Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:06, 31 Қазан 2022

АӨК саласында бизнеске қойылатын 170 талап жойылады

None
None

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге қойылатын 170-ке жуық реттеу талабының күші жойылады.

2021 жылғы 30 желтоқсанда мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойған болатын. Осыған байланысты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сарапшылар және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге олардың жаңа базалық тәсілдерге сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізді.

Жұмыс 7 бағыт бойынша: ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин, тұқым шаруашылығы, астық нарығы, органикалық және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жер қатынастары және мал шаруашылығы бойынша жүргізілді.

Тексеру және бағалау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қойылатын 170-ке жуық талаптың, оның ішінде өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі 50 талаптың және ветеринария саласындағы 80 талаптың күшін жою және қайта қарау туралы шешім қабылданды.

«Таза парақтан» реформасын іске асыру бизнес ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті жандандыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Осы орайда айта кетсек, Қазақстанда жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 6,8 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл өсім өсімдік шаруашылығы өнімі өндірісінің 11%-ға және мал шаруашылығы өнімінің 1,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген.

Бүгінде Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында астық жиналды. Соңғы мәліметтер бойынша орташа өнімділігі 13,5 ц/га болатын 21,6 млн тонна астық бастырылды.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге ұлғайып, 140 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте қосымша 70 млрд бойынша кредит беру нормативі ұлғайтылды, бұл туралы фермерлердің өздері сұраған болатын. Сондай-ақ, «Азық-түлік корпорациясы» форвардтық сатып алу тәжірибесі жалғасып, сатып алынатын дақылдардың тізбесі 10 атауға дейін кеңейтілді. Тізімге зығыр, рапс, қарақұмық және жүгері кіреді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, жаппай егін жинау жұмыстарының басталуына қарай фермерлер несиелеудің тиімді шарттарымен жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы техникасын алды. Осы шаралардың барлығы жақсы өнім жинауға мүмкіндік берді.

«Егер бұрын болжанған өнім 18,4 млн тонна астықты құраса, бүгінгі күні орташа өнімділігі 13,5 ц / га болғанда 21,6 млн тонна астық бастырылды. Сонымен қатар, бидай бойынша жалпы алым 13,4 млн тонна деңгейінде болжанған болатын, бірақ бүгінде бастапқы салмақта 16,2 млн тонна жиналды», — деді

Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар, Қазақстанда қазір президент тапсырмасы бойынша тұқым шаруашылығын дамыту үшін отандық селекцияны тұқыммен қамтамасыз ету бойынша жеке кешенді жоспар әзірленіп жатыр екен. Ал импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында тұқым шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы құрылады, онда бірыңғай тізбекте «селекция, тұқым шаруашылығы және өндіріс» біріктіріледі. Бұл жұмыс Қазақстанның жетекші ғалымдарымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Алдағы жылдан бастап дамыған елдердің тәжірибесі бойынша жоғары репродукциялы тұқымдардың оригинаторлардан тауарлық шаруашылықтарға дейін ілгерілеуін цифрлық форматта қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық жүйе енгізілетін болады, бұл олардың пайдаланылуына қатаң бақылау орнатуға мүмкіндік береді.

Жуырда ауыл шаруашылығы министрінің АӨК саласының өзекті және проблемалық мәселелері бойынша Қарағанды облысының фермерлерімен кездескені белгілі. Өңірдегі «Нәтиже» сүт өңдеу зауыты жыл сайын шамамен 44 мың тонна сүт өңдейді және Қазақстанның бірнеше қалаларын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы, бүгінде Қарағанды облысында 39 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 4 ферма ашылады. «Қарағанды-Нан» нан-макарон корпорациясы Ресей, Беларусь және Орталық Азия елдеріне экспортталатын 220-ға жуық өнім шығарады екен.

Биылғы маусымда азық-түлік корпорациясы форвардтық келісімшарттар шеңберінде шамамен 1,1 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алуды жоспарлап отыр. Сол арқылы маусымаралық кезеңде елімізде нан-тоқаш және макарон өнімдерін өндіру үшін астық пен ұнның құнын тежеуге болады.

Қарағанды облысында 2026 жылға дейін құны 141 млрд теңге болатын 72 жаңа инвестициялық жоба ашылып, олар маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын өтеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 3200-ге жуық жұмыс орнын ашады деп көзделіп отыр.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда АӨК-ті субсидиялау көлемі 453 млрд теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде Қарағанды облысына 38,3 млрд теңге бағытталды.

Тегтер: