Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:57, 19 Тамыз 2021

Аңыз адам Амангелді Сейітханнан айырылдық

None
None

Рас, ол қазақ спорт журналистикасында аңыз адамға айналған тұлға еді.

Амангелді Сейітхан дегенде, қазақ спорты қатар айтылады.

Әйгілі комментатордың «Жеңісті күндерде жолыққанша!» деп, талай жеңіске жол ашқаны әр қазақтың есінде.

       Амангелді Сейітхан дегенде аңғал мінез, арда талант иесі ойға оралады. Бар қазаққа бағалы болса да, өте қарапайым еді. Үлкен-кіші демей, барлығымен бауырдай сыйласатын Амангелді Сейітхан туралы талай дүниені тарқатуға болады.  Отандық спорт журналистикасының қалыптасуына үлес қосқан бірден-бір тұлға еді.

       Амангелді Сейітханның мына бір сөзі әркімнің жадында болу керек. 1998 жыл. Футболдан əлем чемпионатының финалы. Франция мен Бразилия кездесуі басталар шақ. Тікелей эфирде отырған Әбекең:  «Бір голдың болатыны сөзсіз бүгін, Дəл қай минутта екенін айта алмаймын», – деп, күллі жанкүйерді рухтандырып қоятын. Сол сөз заматта-ақ  көрерменді баурап, шартарапты шарлап кетті. Ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дəл қай күні екенін айта алмаймын» деп басталатын əйгілі өлеңінің өңін өзгертіп айту тек өзіңізге ғана жарасатындай көрінген.

       Амангелді ағаның тағы бір ерекшелігі – жазса да, сөйлесе де, ешқашан «мен» демейтін. Əрқашан сөзін «біз» деп көпше түрде қайыратын. Онысының өзі артында келе жатқан ізбасарларына өнеге еді. Спорттағы комментаторлығынан бөлек, суырыпсалма ақындығы да бар еді.  Ол сонысымен дара болды. Оқыстан айтылған қай сөзі де ұтқыр ойға айналып, көпшілік көкейінде ұзаққа дейін жатталып қалатын.

       Өкініштісі сол – біз Амангелді Сейітханнан айырылып қалдық. Ол  52 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қазақ спорты мен өнеріне асқан жанашырлықпен қарайтын, адамшылығы биік тұратын арда азамат еді. Күллі Алаш жұртына, отбасына, туған-туыстарына, дос-жарандарына қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз. Бақұл бол, қазақтың аңыз адамы...

Тегтер: