Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:23

AP: Ресей Венесуэладан дипломаттар отбасыларын эвакуациялауды бастаған

1
Фото: ашық дереккөз

Associated Press (AP) агенттігінің еуропалық барлау құрылымдарындағы дереккөздеріне сүйенуінше, Ресей Венесуэлада қызмет ететін дипломаттарының отбасы мүшелерін елден әкете бастаған.

Эвакуация процесі 19 желтоқсаннан басталған.

AP сұхбаттастарының айтуынша, Ресей Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері Венесуэладағы ахуалды «өте үмітсіз» деп бағалап отыр. Алайда Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Ведомство өкілдері эвакуация туралы мәлімет «шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеп, дәлел ретінде Венесуэлада тұратын ресейлік азаматтардың балаларына арналған жаңа жылдық мерекелік шарадан фотосуреттерді жариялады.

Бұл оқиғадан бір күн бұрын Иван Хиль Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Каракасты АҚШ-тың қысымы мен венесуэлалық мұнай танкерлеріне қарсы енгізілген блокада жағдайында қолдайтынын жеткізгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Вашингтон ресми Каракасқа экономикалық және саяси қысымды күшейтіп отыр.

Өткен демалыс күндері АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэладан АҚШ аумағына бағытталған наркотрафик толық тоқтатылмайынша, Николас Мадуро үкіметіне қысым жалғаса беретінін айтқан.

2025 жылдың желтоқсанында АҚШ  Венесуэла мұнайын тасымалдап жүрген екі танкерді қолға түсірді. Америка билігінің түсіндіруінше, бұл кемелер Венесуэланың «көлеңкелі флотының» бір бөлігі саналады. Вашингтонның мәлімдеуінше, олар «ұрланған мұнайды контрабандалау» және «Мадуроның наркотеррорлық режимін қаржыландыру» үшін пайдаланылған. Ал 16 желтоқсанда Дональд Трамп Венесуэлаға кіріп-шығатын барлық мұнай танкерлеріне қатысты «толық блокада» енгізу жөнінде бұйрық бергенін хабарлады.

Трамп әкімшілігі Николас Мадуроны легитимді президент ретінде мойындамайды. АҚШ билігі Венесуэла үкіметін наркотрафикпен күресте жеткілікті шара қабылдамай отыр деп айыптап, ел басшылығын наркокартельдермен байланысы бар деп санайды. 

Айта кетейік, 2020 жылы Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде АҚШ Николас Мадуроны «наркотерроризм» айыбымен қамауға алуға көмектескені үшін 15 млн доллар сыйақы белгілеген. 2025 жылдың қаңтарында бұл сома 25 млн долларға, ал тамыз айында 50 млн долларға дейін ұлғайтылды.