Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:29, 01 Маусым 2023

Әп-әдемі бастама еді, Жамбыл жақта қор болды

None
None

Рысқұлов ауданына Тоқаевтың жолдауы әлі жетпепті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында ауыл әкімдерін сайлауды еліміздің тарихындағы айтулы белес деп бағалаған болатын. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды деп тапсырды. Бұл ретте осы жексенбіге белгіленген Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының әкімін сайлау қалай өтеді?

Бұлай деуімізге себеп – ауыл әкімін сайлауды жергілікті билік бұра тартып отыр дейді тұрғындар. Көгершіндіктер қарсылық ретінде ауыл әкімі сайлауына барудан бас тартатындарын айтып, байкот жариялаймыз деп отыр. Өйткені ауылдан шыққан үміткерлерді сайлауға жеткізбей, аяқтан шалып өткізбей, өздері қалаған адамды әкім етудің амалын жасап жатыр деп санайды. Осылайша, президенттің бастамасын жергілікті әкімқаралар бұра тартып, берекесін қашырды дейді сайлауға наразы болып көшеге шыққан көгершіндіктер.

— Сайлау күні жақындағанда ауылдан шыққан үміткерлер күмәнді жолмен тізімнен сызылып, ауыл тұрғындары танымайтын, ауылымызда тұрмайтын кандидаттар ғана қалып отыр. Біздің ауылымыздағы әкімшілікте істейтін төрт маманымызды жаратпай тастады. Облыс әкімі де ауданда өткен жиында ауылдың әкімін жергілікті тұрғындар өздері сайлайды. Біздің бұған ешқандай қатысымыз жоқ деген. Бірақ аудан басшыларының әрекетін сайлау арқылы өз адамын тағайындаудың қамын жасап отырғанын аңғару қиын емес, – дейді ауыл тұрғыны Жұлдызай Тыныбаева.

— Президенттің жолдауында айтылған әр ауыл әкімін өзі сайлайды деген әдемі бастамасының быт-шытын шығарып отыр ғой. Неге біз өз ауылымыздан шыққан азаматты әкім етіп сайламаймыз. Неге ауыл әкіміне кандидаттар өзге ауылдан түседі, өз ауылымыздың азаматтары үміткерлер тізімінен сызылып қалады? Біз тізімнен сызылып қалған ауылымыздың тумалары, елдің жағдайын жақсы білетін төрт үміткердің қайсысы болса да қолдаймыз, – дейді Жайлаукүл Мусалиева.

Ал Т.Рысқұлов ауданы аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы  Манарбек Тілепов Көгершін ауылындағы тіркелген 2140 дауыс берушінің 100-і сайлауға келіп, дауыс берсе де әкім сайлауы заңды өткен болып саналып, басым дауыс алған үміткер әкім болады дейді. Сайлауға жаппай келмей қою практикада болған емес. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, «100 сайлаушы дауыс берсе де, есептеледі» деп шорт кесті аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.

Осылайша, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы Абсенттей әйгілі тұлпар шыққан Көгершін ауылынан ауыл әкімі сайлауына лайықты кандидат табылмай, жергілікті тұрғындарға өзге ауылдан келген үміткерлердің бірін сайлаудан басқа амал болмай тұр. 

«Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылды» демекші, Президенттің әп-әдемі бастамасын осылайша Жамбылда жергілікті әкімқаралар ырду-дырду, айқай-шуға айналдырып жіберетін түрі бар.

Тегтер: