Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:03, 28 Қазан 2021

Аңыз боп жеткен абыз

None
None

Биыл жерімізді қорғап, елдігімізді қалыптастыруға ерекше үлес қосып, халықты ерлік шайқастарға бастап, батырлығымен де, би-шешендігімен де, көріпкел әулиелігімен де танылған Жолбарыс Жылқайдарұлының туғанына 350 жыл толып отыр.

1671 – 1761 жылдар аралығында ғұмыр кешкен заңғар тұлғаны еске алу шаралары 29-шы қазан күні Қаратал ауданы Кәлпе ауылындағы Жолбарыс бидің кесенесі басында құран бағыштаумен басталмақшы. Одан кейін Талдықорған қаласындағы Бәйкен Әшімов көшесі мен Жолбарыс би даңғылының қиылысында ескерткіші ашылып, суретші Жанұзақ Керімбекұлының  бабамыздың 350 жылдығына арналған көрмесін тамашалауға ұласады. «Рухты елдің Жолбарысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция аясында публицист-жазушы Талғат Айтбайұлының «Аңыз боп жеткен абыз» кітабының тұсаукесері өтеді. Кеште Б. Римова атындағы драма театрында батыр баба тағдырына арналған «Аманат» спектаклінің қойылымы да жоспарланған.

Біз төменде «Аңыз боп жеткен абыз» роман-эсседен үзінді беріп отырмыз.

«Бұл дүниеде екі есік бар. Әуелгісі – өмір есігі, екіншісі – мәңгілікке жабылатын өлім есігі. Әркімге Алла осы екі есіктің аралығында әрекет ету еркіндігін берген», – деп өзімен өзі іштей толғанып отыр Жолбарыс би. Ол өзінің Сарыжазықтағы жайлауында жатып талай елдік істерге ұйытқы болды.

Аллаға шүкір, арты қайыр. Тұтас жалайырға мәңгілік қоныс тауып берген еңбегін айтпағанда, өзі де ұрпақ таратып, бір қауым елге айналды. Өз белінен тараған қыздарды қоспағанда он бес ұлды болды. «Алланы танығанның аты озады. Ішкі қулыққа толы, көкірегіне ұят ұяламаған адамның жүрегінде жылы шуақ болмайды», – деп өсіріп еді. Тәубе, тоғыз әйелден тараған он бес ұлы елге тірек болатын жүректі де білекті, сырбаз азаматтар болып есейді. Ел шетіне жау келсе, он бесі өре тұрғанда көрген көз сүйсінеді. Әкенің мерейі тасып, көңілі өседі.

Бұл да болса, бабалар әруағының жар болғаны шығар, ұлдарының әрқайсысы елге бір-бір тұтқа, тірек, төбе болып отыр бүгінде.

Күннің бәрі жаз емес,

Бар дүниені шуаққа бөлейтін.

Көңілдің бәрі наз емес,

Жұрттың жүзін нұрға бөлейтін.

Иә, көп жасады. Бірақ кәрімін демейді. Қадірі асқан кісіге кәрілік жуымайды деп қоятыны бар. Әйткенмен, ойлап отырса, өз тағдыры да өзгеше өрілген екен. Әкесі Жылқайдар түсінде берілген аянға байланысты өзіне он жастан асқанша ат қоймаған. Тұтас ауылдастары, құрбы-құрдастары, тіпті анасына дейін «Әй, бала» деумен жүрді. Әрине, әкесінің ерекше туған ұлына ат қою жағын бір сәт те ойынан шығармағаны айдан анық. Ол кезде елден ұйқы да, күлкі де қашқан жаугершілік заман ғой. Ел тыныштығын сақтау – ер-азаматтардың міндеті. Сондықтан ұл балалар он бес-он алты жасқа келмей-ақ мойнына қылыш асынып, қолына найза ұстап, өзін майдан даласында немесе тағы да бір әскери істерде, айталық, саятшылықта өзінің батырлығын дәлелдеуге ұмтылатын еді.

Жолбарыс сияқты нысаналы, аянды балаларға ат жалын тартып мінер жасқа жеткенше аты қойылмайтын. Бұл бүгінде қазақ аталып отырған ұлыстың ежелгі түркі дәуірінен қалған ырымы болатын.

