Әнұранымызды Парижде шырқатсам деймін
Сұлтан Әсетұлы – Грек-рим күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионы, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының жеңімпазы.
– Сұлтан, грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы атануыңмен құттықтаймыз. Тарихта тұңғыш рет қазақ баласы 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы болды. Әрі сол чемпионаттың ең үздік палуаны атағы да өзіңе бұйырды. Сұхбатымызды Албаниядағы белдесулерден бастасақ.
– Рақмет. 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатына Семейде өткен осы санаттағы Қазақстан чемпионатында 67 келіде жеңімпаз атанып, жолдама алдым. Бұл салмақта әлем чемпионатының жүлдегері Дінмұхамед Қошқар және Сәрсен Сырым сынды мықты балуандар белдесті. Алайда У23 Азия чемпионатына Сәрсен Сырым баратын болды. Жаттықтырушылар маған «Азияға бармадым деп көңіліңді түсірме. Жақсылап дайындал, сені әлем чемпионатына үкілеп отырмыз» деді. Содан дайындықты бастап кеттік. Алдымен Алматы қаласында екі ай оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сосын Достық спорт кешенінде қырғыздармен бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтті. Соңғы жылдары көрші елдің балуандары әлемде жақсы күресіп жүргені белгілі. Олармен өткізген оқу-жаттығудың көмегі көп тиді. Осылайша, Албанияға аттанып кеттік. Ол жақтағы алғашқы қарсыласым украиндық жігіт болды. Ересектер арасында Еуропа чемпионатының қола жүлдегерімен белдесу өте тартысты өткені сондай, соңғы ұпайды алғанымның арқасында жеңіске жеттім. Белдесуден соң жарты сағаттай өз-өзіме келе алмай, әбден қалжырап қалдым. Екінші қарсыласым италиялық балуанды 9:0 есебімен уақытынан бұрын оңай ұттым. Келесі қарсыласым ресейлік Муслим Мадаевты жеңу оңай болған жоқ. Онымен белдесуде де соңғы сәтке дейін күресіп, соңғы алған ұпайымды сақтап, жеңіп кетуіне жол бермедім. Ал жартылай финалдағы әзербайжандық балуанмен белдесуде 4 ұпайға ұшып кеттім. Жаттықтырушыларым «челлендж басып, аяғыңнан ілді ме» деп сұрап жатыр. Мен білмеймін деп айттым. Содан үлкен экраннан көрсек, ережеге сай емес әдіспен лақтырған екен. Төрешілер оны партерге қойып, маған үш ұпай берді. Сол жерден есепті 11:0 жеткізіп, ақтық сынға жолдама алдым. Финалда түрік Иылдырыммен белдестім. Жаттықтырушылар аса сақ болуымды қатаң ескертті. Өйткені Олимпиада, әлем чемпионаттарында түрік балуандарына төрешілердің бүйрегі бұрып, тең дәрежеде өтіп жатқан белдесулерде оларға ұпай қосып берген жағдайлар аз емес. Оның үстіне осы әлем чемпионатының бас төрешісі түрік азаматы екенін айтты.
Дегенмен бірге жаттығатын жерлес балуан, осы сында 63 келіде белдескен Ержет Жарылқасын Иылдырымды былтыр ұтқанын айтып, «сен де жеңесің, жақсылап күрес» деп шабыт берді. Белдесуде қарсыласыма мүмкіндік бермей 2:1 есебімен ұттым. Чемпион атанып, көк тумен кілемді айналып жүгірген сәттегі сезімді сөзбен жеткізіп айта алмаймын. Әнұран шырқалған сәтте бұрынғы қиналғаның, жаттығудағы шаршағаның – бәрі-бәрі ұмытылып кетеді екен. Мұндай тамаша сезімді 2021-ші жылы 19 жасымда ересектер арасында Азия чемпионы атанған кезде де басымнан өткергенмін.
– Өзіңнен сұхбат алмақшы болып хабарласқанымда жаттығудан кешкі 7-де шығатыныңды айттың. Байқаймын, чемпиондығыңды тойлап көп демалмаған сияқтысың.
-– 2021-де Азия чемпионы болғаннан кейін болдым-толдымға салдым ба, әлде жастықтың желігімен қалған қарсыластарымды да оңай ұтамын деп өзіме қатты сендім бе, жаттығуға қатты ден қоймадым. Содан болар, сол жылы Норвегия астанасы Ослода өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатынан жүлдесіз қайттым. Ал сол жолы Азия чемпионатының финалында менен таза ұтылған ирандық Мейсам Далхани әлем чемпионы атанды. Сол кезде жаттығуға баса ден қойғанымда оның орнына мен әлем чемпионы болар едім ғой деп қатты өкіндім. Көп демалсаң, босаңсып кететінімізді түсіндік. Өткеннен сабақ алып, қазір аз-кем демалыстан соң жаттығуды қайта бастап кеттік.
Қаңтар айында Астанада Қазақстан чемпионаты өтеді. Қазіргі таңда физикалық дайындықты бастап кеттік. 67 келі олимпиадалық салмақ болған соң кіл мықтылар күреседі. Белдесулер өте тартысты өтетіні анық. Өзіміз бала күннен еліктеп өскен Алмат Кебісбаев, Мейіржан Шермаханбет сынды мықты балуандар бар бұл салмақта. Бұйырса, ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, Бішкекте өтетін лицензиялық Азия чемпионатына қатысуды көздеймін. Мақсатым – Париж Олимпиадасында еліміздің көк туын көтеріп, Әнұранымызды шырқатсам деймін.
