Антон – айтыс жанашыры

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында «Жылдың басы — Әз наурыз» тақырыбымен облыстық ақындар айтысы өткен болатын.
Өзге ұлт өкілдері аралас қоныстанған өңірде айтыс қалай өтер екен деген қаупіміз бекер болып шықты.
Қаупімізді бекерге шығарған Антон Бауткин есімді орыс жігіті еді. Айтысты қорытындылар тұста сахнаға шыға келген Антон бауырымыз әуелі «Ассалаумағалейкум, ағайын! Наурыз құтты болсын!»,- деп елмен амандасып алды. «Ойпырмай, мынау қайтер екен» деп сілтідей тындық. Сөйтсек, мәрт азамат белгілі ақындар Бауыржан Ширмеденұлы мен Эльдар Ихсановқа өз атынан арнайы сыйлық дайындап әкеліпті. Ал, қалай тәнті болмайсың?! Өнерде ұлт болмайды деген осы да. Бұл да Теректі руханиятының жаңа деңгейге көтерілгенінің бір белгісі болса керек.
Мерекелік айтыста «мынау мықты, мынау осал» демей» Теректі барша ақынға бірдей жүлде табыстады. «Тақсай ханшайымы» атындағы жүлде Жансая Мусинаға, «Айшуақ хан» атындағы жүлде Айнабек Бисенғалиевке, «Жантөре хан» атындағы жүлде Бауыржан Ширмединұлына, «Әбубәкір Кердері» атындағы жүлде Әділ Ахметовке бұйырды. Сонымен бірге, «Марабай жырау» атындағы жүлдені Орынбек Меңдіқұлов, «Хамза Есенжанов» атындағы жүлдені Эльдар Ихсанов, «Жұбан Молдағалиев» атындағы жүлдені Мейірман Шәкенов, «Қадыр Мырза Әлі» атындағы жүлдені Санат Кәрім, «Қайрат Жұмағалиев» атындағы жүлдені Талғат Мықи, «Тайыр Жароков» атындағы жүлдені Мұрадым Мирланов, «Асылбек Ишанов» атындағы жүлдені Данияр Нысанғалиев, «Сағат Абдуғалиев» атындағы жүлдені Бекболат Қаленов, «Қасым Аманжолов» атындағы жүлдені Жарқынбек Шынтаев, «Мұқағали Мақатаев» атындағы жүлдені Мақсат Тұяқ еншіледі. Наурыз айтыстың бәйшешегі саналған теректілік қос өрен, Ақжайық ЖОББМ оқушылары Аяш Айғалиеваға «Фариза Оңғарсынова» атындағы жүлде, Ділназ Исмағұлға «Ақмаржан Таубаева» атындағы жүлде бұйырды. Теректілік ағайын ақын қыздарына қос домбыраны сыйға тартты.