатысы жоқ мәселемен қалай айналыспақ? Бұл туралы жарияланған жобаның астындағы пікірлер де, әлеуметтік желілердегі посттар мен айтылып жатқан ойлар да сарындас. Мәселен, педагог Н.Қожахметов былай дейді:

«Әлемдегі жағдай мен қауіпсіздіктің маңыздылығы туралы түсіндіру де қажет емес шығар. Сондықтан да балалардың санасында экстремизм мен терроризмге қарсы түсінік қалыптастыру – өте өткір тақырып. Бұл орайда мәселенің салмақтылығы мен ауқымын ескере отырып, оны шешуге қолынан келген институттың бәрі атсалысуы керек. Әрі ол бір жүйеге түскен, сараланып қабылданған тиянақты жоспар арқылы жүзеге асуы тиіс. Әлбетте, осы бағытта орта білім беру жүйесінің басым рөлі бар екені айтпаса да белгілі. Бірақ бұл педагогтар басқа мамандардың функциясын өзіне артуы керек дегенді білдірмейді. Құқық қорғау қызметкерлері, әлеуметтанушылар мен әлеуметтік қызметкерлер, дін мамандарының қызметін қоса атқару үшін бос уақыт пен энергиядан бұрын үлкен білім керек, академиялық сауат қажет. «Көз мөлшермен» есептейтін дүние емес бұл».

Педагог О. Затеева да осыған тоқталады:

«Діни экстремизм деген күрделі зерттеу мен өте кәсіби қадамдарды, эмоционалды, рухани, интеллектуалды тұрғыда объективтілікті талап ететін нәзік тақырып. «Сол себептен қысқа біліктілік курсын да оқымаған ұстаз дін мен экстремизм туралы балаға не үйрете алады деген сұраққа жауап бере алуымыз керек. Одан бөлек, арнайы дін істері комитеті мен жергілікті билік құрылымында бекітілген штат мамандары да бар екенін естен шығармайық. Олар өзі ісімен айналыссын, ал біз сапалы білім берейік».

Ал А.Битенбаеваның айтуынша, әдеттегі жылдам курс пен біліктілікті арттыру интенсивтері ұстаздарға мұндай құзыреттілік бере алмайды. Оған қоса, субъективті діни сана мен жеке дүниетаным жағы да кедергі келтіреді дейді ол.

«Әр мұғалім жеке сенім мен таным көкжиегінің деңгейінде миллиондаған балаға ақыл айтса, ол экстремизммен күрес емес. Бұл – бар мәселені одан сайын ушықтыру, фанатиктерге қолдан жағдай жасап беру, объективтіліктен алшақтау. Математикада математиканы, әдебиетте әдебиетті, биологияда биологияны оқып, базалық білім меңгерілсе, баланың ізденіске, ғылымға құштары ашылса, мектептің жеңісі де, күресі де – сол. Мұғалім сабағын өтсін, әдіскерлер мен директордың орынбасарлары соны айрандай ұйытып, ұйымдастырсын. Мектепке дін мен күнәні, қауіптен қашу инструкциясы мен тағы сол секілді нәрселерді тықпалай берудің мәні жоқ. Бәрі шегімен, мөлшерімен. Мемлекеттің міндетін мектеп қашанғы атқара береді?» – дейді ұстаз.

Тағы бір мұғалім Айнұр Сабыр болса, бұл жоба қабылданған күннің өзінде «папка мен есептен аспайды» деген пікірде:

«Министрлік мұғалімдерге тағы бір «сауапты іс» жүктеп жатыр. Қанша айтса да шешімін таппай келе жатқан қағазбастылық пен бітпейтін жауапкершілікке енді діни экстремизммен күрес қосылмақ. Ілгеріде коррупциямен күресіңдер деп адалдық сағаттарын өткізуді міндеттеп еді. Енді мынау. Қарап отырсақ, үкімет өзінің қолынан келмегеннің бәрін ұстаздарға ысыра беретіндей. Бірақ оның көпшілігі сол баяғы жалған есеп пен артық мәселеге айналып кетіп жатыр. Неше түрлі «пиарщик» директорлар бар ғой. Ертең олар мұны науқанға айналдырып, онсыз да ешнәрсеге уақыты жоқ ұстаздарды «цветной» принтерге байлап қояды. Есептен есеп сұрап, мұғалімнің итін шығарады. Одан бөлек, ертең ата-аналар келіп «баламның миын улама» деп, қандай да бір жағдай бола қалса кінәні мұғалімнен іздемесіне кім кепіл? Қанша миллион бала, қаншама мың ұстаз бар. Олардың оқу процесіне әкеліп осындай терең жүктемені тастай салу асығыстық».

Ең қызығы, құжат жобасы экстремизмге емес, діни экстремизмге қарсы күрес деген мазмұнда жасалған(!). Орта білім жүйесі зайырлылық пен қауіпсіздік деген факторларды шын қажет етсе, жалпы экстремизмге қарсы жоба жасалуы керек емес пе еді? Бұл министрліктің шалалығы ма, кім білсін? Жарым-жартылай шикі жобаның өзін қойып, идеясын алғанда да сұрақ көп. Бұл туралы дінтанушы Асылтай Тасболатпен тілдестік.