– Күреске қол сілтеп кеткің келген кездер болды ма?
– Иә, бала күнгі еркеліктерді айтпағанда, Ослодағы әлем чемпионатынан кейін, осы салмаққа жаңадан ауысып, бір-екі рет жеңіліп, жүлдесіз қалғанымда күресті қоймақшы болдым. Азия чемпионы болғаннан кейінгі бір-екі сәтсіздіктен соң айлығымды қысқартып тастады. Сол кездері Германиядан күрес лигасына қатысуға ұсыныс түскен болатын. Шарттары қарапайым – аптасына бір мәрте бір қарсыласпен белдесесің. Жеңсең 1000 доллар, жеңілсең 500 доллар береді. Алты айға келісімшартқа отырасың. Содан барып қайттым. Белдескен қарсыласымның бәрін ұттым. Бұл жақтағы бір айлығыңды жан қинап күреспей-ақ бір белдесуден табасың. Өйткені ол лигада аса мықты, лайықты балуандар жоқ. Бірақ ақшадан қиналмағанмен, күресің өспейді. Содан жаттықтырушым «қазіргі қиыншылықтардың бәрі өтпелі, ертең жемісін көресің. Елге орал, әлі-ақ Олимпиада, әлем чемпионы атанасың» деп ақылын айтты. Сөйтіп елге қайтып келіп, дайындықты қайта жалғастырдық. Шүкір, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы болдым. Мұнымен тоқтап қалмаймыз деген ойдамын.
– Азия чемпионы болған кезіңде қанша жалақы алып жүрдің? Неге қысқартқанын түсіндірді ме?
–Ересектер арасында Азия чемпионы атанғанымда шамамен 400 мың теңге жалақы алдым. Сосын нәтиже көрсетпей жатырсың деп 230 мыңға түсіріп тастады. Енді 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы болғаннан кейін жалақымды қайта көтереміз деді. Жамбыл облыстық спорт басқармасы маған және бапкеріме 1 миллион теңгеден сыйақы берді. Ағаларымыз ат мінгізді. Өзім оқыған, жаттығу жасаған мектепке шақырып, кездесу өткізіп, сый-құрмет көрсетті. Бәріне рақмет!
– 67 келіде әлемде мықты палуандар жетерлік. Олардың күресіне талдау жасайтын боларсыңдар?
– Әлбетте. Токио Олимпиадасында 60 келіде топ жарған, 67 келіге ауыса салып, соңғы әлем чемпионатын ұтқан кубалық Орта Санчес, финалда одан ұтылған әзербайжандық Хасрат Жапаров бар. Ирандық Олимпиада чемпионы Герай деп тізе беруге болады. Бірақ бұл балуандардың да осал тұсы бар. Күресуге болады.
– Балуандардың үлкен бір мәселесі – ақ тер, көк тер болып салмақ қуып жатады...
– Менде бұл тұрғыдан мәселе жоқ. Жалпы, бала күннен 1-2 келі болмаса, салмақ қуған емеспін. Дұрыс тамақтануды жолға қойғанмын. Шет елдерге шыққанда тамақ мәселесінен қиындық туып жататын сәттер болады. Ондай кезде ағаларымыздың жолымен өзімізбен бірге қазы алып барамыз. Жасыратыны жоқ, доширак ішіп те күресіп, жеңіп қайтқан күндер болған. Мен өзі өмірімде 20 мың теңгеден қымбат витамин ішіп көрмегенмін.
– Бос уақытыңда немен айналысасың? Бойдақ екенсің...
– Ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Онда да өз бетімше, телефондағы қосымшалар арқылы. Мектепте тарих және қазақ әдебиетін ынта қойып оқыдым. Футбол ойнаймыз. Ал қызбен қыдыруға өзіме шектеу қойғанмын. Өйткені қыз баласы өзіне көңіл бөлгенді қалайды. Көңілің екіге бөлінсе, жаттығуыма әсерін тигізері анық. Қазір бар ойым – Париж Олимпиадасына жолдама алу.
– Ұлттық құрамадағы жігіттерден кімді үлгі тұтасың? Қандай тәсілдерін бағалайсың?
– Демеу Жадыраевты ерекше атап айтар едім. Ол кісіден үйренгеніміз көп. Бір бөлмеде тұрдық. Көптеген тәсілдерін үйрендік. Ол кісінің адами қасиеттерін, қарапайымдығын, кішіпейілдігін, қамқорлығын үлгі тұтамын. Сондай-ақ құрамадағы Ернұр Фидахметовтен күрес тәсілдерін үйрендім. Фидахметовтен қырғыз әлем чемпионы Ақжол Махмудовтың өзі бірнеше тәсілін үйреніп, дамытып, күрескенде пайдаланып жүр. Өткендегі бірлескен оқу-жаттығу жиынында Ернұрдан анау тәсіліңді қайталап көрсетші деп сұрап тұр.
– Туған жерің, ата-ана, бауырларың жайлы айтсаң...
– Тараз қаласында туып өстім. Қаладағы 10-шы ықшам аудандағы №49 мектепте оқыдым. Анам медбике, әкем жеке шаруашылықпен айналысады. Үйде 5 баламыз. Мен үлкенімін, 4 қарындасым бар.
– Жақсы, Сұлтан, белдескеннің жауырынын жер иіскетіп, жеңістен жеңіске жете бер! Жаратқан маңдайыңа Олимпиаданың, әлем чемпионатының жеңімпазы болуды жазсын! Аман бол!
- Сізге де рақмет. Сау болыңыз!
Сұхбаттасқан – Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы