Антикор арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты тергеуді аяқтады
Антикор арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты тергеуді аяқтады, — деп хабарлайды Жас Алаш Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты соталды тергеп-тексеруді аяқтады.
"Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау деректері бойынша тергелді. Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыры аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 миллиард теңгеден аса ірі көлемде залал келтірілді", — делінген хабарламада.
Барлығы 30 адам қылмыс жасады деген күдікке ілінген.
«Олардың қатарында Астана қаласы бойынша №2 Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр», — делінген Антикор мәліметінде.
Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі. Антикоррупциялық қызмет азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады.