Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 25 Шілде 2024

Апат пен Арыз. Ағайынды Нығматулиндер көзге түспейін-ақ дейді...

Нығматулины
Фото: ашық дереккөз

20 шілдеде YDD корпорациясының Қарағанды ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай орын алды. Бірінші пеште кенеттен жалын шығып, нәтижесінде кәсіпорынның 8 қызметкері ауыр жараланды. Кейіннен олардың төртеуі ауруханада көз жұмды.

 Қызметкердің денесінің 70 пайызын күйік шалған. YDD Corporation ЖШС ферроқорытпа зауытының құрылтайшыcы экс-депутат Ерлан Нығматулин. Бұл апат кейінгі уақытта «большой клан», рейдерлікпен айналысты, салықтан жалтарып, ақша тапты» деп айыпталып жүрген Нығматулиндерге жығылғанға жұдырық болды. 2022 жылы Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндер «әне ұсталады, міне ұсталады екен» деп жүргенде Жаңа Қазақстан мен Ескі Қазақстан өкілдері ымыраға келгендей болып, тыншыған. Бірақ 2024 жылдың басынан бастап Нығматулиндер айналасында шу қайтадан көтеріле бастады.

YDD
Фото: YDD корпорациясының баспасөз қызметі

Ағайынды Нығматулиндер зауытындағы апаттар

Бұл апат Нығматулиндердің зауыттарына қатысты алғашқы болып отырған жағдай емес. Бұған дейін де бірнеше зауытта апат болып, салдарынан жұмысшылар қаза тапқан еді. Мысалы, 2022 жылдың маусым айында Нығматулиндерге тиесілі «Қазфосфат» зауытында басына кірпіш құлап бір қызметкері, ал шілде айында осы кәсіпорынның дәнекерлеушісі мен слесары көз жұмды. Тағы да үш адам жарақат алған. Бұл компанияның тарихын қарап отырсаң, қызметкерлерінің денсаулығына зиян келген оқиғалар да аз емес. 2022 жылы шілде айында Тараздағы «Минералды тыңайтқыштар» зауытындағы күкірт қышқылын өндіретін цехта тағы да апат болып, соның салдарынан ауаға күкірт триоксиді тараған. Тараздық тұрғындар уланып, таңертең тамағы ашып, булығып оянған. Осыдан кейін тексеріс жүргізіліп, зауыттың экологияға қатысты өрескел заң бұзып отырғаны анықталды. 5 млн теңге айыппұл салынды. Нығматулиндердің ұлы басқаратын «Қазфосфат» зауытының әлегі мұнымен де бітпеді. Олар аммофос тыңайтқышын жоғары бағамен сатқан. Сөйтіп, 697 млн теңге заңсыз табыс тапқан. Кейіннен зауыт ақшаны мемлекетке қайтарды және клиенттерге аммофосты сату бойынша ескі және жаңа баға арасындағы айырмашылық ретінде 2,8 млрд теңге төледі.

Содан кейін ағайынды Нығматулиндердің жұмысшыларына немқұрайлы қарайтыны да айтылған, соңғы кезде бұл мәселе қайта көтеріле бастады. Олар зауытта жазатайым жарақат алып, денсаулығына зиян келген қызметкерлерге өтемақы төлемей немесе мейлінше аз төлеуге тырысатын көрінеді.

Нығматулиндердің рейдерлік ісі

Нұрлан Нығматулин бір кездері өзін Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі екінші адамдай ұстады. 30-ға толмай мемлекет ісіне араласып, қызметте үздіксіз өсіп отырды. Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қарағанды қаласының әкімі сынды қызметтерді атқарды, 8 жылға жуық мәжілісті басқарды. Осы қызметінде үкімет мүшелеріне зекіп ұрысатын әдетімен есте қалды. Нұрлан шенеунік атанғасын егізі Ерлан Нығматулин де 1999 жылы бір ЖШС-ның директоры болып жүрген жерінен бірден мәжіліс депутаты болып келе қалды. Содан бастап ол да депутаттыққа бірнеше рет сайланды. Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2015 жылы ғана мемлекеттік қызметтен қол үзді. Ал Нұрлан Нығматулин Қаңтар оқиғасынан кейін ғана өз еркімен мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Көп өтпей ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев БАҚ-қа берген сұхбатында Нұрлан Нығматулинді елдегі жаппай тәртіпсіздікке қатысы болуы мүмкін деген еді. Бірақ бас прокуратура «Мәжілістің бұрынғы спикері Нығматулинге қарсы қылмыстық іс жоқ» деп мәлімдеді.

