Әп деп, әділ сайлау өткізе салса...
«Елдің саясатын өзгерту үшін саясаткерлерді ауыстыру керек», деген екен кеше Франциядағы президент сайлауына түскен үміткерлердің бірі.
Дәл айтыпты. Не ауыспайтын, не өзгермейтін саясаткерлер деген қорлықты Қазақстан әбден көріп келеді. Билікке жаңа тұлғаларды жолатқысы жоқ. Не тіркеліп жатқан жаңа партиялар жоқ, есесіне, Ертісбаев сияқты кешегі жағымпаздар мен бұлбұлдар саяси сахнаға қайтып келіп жатыр.
Тұңғыш президентіміз тек қана өз билігін сақтау, тек өзі мен өзіне жақындардың байлығын сақтап қалуға ғана негізделген жүйе құрып кетіпті. Заң атаулының бәрі, Конституция, президент сайлауы, парламент пен әкімдерді сайлау, сот жүйесі – бәрі-бәрі тек сол билікті мәңгі сақтауды ғана мақсат тұтыпты. Дала демократиясынан түк қалмады.
– Өзі іріген билік елді шірітті. Қазақ халқы өзара бөлінетін болды. Бай мен кедей деп. Көкесі барлар мен түгі жоқтар деп. Айфон ұстағандар мен жайфонға жете алмай жүргендер деп. Әркім өзінше. Халық қатты жіктеліп кетті. Бірақ бұл ескірген, болашағы жоқ билігін Қазақстан қалай да өзгертуі керек. Халыққа енді еш фальсификациясыз, өз қалауымен әділ сайлау өткізу құқығын бермей ме? Уақыт жетті, негізі. Банк жүйесі, сот, атқару, заң шығару жүйесін қайта құру қажет. Өйткені қазір қай саланы алсаң да монополия орнап тұр. Шынайы бәсекелестік қана жаңа өндірістердің ашылуына, жаңа жұмыс орындарының көптеп құрылуына, азық-түлік пен басқаның бағасын тұрақтандыруға әкеледі. Қазаққа, тіпті, заманауи форматпен колхоз бен совхоздарды қайта тірілту керек. Қазіргі қазақ шенеунігі 100-150 мың теңге жалақымен қала сыртында, ауылда екі ай тұрып көрсе ғой. Автобуспен жүрсе, ауруханада жұртпен жағаласып, кезекте тұрса, қажетін іздеп, базар араласа, ә? Сол қара базарда жүрген қалың қазақ мысалы, әлеуметтік желілерге кірмейді, саясаткерлердің сөздерін тыңдамайды. Өйткені олар күнін әрең көріп, қу жанын қалай бағумен бас қатырып, қатты қиналып жүр. Бір айлықтан екіншіге жете алмай, ай сайын кредитін әрең төлеп. Олардың өмірі қиын, көңілі қатты кірбің. Ешбір жақсы болашаққа сенбейді, мына түрімен. Мұның бәріне елдегі сұмдық әлеуметтік теңсіздік, заңдардағы, күнделікті өмірдегі жаппай әділетсіздік себеп еді. Оның бәрін жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деген елдің басты пәлесі еселей түседі тағы. Қазақстанның билігі екіжүзділікті қойып, әп деп әділ сайлау өткізе салып, тыныш қана бере салса, қазақтың өзіне өз елін. Саналы жолмен, үнсіз кете қалса, бір шетке ығысып, ә? Әй, бірақ бұлар бүйтсе, Қазақстан әділетті, дамыған, өркениетті ел болып кетеді екен. Сол үшін шығар, бұлардың барынша, қасарысып бағып отырғаны, – деген екен әлеуметттік желіде Мақсат Аюбай деген қазақ.