«Біздің елдегі саясат көп сұрақтарды адам құқығы деп емес, қауіпсіздік жағынан қарастырады. Оны «секьюритизация» дейді. Осы әдетімен экстремизммен күресті білім беру жүйесі арқылы жүргізу қажет деп тапқан болар. Расында, әлем елдері мектепте, білім беру жүйесінде белгілі бір идеологияны ұстап тұруға тырысады. Ал Қазақстан сынды авторитарлы елдер үшін бұл тіпті де тиімді құрал, оптималды нұсқа. Сондықтан таңғалудың да қажеті жоқ. Бірақ педагогтар өз жүктемесінен, құзыреттілігі мен біліктілігінен артық нәрсе бере ала ма? Бұл қадам қаншалықты нәтижелі болады? Осы өзгеріс өзін ақтай ма? Осы сынды орынды сауалдарға жауап беру үшін құжат жобасын әзірлеген ведомство мәлімдеме жасауы тиіс. Жобаны әзірлейтін кезде қандай елдердің тәжірибесі ескерілді, қандай социологиялық зерттеулер жүргізілді, зерттеулер жасалды, нәтижелері қандай болды, нендей логика бар, нәтижесіне не аламыз деген сұрақтарға жауап болуы керек. Яғни шешімнің қандай аналитикаға негізделгені туралы мәлімдеме, ашық баяндама жасалғаны дұрыс деп есептеймін.

Негізінен діни экстремизммен күрестің ең тиімді жолы – білім беру. Агрессивті қадамдардан гөрі, ағартушылық арқылы әрекет еткен оңтайлы. Мәселен, бұрындары мектеп қабырғасында дінтану пәні оқытылды. Онда діни толеранттылық, әлемдік, ұлттық діндердің тарихы, оларды мәдениет бөлшегі ретінде қарастыру, зайырлылық ұғымы мен экстремизм туралы жүйелі түсіндірілетін. Мол ақпарат берілетін. Алайда оны мектеп бағдарламасынан алып тастады. Сондағы аргументтері – кадр. Шын мәнінде діннің тарихын әлеуметтік құрылыс ретінде оқыту үшін тарихшылардың өзі жеткілікті. Себебі ол діни білім емес, дінтану. Дайын құрал бола тұра, оны алып тастап, енді мектепте діни экстремизмге қарсы күрес жүргізу деген ойдың логикасы түсініксіз», – дейді дінтанушы.

Бұйрыққа өзгеріс енгізу туралы жоба Ашық НҚА-да 29 шілдеге дейін тұрады деп көрсетіліпті. Бір қызығы, ол талқылауға ұсынылып, жұрт әлеуметтік желілерде, БАҚ атаулы ресми сайттарында жаппай жазып, талқылап, сынап тастаған бұл материалды білдей бір министрлік «қателесіп» жариялап жіберіпті. Қазір құжаттың толық нұсқасын ашу, жүктеу, оқу мүмкін емес. Оның себебін сұрап оқу-ағарту министрлігіне хабарласқанымызда, бар кінәні бір ғана адамға – белгісіз маманға аудара салды.

«Бұл адами фактор әсерінен кеткен олқылық. Нақтырақ айтқанда, бір маманның қателігі. Жобаны жүктеген соң, сол күні кешке өшіріп тастадық. Аталған өзгерістерді енгізу жағы алдағы уақытта да қарастырылмайды. Бұл мәселе күн тәртібінде жоқ», – дейді министрліктің баспасөз хатшысы Мереке Амангелді.

Осынша шуға арқау болған олқылықтан кейін министр Бейсембаев бір мәлімдеме жасар деп қанша күтсек те, ләм-мим деген жоқ. Министрлік сайты да, жеке әлеуметтік желідегі ресми парақшасы да түк болмағандай. Қалай болғанда да, бұйрық деген саяси мән-маңызы жоғары құжат. Ал оның жобасын жасау, тексеру, тіркеу, ашық талқылауға ұсыну үшін порталға жүктеу бір тетікті қате басқаннан бола салатын нәрсе емес екені анық. Қаншама уақыт кетеді, қаншама жол толтырылады. Оның үстіне әңгіме мемлекеттің білдей бір министрлігі туралы! Соған қарағанда, Ашық НҚА Бейсембаев үшін «проходной двор» сияқты. Хиджаб туралы аңдамай сөйлеп, ақыры екінші бір мәлімдеме жасап, қоғамды шулатқан Ғ.Бейсембаев тағы солай «байқамай» қалды ма екен? Бәлкім, бұл жолы «соткасы» қалтасында жүріп байқамай басылып кетіп, бұйрық дайындап, онысы Ашық НҚА-ға жарияланып кеткен болар...

Жұрттың реакциясы нашар болған соң, райынан қайта салатын... министр атаулының бәрі Бейсембаевтай болсашы!..

Баян Мұратбекқызы