«Антикор» басшысының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаев сотталды

Шымкентте «Антикор» ұйымы басшысының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевқа қатысты сот үкімі шықты.
Мақсат Қожабаев Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында («Алаяқтық») көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны бес жыл алты айға бас бостандығынан айырды. Ақпаратты Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі растады.
Бұл қылмыстық іске тағы бір айыпталушы – Зәкір Ғұламов қатысты. Сот оны Қылмыстық кодекстің 28-бабының 4-бөлігінде, 367-бабының 4-бөлігінде, 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол бес жыл бір айға бас бостандығынан айырылды.
Мақсат Қожабаевты 2023 жылдың 9 қаңтарында ҰҚК қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу аясында ұстады. ҰҚК олардың қандай құқық бұзушылық туралы айтып жатқанын сол кезде айтпады.
Құқық қорғау органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкеріне алаяқтық жасады деген айып тағылғаны бұған дейін хабарланған болатын.