Антикордың бұрынғы орынбасарының іздеуде жүрген інісі Шымкентте ұсталды
46 жастағы күдікті ірі көлемде пара алды деген күдікке ілініп, іздеу жарияланған еді.
Антикор басшысының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың інісі, халықаралық іздеуде жүрген Дәуренбек Қожабаев ұсталды.
"Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылының арқасында ұсталып, тергеу изоляторына қамалды", — делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарламасында.
46 жастағы күдікті ірі көлемде пара алды деген күдікке ілініп, іздеу жарияланған еді. Ол Шымкент қаласындағы мектептердің бірінің директорын қылмыстық жауапкершіліктен босатқаны үшін пара алған болуы мүмкін. Тергеу барысында Қожабаевтың қайда екенін айтқан адамға сыйақы жарияланып, есімі құпия болатынына кепілдік берілді.