Осы реттен алғанда тағдырдың өзі оған өзгелерге ұқсамайтын нышандарды мол бергенге ұқсайды. Ел арасында «Шұбар Ата» атануында да осындай бір сыр бар екенін тағы да ойға ала отырып, сөз арасында аз-кем авторлық шегініс жасап, тарихи тұлғалардың ерекшелігіне байланысты бір жайтты оқырман есіне сала кетсек дейміз. Мәселен адамзат тарихындағы ең ұлы қолбасшылардың бірі саналатын, сарациндік түсінікте – Ескендір Зұлқарнайын, ал жалпы тарихта Александр Македонский аталатын тұлғаның да Адам атаның басқа ұрпағында жоқ ерекшелігі болған екен.

«Зұлқарнайын» сөзі араб тілінен аударғанда «мүйізді адам» дегенді білдіреді. Яғни жарты әлемді жаулап алған ұлы қолбасшы Александр Македонскийдің басында қос мүйізі болыпты. Әрине оны ешкімге көрсетпеуге тырысқан. Бірақ қашанғы жасырып-құпияласын, күндердің күнінде әлдекімдердің көзіне түседі. Содан «Зұлқарнайынның қос мүйізі бар екен, мүйізді екен» деген сөз жер әлемді желдей есіп кезіп кетеді.

Жолбарыс бабамыз да бойындағы туа біткен нышанды белгіні, былайғы елден мүйізді Зұлқарнайындай жасырып жүреді. Алайда Алла көріп тұрған белгі ойда жоқ жағдайда жария болады. Бұл да бір күтпеген тосын оқиға...

ТОРҒАУЫТ БАТЫРЫМЕН БОЛҒАН ЖЕКПЕ-ЖЕК

«Тостағандай басымда тоғыз жара,

Жұдырықтай жүрегімде жеті жара.

Ел ішінің тыныштығы деп тыншу көрмей жүрміз ғой. Бәрі мына ұл-қыздарымыздың алаңсыз өсуі үшін. Осылай біз секілді жан-жағынан жау күтпей өмір сүрсе», – дегенді үнемі айтатын Жолбарыс Жылқайдарұлы. Сырдария жағасында өткен кемел шағында, яғни орда бұзар отыз жасында өзі әулиелігінен гөрі батырлығымен даңққа бөленеді. Әсіресе көшпелі өзбектермен болған қанқұйлы соғыс кезінде көзге түседі.

Қазақ ұлысы ол уақытта өзін-өзі қорғайтын күш-қуатқа ие болып үлгерген-ді. Талай сұрапылды бастан өткізіп, небір оқиғаларды көрген Жолбарыс әулие жауды жеңу үшін оның да қарымта күш-қайратын бағалай білуді бірінші орынға қояды.

Обалы қайсы, ол кезде тілінде де, ділінде де бәлендей айырмасы жоқ көшпелі қазақ пен көшпелі өзбектің жауынгерлік рухы, күш-қуаты бір шамада еді. Қасым хан билік құрған дәуірде қазақ ұлысы барынша күшейді, жауын сескендіріп, белдескеннің белін үзетін шамаға жетті. Ойлап отырса, сол дәуірдің өзінде қазақ елі екі жүз мың сарбазды атқа қондыра алады екен! Шайбан ұрпағымен болған қан майданның қақ ортасында жүрген басы көшпелі өзбектердің де жауынгер ел екенін мойындайды.

Әсіресе Сырдария бойындағы қалалар үшін болған соғыстарды айтсаңшы! Өз басы көбіне үш жүз әскерінің алдында жүріпті-ау! Құдай кешірсін, талай жекпе-жекте дұшпанының кәлләсін қағып алғаны да рас.

Құран Кәрімге көз салса, адамның адамды өлтіруі – күнә. Бірақ шариғат бойынша бала-шағаны, отбасын, елді, жерді сыртқы жаудан қорғап қалу жолында болған кісі өлімін ислам діні күнәға жатқызбайды. Керісінше сауапты істер санатына қосады.

Өзбектермен болған соғыс саябырсыған шақта Сыр бойындағы қазаққа жоңғардың ойрат, торғауыт, хошауыт деген үш тайпасының әскері шабуылдаған. Сол соғыстың бірінде жоңғарлар қазақтарға кісі салып: «Әскерді текке қырмайық. Қазақ та жоңғарлар сияқты жауынгер ел екенін білеміз. Бір шартымыз бар, біздің бас батырымызбен бір қазақ батыры жекпе-жекке шықсын, даудың тағдырын сол екі батырдың жеңісі арқылы шешелік. Кімнің батыры жеңсе, сол жақ жеңді деп есептелініп, жеңілген жақ әскерін алып кейін шегінсін!» – деген шарт қояды.