Нұрлан Нығматулиннің қазір қайда жүргені белгісіз. Тіпті экс-президент інісіне арнап ас берген кезінде де келген жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін оның дүние-мүлкін сатып, Англияға кетіп қалды деген ақпарат тарады. Кейін ол өзін елдемін деген хабар таратты. Бірақ наурыз айында депутат Ермұрат Бапи Нығматулиндерге қатысты айта келіп: «Ол неге елде емес, неге шетелде жүр? Қазақстаннан кетіп қалатындай не істеді? Кейінгі уақытта оны ақтау науқаны басталып кеткен сияқты» деді. Бауыры Ерлан Нығматулиннің де шетелге кетіп қалғаны туралы жиі айтылып қалып жүрді.

Мұның бір себебі – олардың рейдерлікке қатысы туралы әңгіменің тарауы еді. Тіпті Қаңтар оқиғасынан кейін журналист Арман Шораев елдегі энергия тапшылығының себебі майнингпен айналысып отырған Нығматулиндер кланының кесірі деп мәлімдеді. Дәл сол жылы тамызда ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ағайынды Нығматулиндерге қатысты жемқорлық фактісі бойынша тергеу басталғанын растады. Көп өтпей Ерлан Нығматулиннің ұсталғаны туралы бейресми хабар да тарады. Сол-ақ екен, олардың рейдерлікке қатысы барын айтып, бірнеше кәсіпкер арызданды.

Қуат Сұлтанбеков
Қуат Сұлтанбеков. Фото: bureau.kz

Кәсіпкерлер шынымен жапа шекті ме, әлде олар алаяқ па?

Нығматулиндерге қатысты ең көп аты аталатын бизнесмен – Қуат Сұлтанбеков. Ол Қарағанды ​​облысының тумасы. 2006-2012 жылдар аралығында Қарағанды ​​облысы Балқаш қаласының кәсіпкерлер қауымдастығын басқарды. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ол қылмыстық авторитеттер арасында «Балқаш мысығы» лақап атымен белгілі екен. 1983 жылы сотталған. Жазасын өтеген соң Балқаш жағалауында дүкендер мен демалыс орындарына иелік етіп, кәсіпкер болған. Сұлтанбековті 2012 жылы заңсыз қару алып жүрді деп 3 жыл 6 айға соттады. Кәсіпкердің өзі: «Бизнесімді тартып алу үшін Нығматулиндер мені қамады» деп айтты. Кәсіпкердің жазасы жыл өткен сайын ұзарып, соңында 21 жыл жаза кесілді. Тек 2023 жылдың қаңтарында ғана толық ақталып шықты.

Сұлтанбековке қатысты Балқаш қаласының тұрғыны Аркадий Петроченко да 6 жылға сотталып кеткен. Ол былтыр қазан айында «Нығматулиндердің кесірінен жазықсыз сотталдым» деп мәлімдеді. Аркадийдің айтуынша, ол 2014 жылдары «Шаңырақ» жылжымайтын мүлік агенттігінде жұмыс істеген. Құжатқа байланысты Сұлтанбековтердің бірнеше жұмысын бітіріп берген. Содан кейін полиция оны шақырып, Сұлтанбековтің ісіне қатысты куәлік беруді сұраған. Бірақ ол қарсы болған. Дәл сол уақыттан бастап оның өмірі күрт өзгерген. Бір күнде үйіне тінту жүргізіліп, тапанша, анаша және граната табылып, 6 жылға сотталған. Кейіннен түрмеде жатқанда Нығматулиндердің адамдары 2 ай қинап, тағы да қарсы куәлік беруді сұрапты. Бірақ Аркадий көнбеген. Содан соң 6 жылдың үстіне тағы да 11 ай қосып алған. Аркадий 2018 жылы түрмеден шыққан. Ол бірден Нығматулиндерге қарсы арыз жазғанымен, оның сөзін ешкім тыңдамай қойыпты.

Алексей Лукьянченко
Алексей Лукьянченко. Фото: Видеодан скриншот

Нығматулиндерді айыптайтындардың тағы бірі – Балқаш көлі жағалауындағы «Океан» қонақ үй кешенінің негізін қалаушы кәсіпкер Алексей Лукьянченко. Ол биыл наурыз айында Нығматулиндер тарапынан әлі де рейдерлікке ұшырап келе жатқанын мәлімдеді. Кәсіпкердің айтуынша, 2015 жылы «Океан» қонақ үйін 150 млн теңгеге салып бастаған. Сол кезде ешқандай мәселе туындамаған. «Алакөл» бассейнінің инспекторы Сәбира Қоянбаева үнемі келіп, кейбір істе көмек көрсетіп тұрған. Бар проблема үш қабатты қонақ үй біткесін басталған. Қоянбаева әртүрлі қысым көрсете бастапты. Кәсіпкер өз мәлімдемесінде, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының аталған қызметкерін Нығматулиннің адамы деп атады. Кәсіпкердің айтуынша, әлі де Қарағандыда Нығматулиндердің билігі жүріп тұр.

