Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:03, 16 Қараша 2023

«Әнұранды өзгертеміз десек, референдум өткізілуі тиіс»

Қазыбек Бейсебаев
Фото: из открытых источников

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – мемлекеттің белгісі, халықтың жадына мықтап бекінген символдар. Қазіргі Ту, Елтаңба, Әнұранды өзгерту туралы сөз болады деп ойламаймын. Ойланып таңдап, ресми бекітіп, қанша жылдан бері айшықтап жүрген рәміздерімізге қарап әскерлер ант береді. Сол сияқты басқа да маңызды шаралар осы Әнұранмен, осы тумен орындалып келеді. Егер бір күні бәрін өзгертетін болсақ, оның мәні де қалмайды. Демек, рәміздерді өзгерту қажетсіз нәрсе. Ондай ой да ешкімге келе қоймас.

Көк туымызды көкке көтеріп ұстасақ, байрағымыз бар, басқасы бар, отансүйгіштіктің ажырамас бір бөлігі болса керемет қой. Мысалы, жерде нан жатса біз оны алып, көтереміз, адам аяғы баспайтын, биік жерге қоямыз. Ол біздің қанымызға сіңіп кеткен әдет. Рәміздерге деген құрметіміз де дәл солай бойымызға тұрақтап, қатқан қағида болып қалса қандай жақсы. Байраққа, Елтаңбаға, Әнұранға сондай терең ішкі сезім қалыптасса, отансүйгіштік, содан басталады. Мәселен, түрлі спорттық додаларда, сайыстарда Әнұранымыз шырқалса, бәріміз орнымыздан тұрамыз, кеудемізді мақтаныш сезім кернейді. Осының өзі міндеттіліктен емес, махаббаттан тууы керек. Ол үшін балаларымызды бесіктен бастап, балабақша, мектептен бастап соған баулуымыз қажет.

Кезінде Әнұран Н.Назарбаевтың соавторлығымен өзгертілді. Бірақ «өзгерді» делінген мәтінде аса қатты тоқталып, астын сызатын жерлер жоқ. Сөздері жақсы. Мұның алдында мүлде басқа Әнұран болды. Кейін оны «Менің Қазақстанымға» өзгерттік. Енді ескеретін бір жайт – мұндай мән-маңызға ие дүниені өзгерте берген де жақсы емес. Егер бүгін ұнайды, ертең ұнамайды, ауыстыру керек дей берсек, оның несі рәміз? Ұрпақтан-ұрпаққа қалатын, сабақтастықты сақтап, жалғасатын Әнұран болса ғана ол отансүйгіштікке шақырады, рухымызды көтереді. Яғни бір қабылданған Әнұран сол күйі өзгеріссіз қалуы керек. Өйткені жаңа айтқанымдай, бүгін заман басқа, болашақта басқа деп өзгерте берсең оның символикалық рөлі қалмайды.

Әлбетте, тарихтың да әртүрлі қыры бар. Бірақ ештеңеге қарамастан, Әнұран болсын, ту болсын бір рет қабылдаған соң, рәміз ретінде бекітілген соң өзгертіп керегі жоқ. Қазіргі қолданыстағы рәміздердің жобасы ұсынылған кезде жақсы қабылдадық. Әлі де сол ойдамын. Ал егер күндердің күнінде өзгерту керек деген пікірлер айтылып, жаңа көзқарастар туындап жатса, ол мәселе азаматтық қоғаммен шешілуі керек. Мысалы, мәтінді өзгертеміз десек, референдум жасалуы тиіс. Себебі бұл бір кісі немесе парламент өз бетімен шеше салатын нәрсе емес. Бәрі ашық түрде халықтың талқысына, қоғамның назарына ұсынылып қаралғаны орынды болады.

Басқа мемлекеттерге қарасақ, бір рет қабылдаған рәміздері ештеңеге қарамастан өзгеріссіз қалады. Мәселен, француздардың әнұранын тыңдасаңыз, онда «қаруларыңды алыңдар, соғысамыз» деген сөздер бар. Ол қаншама жыл бұрын, соғыс кезінде қабылданған мәтін. Бірақ ғасырлар өтсе де оны ешкім өзгерткен жоқ. Сол секілді Ұлыбританияның да әнұранында «Құдай, патшайымды сақта» деген сөз қайталанады. Ал көрші Ресейді алсақ, олардың гимні бұрынғы Кеңес Одағының әнұраны ғой. Әуені, мәтіні өзгерген жоқ. Сол сияқты заманға да, басқаға да қарамастан, халық жадында сақталған мәтін мен әуен, рәміздер өзгеріске ұшырамағаны халық үшін де, мемлекет үшін де жақсы.