Ақиқатында, қазақ әскерінің барлауы мықты болатын. Жоңғар ортасындағы қазақ барлаушылары арқылы түскен деректерге қарағанда, торғауыттардың жекпе-жекке шығарар батыры өмірі жаудан жеңіліп көрмеген нағыз бес қаруы сай жауынгер көрінеді.

Алғашқыда қазақ жағының Торғауыттың таудай батырына қарсы қояр жігіт таба алмай біраз абдырағаны өтірік емес еді. Сол кезде отызға енді толған жалайырдың Жолбарыс батыры:

«Бір тәуекел бұзады,

Мың қайғының қаласын.

Бір жылы сөз бітірер,

Мың көңілдің жарасын.

Ағайын, туыс, бауырларым! Жаным – арымның садақасы. Қазақ намысы табанға түсіп тұрғанда мен осындай ойға келдім. Өлсем – орным қара жер, хан тарапынан рұқсат болса, жекпе-жекке шығуға әзірмін!» – деп топ алдына суырылып шығады.

Астында – есік пен төрдей арабы шұбар ат, үстінде – көкберен сауыт, басында – дулыға, бес қаруы сай, таудай Жолбарыс батыр топ алдына шыққанда Торғауыт әскерінің қарқылдап күлмесі бар ма?! Бұл күлкінің себебін басында қазақтар түсіне қоймаған. Сөйтсе...

Күлкінің себебі астында есік пен төрдей құла айғыры бар қазақ әскері таудай деп есептейтін Жолбарыс батырдан денесі екі есе үлкен жоңғар батыры жекпе-жекке ойқастап шыға келгенде белгілі болды. Торғауыт батырының ірілігін көрген қазақ жағы «астапыраллалап» іш тартады. Өтірік айтып қайтейік, басында батыр бабаларымыздың да іштей секемденіп қалғаны рас. Алайда іштей әруаққа сыйынып, қылышын суыра берген.

Жоңғар батырының қолындағы шоқпарына көзі түскен. Шоқпарының өзі бір ат әзер көтеретіндей, басы қара қазандай болатын. Жалайыр батыры шын мәнісінде жекпе-жектің қыр-сырын жетік білетін еді. «Мынаның күш-қайраты қылыш пен найзада емес, шоқпарында екен», – деп әп-сәтте ойын түйіндеген.

Қазақ жағы «Әруақ! Әруақ!» деп, жоңғарлар өздерінше шулап, сайын дала күңіреніп кеткен. Жеңіс тағдыры осы жекпе-жекке байланысты еді. Оны таудай Торғауыт та, жаппай тілеуін тілеген жалайыр батыры да жақсы білді. Екеуінің алдында да өз халқының мерейін пәс етпесем екен деген үлкен жауапкершілік жүгі тұрды.

Шабуылды алдымен қалмақ батыры бастаған. Мұның екі көзі оның көкке көтерілген шоқпарында еді. Кереметі сонда: мың жылқының ішінен таңдап мінген арабы шұбар аты да өзіне сай ғой, ол да мәселе батырдың өзінен гөрі шоқпарында екенін түйсінген тәрізді еді.

Алланың ғаламаты шығар, Торғауыт батыр ұрандап келіп қара қазандай шоқпарын сілтеген кезде арабы шұбар аттың жалт бергені. Жекпе-жек тағдырын сол шешті. Алапат соққысының әсерімен ерден өзі де ауып құлай жаздаған Торғауыт батырдың еңсесін көтертпей жалайыр жігіт қолындағы Хорасаннан арнайы алдырған өткір ұшты қылышын қарсыласының кеңірдегін жауып тұрған сауытының түймедей тесігінен сұғып үлгерген...

Жоңғар батырының кеңірдегінен қан суша атқылап, атынан ауып құлаған кезде жоңғарлар өкіре жылап, ал қазақ жағы «Е, Алла», «Әруақ» деп жапан дүзді жаңғырықтырды. Сыр бойында жүргенде батыр есебінде Жолбарыс атын шығарған бір жекпе-жек сол болатын.