«Қонақ үйді тартып алу үшін әдейі ғимаратты бітіруге рұқсат берді. Егер заңбұзушылық болса маған келіп жүрген Сәбира Рахманқызы бірден байқайтын еді. Бұл Ерлан Зайруллаұлы мен оның командасының жұмысы. Өйткені Қарағандыда оның рұқсатынсыз ешкім ештеңе істей алмайды», – деді кәсіпкер ҚазТаг-Youtube каналына берген сұхбатында.

Қазір кәсіпкер Сұлтанбеков сынды 20 жылға сотталсам да бәрібір, Нығматулиндердің үстінен мен берген арыз бойынша рейдерлікке қатысты қылмыстық іс қозғалуы керек деп есептейді.

Нығматулиндердің рейдерлігіне қатысты оқиға мұнымен бітпейді. Мысалы, 2024 жылдың басында да кәсіпкер Талғат Ақуов президент Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, бизнесін тартып алған Нұрлан, Ерлан және Арғын Нығматулиндер үстінен қылмыстық істің қозғалуын бақылауға алуын сұрады.

Кәсіпкер 6 жыл 8 ай түрмеде отырғанын және өзінің қудалауын Нығматулиндер көрсеткен рейдерлік шабуылмен байланыстырады. Оның айтуынша, ағайынды Нығматулиндер «қызметтік жағдайын, әкімшілік ресурсын пайдаланып, Қарағанды ​​облысының құқық қорғау және сот жүйесіне ықпал етіп, рейдерлік жолмен «Тасбұлақ» демалыс үйін тартып алған. Соның кесірінен 200 адам жұмысынан айырылған.

Кәсіпкер өз басынан өткен оқиғаларды мысалға ала отырып ағайынды Нығматулиндердің рейдерлік схемасын былай түсіндіреді: Ағайынды Нығматулиндер қылмыстық топ құрып, бөтен бизнесті басып алу мақсатында банк құрылымын, атап айтқанда, «Еуразиялық» банкті пайдаланатын болған. Банк арқылы тартып алған мүлікті аукционға қойып, қайтадан өздері сатып алған. Мысалы, Ақуов 2011 жылы бизнесті қолдайтын мемлекеттік бағдарлама арқылы «Еуразиялық банк» АҚ-сынан Қарқаралы қаласындағы «Тасбұлақ» демалыс үйін кепілге қойып, «Тасбұлақ» ЖШС компаниясына жеті жыл мерзімге несие алады. Арадан 2 жыл өткесін, Қарағанды ​​экология басқармасының қызметкерлері «Тасбұлақ» компаниясына 36 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Кәсіпкердің айтуынша, 40 жылдан астам уақыт бойы облыстық экология қызметкерлері «Тасбұлақ» демалыс үйіне бірде-бір рет келмеген. Содан кейін сот «Тасбұлақ» демалыс үйінің шотын бұғаттап, Ақуовқа несиені төлеуге мүмкіндік бермеген. Нәтижесінде, «Еуразиялық» банк демалыс үйін алып, аукционға қойып, оны Нығматулиндер қайта сатып алған.

Талғат Ақуов Нығматулиндерді саяси аренаға қайта оралтуға болмайтынын айтады. Себебі мұндай адамдар билікке қайта келсе, тек халық зардап шегеді.

P.S. Біз жазып отырған мәліметтер Нығматулиндерге қатысты оқиғалардың бір парасы ғана. Әзірге істің немен бітетіні белгісіз. Нығматулиндер, Сатыбалды, Мәсімовтер секілді темір торға түсе ме немесе Боранбаевтар сынды байлығының бір бөлігін беріп бостандықта жүре бере ме, ол жағы белгісіз. Бір анығы, «на дно» кеткен көптеген ескіқазақстандықтар сияқты ағайынды Нығматулиндер қазір барынша көзге түспеуге тырысады. Бірақ іргесі шайқала бастаған кәсіпорнындағы мына бір апат пен бірінен кейін бірі бой көрсете бастаған арыздар тыныштық бере қоймайтын сияқты...

Айтпақшы, «Жас Алаш» ағайынды Нығматулиндердің бизнестері туралы зерттеу жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта «Капитал» айдарынан оқи аласыздар. 

Тұрсынбек БАШАР