ҰРПАҚҚА ҰЛАСҚАН ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Жолбарыс әулие сияқты тарихта ізі қалған көрнекті тұлғалардың шыққан тегіне, артында қалған ұрпағына байланысты әңгіменің де елге қызықты болуы заңды. Себебі қазақы түсінікте: тұлпар, тұлпардың тұяғы, асылдың сынағы деген ұғым бар. Демек, тектінің өзі тектінің ғана ұрпағы болмақ. Тағы да тоқтала айтсақ, таңбасы – тарақ, ұраны – байтоқ, жалайыр ішіндегі Қосай елінің Жылқайдардан туған он баласы есімдерімен ел жадында қалды. Дегенмен әрқайсысының өмірде өз орны болды. Солардың ішіндегі Жолбарыс әулие бабамыз үрім-бұтақ жайына аса көп көңіл бөлген тәрізді.

Ауыздан ауызға таралып жеткен дерекке ден қоятын халықпыз. Жолбарыс баба тоғыз әйел алып, тоғызына тоғыз үй тігіп берген дейді. Солардың бесеуінен ұрпақ болғандықтан шығар, шежірешілер көбінесе «бес некелі болған» деп қысқа қайырады.

Енді перзентті болған аналарымыздан тараған ұлдарды таратсақ:

Бес әйелінің біріншісі Алтынбикеден: Бекбауыл, Бақтыбай және Салауат;

Екінші әйелі Балдақтан: Аймас, Таймас және Шағыр;

Үшінші әйелі Сағадан; Қораз, Доржы және Балмақ;

Төртінші әйелі Жаскілеңнен; Қыдырбай, Сыдырбай және Аманжол;

Бесінші әйелі Ұлбаладан: Досбол, Қошқарбай және Серкебай туған.

Ел сөзіне иек артсақ, бұлардың сыртында Жолбарыс атаның жетімдерден бауырына басып, асырап алған балалары да болған деседі. Сөйтіп балаларының ұзын-ырғасын отыздан асырады.

«Ақылды ұл – елдің ырысы,

Ақымағы болса, құрығаны – дұрысы», – деген сөзді үнемі айтады екен би бабамыз.

Балада да бала бар. Өмірге бәрі бірдей болып келеді. Сәби кезінде бәрі сүйкімді, арада уақыт өтіп, есейе бастасымен әрқайсысы әр қырымен бөлектене береді.

Елдің балаларына да, өз кіндігінен тараған ұрпақтарына да сын көзбен қараған бабамыз:

«Құдайдан бала тілейсің.

Балаң ақылды болса – бақытың,

Ақымақ болса – сорың», – дейді екен.

Еңбекқорлық – адамды ерекшелейтін бірден-бір қасиет. Кім-кім де еңбекқор болып тумайды, өсе келе қалыптасады. Бәрінің бастау басы балалық шақтан, үлгі-өнеге алған шырайлы шаңырақтан басталады. Оны бойға ұялататын, ойға сіңіретін – ең әуелі өмірге әкелген ата-анасы.

Осы орайда Жолбарыс би бабамыздың өмірлік пәлсапа, ұстанымына да жүгіне кеткеніміз жөн болар. «Арлы бала әкесінен қалатын малдың емес, өз бетінше мал табудың қамын ойлайды», – дейді. Осылай деп тірлік кешіп қана қоймай, өз балаларына да, өзгелердің ұл-қыздарына да: «Жақсы сөз есту үшін еңбектеніңдер, дәулетке дәулет қосу үшін еңбектеніңдер. Еңбексіз өмір жоқ. Өмірлеріңді ұзарту үшін де тырбанып тірлік етуге тиіссіңдер!» – дейді екен.

Бізге жеткен әпсанаға қарағанда Жолбарыс би бабамыздың бес әйелінен тараған ұлдарының бәрі өз бақыттарын байлықтан емес, адал еңбектен іздепті. Атаның айрықша қасиеттері Жаскілең атты әйелінен туған Қыдырбайға көбірек дарыған деседі. Ол кішкене кезінен әр нәрсені білсем, сырына үңілсем деп ұмтылумен өсіпті.

Сондай зерек, зерделілігімен ел көзіне түссе керек. Үйге қонақ келе қалса, алабөтен қуанады екен. Өзге ағалары мен інілеріне қаратып, әкесі – Жолбарыс би бабамыз үйреткендей:

«Кісіні көрсең есікке,

Жүгіре шық кешікпе.

Қарсы алмасаң мейманды

Кесір болар несіпке», – деп, есіктен аттаған үлкен-кіші қонақтарға алдымен сәлем беру үшін қос қолын ала жүгіреді екен.

Бес әйелден өрбіген ұлдары қатарластарынан қалмай өсті. Әкелік көңілмен солар туған жерін тұғырласа деп үміт етті. Жаугершілік заманның суық желі қазақ даласының әр қырына қуалады. Бертінде тиянақ тауып құтты қоныс еткендері жанға да, малға да жайлы Іленің жағасы болды. Аңдыған жаудың беті қайтып, ағайындардың көңілі біржола орныққан соң өмір де өз ырғағын таба бастады.

Жат жерде жаның қиналса,

Ел қадірін білерсің.

Жұтым суға зар болсаң,

Көл қадірін білерсің.

Сананы сансыратқан ауыр жағдайдың бәрі, Аллаға шүкір, артта қалды. Енді:

Бақыр қазан қайнаса –

Бәріміздің бағымыз.

Туған жердің әр тасы –

Біздің алтын тағымыз, – деп өмір сүретін аңсарлы уақыт жетті. Жолбарыс би бабамыздың жасына жас қосылып, мосқал тартты. Жетпістен асты, сексеннің сеңгіріне шықты. Жаратқан ие жар болса, тағы да бұйыртқан жасын көрсем деді.

Әрине кешегі қатар жүрген қарайластары сиреген. Енді әзіл жарастыратын әйелдерінің төркін жұртындағы қайындары мен балдыздары ғой. Тағдыры солай болып әйел берекесін берді. Өзі де сөзіне әзіл араластырып өмірін ұзартқан адам, жасы кішілермен де күліп сөйлескенді қалайды.

Бір күні жездесініп қатты ойнайтын қайнысы:

– Тоқсанның төбесі көрінді, қалайсыз? – деп сыр тартыпты.

– Өзің қалай болғанын қалайсың? – дейді жайдарылана күліп. Содан соң:

«Қырықта – қынаптағы қылыштаймын,

Елуде – әр қиынға жұмыстаймын,

Алпысымда – ашқарақ бөрідеймін,

Жетпісте – шала илеген терідеймін.

Жетпістен асып, сексенге келгенімде –

Көтінен кері кеткен перідеймін.

Тоқсанға келгенімде – торғайдаймын,

Атқа мініп, малымды зорға айдаймын.

Кемпір мен шалдан билік кеткеннен соң,

Отырып от басында ойбайлаймын», – деген екен тоқсанға келген бір бейбақ шал. Шүкір, дегенім болып, сөзім жүріп тұр. Атқа өзім мініп, өзім түсемін. Өткенде бір топ немерелерімді алып Бесшатырға бардым.

Ұлтарақтай болса да

Ата қоныс жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да

Туып-өскен ел қымбат, – деп, есте жоқ ескі заманда бабалар тірлік кешкен жерлерді аралап, немерелеріме даланың ерке аңдары мен құстарын көрсетіп қайттым, – деді.

Сонда екен ғой немересі Тоқайдың қасқыр туралы қызығып сұрағаны.

– Ата, сіз қасқыр ұстап көрдіңіз бе? – дейді.

– Қақпан құрып ұстадым. Бір жолы қой­ымызды қырып кетті.

Содан кейін мойнына қоңырау байлап жіберсем, үйіріне қосылып, бұл маңнан біржола қарасын батыратын шығар деп ойлап едім. Мен босатқаннан кейін айдалаға безіп қашатын болар деп едім, бірақ ол менен көзін алмай, сол жатқан орнынан тапжылмай жатып алды. Содан соң таяқпен ұрып қуаламақ болып едім, қырық-елу метр жерге дейін ұзап барып жата кетті.

Сыңғырлаған қоңырау үні ұнамады ма, әйтеуір оны алдыңғы аяғымен басып, үстіне тұмсығын қойып, көзін мен жақтан айырмай безеріп жатып алды. Қолымдағы ұзын таяқпен қайта-қайта түрткілеп орнынан тұрғыза алмадым. Жарайды, жата бер, біз кеткеннен кейін өзің де кетерсің дедім. Келесі күні барып көруге уақытым болмады. Үшінші күні барсам, сол жатқан орнында, алдыңғы аяғымен қоңырауды басып, иегін үстіне қойып қатып қалыпты, – деп едім:

– Ата, обал болған екен, ә? – деді немерем қамығулы үнмен.

– Тоқайжан, қасқыр – ақылды аң. Қарашы өзің, әлгі өліп қалған қасқыр қоңыраулатып үйіріне қосылуға бармады. Кесір жасағысы келмеді. Егер олай етпей, ұяластарының арасына жетіп барса, бірден аңдыған елдің назарына түсер еді. Ол сондай қасіреттен сақтады. Сондықтан да «қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген сөз қалған.

Осы жерде ақыры әңгіме қасқыр туралы болды ғой, біле жүрсін деп әуек туралы сөз қозғаған. Оған да себепші болған Тоқай.

– Ата, әуек деген немене? – деп білгісі келген сауалды жүзбен аузына қараған.

– Тоқайжан, әлгінде қасқырдың үйірі дедім ғой, соны әуек дейді. Әуекте қалыптасқан өз заңы болады. Ол заң бойынша оның құрамындағылар бір-бірлеріне қастық қылмайды. Және әуектегі әр қасқырдың өз орны болады. Олжаға түскен малдың етін қылдай бөлісіп жейді. Жорыққа шыққан кезде қатты дайындалады.

Сақтанып жүру үшін қалыптасқан қарауыл, қуушы, тоспашы, жығушы қызметтерін бөліскен үлгіде атқарады. Егер ілуде біреуден біреуі жараланып қалса, оны күллі әуек болып күтеді, қатарларына қосады.

Негізінен әуек үш топтан тұрады. Бірінші тобында барлаушылар, соңғы тобында жаугерлер, ал ортаңғы топта кәрі-құртаңдары, мүгедектер мен бөлтіріктері болады. Басқы топты бөрі басқарады, ал соңғы топқа бөрте иелік етеді. Бұл кейде керісінше де болуы әбден мүмкін.

Сендер қасқырдың арланын қалай дейтінін, қаншығын қалай атайтынын білесіңдер ме?

– Жоқ, ата, кәне айтыңызшы, қалай атайды?

– Ендеше біліп алыңдар: еркегін «жал» дейді, ұрғашысын «шулан» дейді. Жалдың бәрі бірдей жұп құра алмайды. Шуландар да дәл солай. Жұп құратын жалды бөрі дейді.

Бөрі ең әуелі өз таңдауын жасайды, ұнатқанына «сырға» салады. Бөрінің таңдаған шуланын «бөрте» дейді.

Ең соңында махаббат ойынына осы екеуі ғана түседі. Ол ойындарын әуектен бөлектеніп, көрінбейтін жасырын жерде істейді. Осы амалды бізде бөрі-сырғақ деген. Ол ақпанның он жетісі мен жиырма үші аралығында өтеді де, сәуірдің соңына салым күшіктейді. Жолбарыс бабамыздың осы айтқан әңгімесі немерелерінің құлағына ұмтылмастай болып ұялады. Олар үшін аталарының айтқан әрбір сөзі ақыл еді. Содан кейін бабамыз ойларында қала берсін деп жүрегінде жұптаған жылы сөздерінің біразын айтқан.

«Тәкәппар болмаңдар, ол жаман қасиет» деген.

«Адамдардың бәрі бай болғысы келеді, бірақ байлық бақыт әкелмейтінін бәрі бірдей біле бермейді» деген.

«Әкенің тәлімін, шешенің тәрбиесін көріп, тәжірибесін тұла бойына дұрыстап сіңіре білген ұл да, қыз да жаман болмайды. Сендер жаман болуға тиіс емессіңдер» деген.

«Адамның әдемілігі – мейірімінде. Мейірімді кісінің әрбір күні шуаққа малынып өтеді. Мейірімді болыңдар» деген...

Сөздің қасиетін қастерлеп бәрінен биік қойған Жолбарыс бабамыз Бесшатырдан қайтар жолда немерелеріне одан басқа да көп ақыл, нақыл сөздерін айтып еді. Олар кейін ел арасына тарап кетті.

Суретін салған – Жанұзақ Керімбекұлы

Тегтер: